Бұл жолдың мән-маңызы ерекше

Наурыз Саятұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы жолдауында «Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр»,-деп атап өтті. Өзіңіз де осы көлік құрылымын қолға алу керектігі туралы арнайы депутаттық сауал да жолдадыңыз. Ендігі жерде мәселе қалай болмақ? Көлік инфрақұрылымын дамыту қаншалықты тиімді болмақ, және қай өңірлерге көлік инфрақұрылымы бағытталуы тиіс деп ойлайсыз?

Президенттің бұл жолдауын естігенде шын қуандым. Жолдаудың төртінші тармағында Көлік-логистиканы одан әрі дамыту керектігі туралы нақты бағдар жүктелді. Менің ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретіндегі осы жылғы халықпен кездесуім Жетісу облысында болды. Шынын айту керек өңірде көлік логистикасы көңілден шықпайды. Тіпті темір жолмен жолаушылар тасымалының мәселесі өте өткір болып тұр. Жаңа өзіңіз айтқандай бұл туралы осы көктемде Үкіметке жолдаған депутаттық сауалымда егжей-тегжейлі баяндадым. Жетісулық тұрғындардың бар арманы теміржол бағытын жөнге келтіру. Мен үнемі осы өңірге жасаған сапарларымның барысында жұрт темір жолдың мәселесін айтып келеді. Одан бөлік біздің ЖСДП фракциясына да бірнеше рет халық жүгінген болатын. Осы жолғы депутаттық сапарымның барысында мәселені көзіммен барып көріп, арнайы зертдедім десем де болады. Ия, расын айтқанда халық үшін шойын жол аса маңызды көлік құралы болып отыр. Талдықорған қаласы оның арғы жағындағы Текелі қаласына дейін тартылған темір жол желісі бар. Тек сол жолмен бүгінде тек жүк қана тасымалданып отыр. Жолаушылар орталыққа автобуспен не таксимен қатынап жүр.

Бұл мәселе бойынша арнайы депутаттық сауал жолдағаныңызды айттыңыз. Үкіметтен қандай да бір жауап болдыма?

Ия, жауап болды. Бірақ ҚР Көлік министрлігінің жауабына қанағаттанбадым. Әдеттегідей сырғытпа жауап келді.
Жетісу облысына барып, халықпен кездескен шақта тұрғындар «Сарыарқа – Жетісу» бағыты бойынша теміржол маршрутын іске қосуды айтты. Тіпті халық аталмыш темір жол қатынасын жолға қойылуды талап етуде. Мен де бұл бағытты аса маңызды деп ойлаймын. Сонымен бірге сапарымның барысында өңірдегі темір жолдардың бойында тұратын елді мекендерді аралап, қала тұрғындарымен кездестім. Елдің бәрі болашақта Жетісудан тікелей Астанаға баратын жүрдек поезд торабы іске қосылса деген ниетте отыр. Бұл біздің әлеуетімізді арттырып, алыс-берісімізді жақсартар еді –дейді тұрғындар. Шындығында солай. Жолдауда Президентіміз дәл осы біз айтып отырған темір жол бағытын іске қосуды меңзегендей болды. Не дегенмен де халықтың тілегі жоғары деңгейде назарға алынды.

Қазір елеміздің түрлі өңірлерінде үкіметтің тапсырмасымен үлкенді-кішілі темір жол бекеттері мен вокзалдары қайта жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Бұл тізімде Жетісулық вокзалдар да бар болар?

Ия мемлекеттік жоба негізінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың ішінде жер жәннаты Жетісу да бар. Облыстың орталығы Талдықорған қаласындағы темір жол вогзалы осы жылдың күз айларының соңына дейін қолданысқа берілмекші. Бұған дейін тек жүк вагондарын қабылдап үйреніп қалған вогзал алдағы күндері жолаушыларды да қабылдап, қызмет көрсетіле бастамақшы. Жұмысты кестеге сай қабылдайтынын жеткізді, жергіллікті мердігерлер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу», атты Қазақстан халқына Жолдауында, «Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын

«Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Жобаны өз күшімізбен өте қысқа мерзім ішінде жүзеге асырдық. Бұл жолдың мән-маңызы ерекше, себебі «Шығыс – Батыс» бағытының жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады», - деді.

«Достық – Мойынты» темір жол дәлізінің екінші желісі іске қолысуы өңірдің туризым және аграрлық саласын дамытады деген үміттеміз. Ал осы дәліз арқылы болашақта Текелі – Қарабұлақ – Көксу – Үштөбе – Матай – Лепсі – Ақтоғай – Саяқ – Балқаш – Мойынты – Ақадыр – Қарағанды – Астана – Бурабай желісі арқылы еліміздің екі бірдей туристік өңірін бір-бірімен байланыстыратын нағыз ірі торап болса деп армандайды жетісулық қалың жұрт.

Халықтың тілегі орындалады деген үміт басым. Егер бұл жұмыс қолға алынатын болса шынымен тиімді болары анық. Біз және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия депутаттары да халықтың тілегін жерге тастамай, барынша ел тілегінің орындалуын талап етеміз және осы бастамалы бағыт бойынша жұмыс өз жалғасын таба бермек.

Сұхбатыңызға рақмет;

Әңгімелескен, Бердібек Қабай