
Ауызсу адамның өмір сүруі үшін ең қажетті игіліктің бірі болып табылады. Алайда, 2025 жылға аяқ бассақ та Достықта әлі ауыз су жоқ.
Қазақстанның кейбір ауылдарында бұл ауыз су мәселе болып көтерілгелі қашан? Солардың бірі — Абай облысы, Жаңасемей ауданына небары 35 шақырым жерде орналасқан Достық ауылы.
2021 жылы басталған ауызсумен қамту жобасын ұтып алған мердігер ұйымының жауапсыздығынан ауылға тартылатын су құбыры толық аяқталмай қалғаны ауылдықтарға құпия емес. Дей тұрғанмен, бұл мәселе халықтың төзімін таусып бітті. Күні бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан су жүйесі, “баяғы жартас - сол жартас, жыл өтсе де мызғымастыңˮ,- кебін киюде.
Осы жағдайдың мән-жайын білу үшін 2024 жылы шілде айында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Асхат Рахимжанов пен ЖСДП Абай облыстық филиалының өкілдері Достық ауылына арнайы барып, аяқталмаған жобаның барысын өз көздерімен көріп қайтты. Сапар кезінде жергілікті атқарушы органдар жобаның 2025 жылы аяқталатындығына халықтың көзінше тұрып сөз берген болатын.
Берілген уәденің орындалғанына көз жеткізу мақсатында 2025 жылдың 6 мамырында ЖСДП Абай облыстық филиал белсенділері ауылға тағы да барып, ауыл әкімі Жарлікенов Нүркен Хұсатайұлы мен және ауыл тұрғындарымен кездесті. Өкініштісі сол жағдай бәз баяғы қалпы. Ешқандай ілгерілемеген. Жағдайды зерделеу кезінде керісінше халықтың ахуалы одан сайын мүшкіл күйге түскенін байқады. Атап айтсақ: 50-ден астам терең шұңқырлар мен люктардың қақпағы жоғалып беті ашық күйде қалған. Оған қоса жергілікті ауыл ішінен қазылған құдықтардың суының ащы болып кетуі, балаларға арнап салынған ойын алаңының сапасыздығынан қирап қалуы да ауыл халқының ашуын туғызып отырған көрінеді.
Достық ауылындағы жағдай тек бір елді мекеннің мәселесі емес, бұл — жүйелі бақылаудың, орындалмаған уәделер мен жауапсыз мердігерлердің жұмысының салдары. Тұрғындар әлі де нақты әрекет пен әділ шешім күтіп отыр.
Қоғамдық бақылаудың маңызы
ОСДП белсенділерінің бұл сапары тек ауыл жағдайымен танысу емес, сонымен бірге қоғамдық бақылаудың пәрменділігін көрсетуды көздеді. Осындай партиялық және азаматтық бақылау болмаса, мұндай мәселелер тасада қалып, жылдар бойы шешілмей келуі мүмкін. Ауыл тұрындары ішетін суды колонкадан тасиды. Колонканың орналасқан жері ауылдың сыртында. Ауылда су құбыры тартылады деген уәделері төрт жылға созылып келеді. Су құбырына қазылған шұңқыр осы уақытқа дейн ашық жатыр. Бүгінде ордың жан-жағы құлап, ішіне қоқыс толып қалған. Жыл сайын тендрге қатыстық, ұтып алдық, мәселені шешеміз, су құбырын жүргіземіз, таза су болады деп, уәде берген мердігер ұйымның да сөзінде пәтуә қалмаған. Қанша тұрғын ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Достық ауылының бұл жағдайы кімнен сұралмақ. Жауап таба алмай отырған ауыл тұрғындары ауыз су мәселесі шешіледі, құбыр тартылып, таза су ішеміз-ау деп күні бүгінге дейін үмітін үзбеуде. ЖСДП Абай облыстық филиалы бұл жағдайды жіті бақылауда ұстап тиісті органдардан шұғыл шаралар қабылдауды, мемлекеттік бақылауды күшейтуді, қаржыландыру мен орындалуға нақты жауыптыларды анықтауды талап етіп отыр.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы