Атырау қаласын көгалдандыру жобасы 2019 жылы Атырау облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және «Каспийдормостострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (КДМС) арасында бес жыл мерзімге жасалған үшжақты келісімшарт аясында іске асырыла бастады. Жобаның жалпы құны – 4,69 млрд теңге.
Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін, 2024–2026 жылдарға арналған жаңа келісім негізінде КДМС Атырау қаласының аумағында көгалдандыру жұмыстарын 2,3 млрд теңгеге жалғастыруда.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Атырау облыстық филиалы тұрғындар өтінішіне сәйкес, 2023 жылдың тамыз айынан бастап осы жобаға жауапты КДМС мекемесінің жұмысына қатысты мәселелерді тұрақты көтеріп келеді. Осы уақыт аралығында партия филиалы қоғамдық тыңдау ұйымдастырып, тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын КДМС өкілдеріне және жергілікті атқарушы органдарға жеткізді. Мемлекеттік органдарға 33 ресми хат жолданды.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Нұрайнаш Камалованың бастамасымен бұл мәселе 2023 жылдың қараша айында Атырау облыстық Қоғамдық кеңесте қаралды. Кеңес қорытындысы бойынша КДМС компаниясымен жасалған келісімшартқа нақты өзгерістер енгізіліп, көпқабатты үйлердің ауласында атқарылған жұмыстарды сол үйге қызмет көрсететін сервистік компанияның мөрі мен қолымен, ал ондай мекемесі жоқ үйлерде тұрғындардың қолымен растау міндеттелді.
Осы шешімнен кейін ЖСДП Атырау облыстық филиалы «Атырауды жасылдандыру – ортақ іс!» атты сараптамалық кездесу ұйымдастырып, көгалдандыру жұмыстарының сапасы мен тиімділігін арттыру жолдарын талқылады.
Кездесуге Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің «Абаттандыру және көгалдандыру» секторының бас маманы М.Саламатов, КДМС учаске басшысы Қ.Нуркиев, сервистік компаниялар басшылары мен қала тұрғындары қатысты. Көппәтерлі үйлерге қызмет көрсететін мекемелердің өкілдері КДМС-тің жұмысын күту уақыты ұзаққа созылатынын айтып, нақты жоспар негізінде жұмыс ұйымдастыруды ұсынды. «Найзар» пәтер иелері кооперативінің (ПИК) төрайымы А.Шеркешбаева ағаш кесу жөнінде өтінім бергелі 4 жыл өтсе де, нәтиже жоқ екенін айтты. Ал «Авангард» ПИК төрағасы И.Кабидуллин зиянкестерден қорғау жұмыстарының алдын ала хабарлануын сұрады.
«КС-Бытсервис» ЖШС директоры Ш.Тоқсейітова мен «Авангард-Ануар» ЖШС басшысы Л.Шароватова КДМС жұмысына қанағаттанбайтындарын айтып, қала әкімдігіне түскен өтінімдер негізінде ай сайын жұмыс кестесі жасалуы тиіс деген ұсыныс білдірді. Кездесуге қатысқан М.Саламатов пен Қ.Нуркиев айтылған пікірлер мен ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Н.Камалова: «Мемлекеттен бөлінген қаражат халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Бұл үшін жұмыстың ашықтығы, нақты жоспары және есептілігі болуы қажет. Қазіргі таңда көпқабатты үйлердің аулаларында атқарылатын жұмыстардың жоспары жарияланбайды, ал тұрғындардан түскен өтініштер ескерусіз қалады. Біз бұл мәселені қала әкіміне жеткізіп, бақылауға аламыз»,* – деп қорытындылады.
Кездесу соңында қатысушылар Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешімдер ұсынатыны үшін алғыс білдірді.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметі