
Қызылорданың дәл жүрегінде орналасқанымен, уақыт ағысына ілесе алмай отырған бір шағын аудан бар. Ол – «Арай-Шұғыла» мөлтек ауданы. Халық арасында «Остров» деген атауға ие болған бұл аудан кезінде бау-бақшалы, көл жағасындағы тыныш оазис іспетті еді. Бүгінде осы бір табиғи әсемдік – күл-қоқысқа толған, инфрақұрылымнан кенде қалған аумаққа айналып отыр. Қаланың тіршілігі қарқын алып, сәулеті мен келбеті жаңарып жатқан шақта бұл аумақтың сәулетті өркениетке ілесе алмай қалып қоюы тұрғындарды шынымен алаңдатып отыр.
Қараңғы түсе болды, бұл маңдағы көшелер қара түнекке айналады. Мұнда тіпті жарық бағаналары да жоқ. Жолдардың көбі – асфальтсыз, ойлы шұңқыр. Мұнда тұратын тұрғындар үшін көшеде жүру мұң. Балалар мектепке лай-батпақты кешіп барады, егде жастағы кісілер кешкі уақытта сыртқа шығудан тартынады. Одан қалды қаңғыбас иттерде осы жерді мекенге айналдырған. Әлдеқандай оқыс жағдайлардан қауіптенетін тұрғындар үшін қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр. Ал қоғамдық көлік, жедел-жәрдем, такси қызметі үшін бұл аумаққа бағыт алуы қиямет. Жолды былай қойғанда үй адрестерінің ретсіздігі үлкен қиындық тудырады.
Ширек ғасырдан бері осы маңда тұратын зейнеткер Жанқожа Тәшпеновтің айтуынша, көшелерде нақты атау мен реттік жүйе жоқ. – Мысалы мұнда бір үй 145 болса оның көршісі 14 деп тіркелген. Мұндай жүйесіздік жедел қызметтердің келуіне кедергі. Ал балаларға арналған ойын алаңы – тұрғындардың көптен күткен арманына айналған, – дейді ақсақал.
Шағын аудан тұрғындары бұл проблемаларды осыған дейін де көтерген. Қазіргі әкімнен бөлек қаланың алдыңғы 3 әкімінің алдарына кіріп, бірнеше рет айтқан. Бірақ әкімдік тарапынан жобалар жасалып, қаржыландыруға ұсыныс берілгені айтылғанымен, нақты нәтижелерге жету тым ұзаққа созылып бара жатқанына жұрт наразы.
Мұндағы келесі мәселе, шағын аудандағы көл айдынының ластануы болып отыр. Аудан аумағындағы шағын көл бұрын тұрғындар үшін табиғаттың сыйы саналған. Қазір оның айналасы қоқысқа толып, санитарлық талаптарға сай келмей тұр. Тұрғындар көлдің ресми түрде жекеменшікке өткенін айтып отыр. Бірақ айдынның қоғамдық кеңістік ретіндегі табиғи құндылығы сақталуы тиіс екенін алға тартқан белсенділер меншік иесінен болмағанда жағалауды ретке келтіруді сұрап әлек болып жүрген көрінеді. Табиғи орта мен экологиялық қауіпсіздік – қаланың тұрақты дамуы үшін маңызды. Бұл жерді абаттандырып, қауіпсіз, ашық демалыс орнына айналдыру – тұрғындардың орынды талабы екені айтпаса да түсінікті.
Сондай-ақ, мөлтек ауданда әлеуметтік маңызы бар дүкендердің болмауы да қолайсыздық болып отыр. Қала орталығында орналасса да, қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмекті сатып алу үшін тұрғындар алысқа қатынауға мәжбүр. Әлеуметтік осал топтағылар үшін мұндай жағдай қосымша салмақ. Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына осы бағытта ұсыныс айтылды. Дегенмен, ол үшін қалалық жер бөлімі мәселені ескеріп, әлеуметтік дүкен салуға арналған жер телімін беру керек екен.
Бұл аумақтағы тағы бір өзекті мәселе – көшелердің бірдей атаумен тіркелуі. Бүкіл мөлтек аудан “Арай-Шұғыла” атауын иеленгенімен, жоғарыда айтқандай нақты көше атаулары мен реттік нөмірлерде бірізділік жоқ. Бұл – құқықтық тіркеу мен мекенжай нақтылығын қажет ететін маңызды мәселе. Оны жүйелі шешу мемлекеттік қызметтердің тиімділігі үшін де қажет. Сондықтан қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне осы мәселені реттеуді ұсындық.
Аталған мәселелерді талқылауға тұрғындар өтінішімен сала мамандарын шақырып кеңес өткізген Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы әрі облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков нақты шешім жолдарын қарастыру керегін айтты. Көтерілген мәселелер қатарында – жарық тарту, жол салу, балалар алаңын орнату, көше атауларын нақтылау, әлеуметтік дүкендер ашу, көл маңын абаттандыру, қауіпсіздік үшін бейне бақылау орнату және қаңғыбас иттер мәселелері сөз болды.
Партия бұл ұсыныстарды жинақтап, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, тиісті мекемелерге жолдап, нәтижесін халыққа жеткізетін болады. Кездесуге шақырылған қалалық ТҮКШ бөлімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандары бірқатар инфрақұрылымдық жобалар қолға алынатыны, соның ішінде аудандағы 7 көшеге жарық шамдар орнату бойынша құжаттар дайындалып жатқаны хабарланды.
– «Арай Остров» аталып кеткен ауданда биыл мектепке апаратын 4 көшеге жоба әзірленіп, қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды. Одан басқа жарық шамдарын орнату үшін жоба әзірлейміз. Тұрғындардың ұсыныстары ескеріледі. Сол бойынша жұмыс істейміз, - қалалық әкімдіктен келген маман Әділ Тәжібаев.
Арайлықтардың көтеріп отырған мәселелері – тек бір ауданның емес, тұтас қаланың әлеуметтік саласын айқындайтын көрсеткіш. Қаланың дамуы орталық көшелермен ғана өлшенбейді. Нағыз сапалы қала – әр бұрышында жайлы өмір сүретін тұрғындарымен бағаланады. Ал қазіргі таңда «Арай-Шұғыла» мөлтек ауданы – қаланың осы бағыттағы жұмысының әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.
Халықтың сабырына селкеу түсірмей, сенімін ақтау жергілікті биліктің басты қызметі болу керек. Қарапайым қажеттіліктерге жауап беретін нақты шешімдер ғана осы үннің жаңғырып, болашаққа жол ашатынын көрсетеді.
Ердәулет Сәрсенұлы, ЖСДП ҚОФ хатшысы