Кандидаттарымыз ресми түрде тіркелді

Кеше, 2026 жылдың 16 шілдесі күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің жетекшілігімен 2026 жылғы 23 тамызға белгіленген ҚР Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысу үшін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының партиялық тізімін ресми түрде тіркеді. Ал бүгін ЖСДП орталық аппаратында кандидаттарға куәліктер салтанатты түрде табысталды.

Партиялық тізімге 33 кандидат енгізілді. Олардың барлығы ҚР Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексерістен өтіп, ешқандай ескертусіз тіркелді.

Барлығы 33 кандидаттың 14-і – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтар есебінде. Бұл партиялық тізімнің 30 пайызынан астамын құрайды.

Тағы бір маңызды жайт: ЖСДП 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында сайлаушылардың 5 пайыздан астамының қолдауына ие болғандықтан, сайлау жарнасын төлеуден босатылды. Бұл – уәдемен емес, нақты іспен қалыптасқан халық сенімінің көрсеткіші.

Кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды. Енді осы сәттен бастап бұл жай ғана қағаздағы тізім емес, әрбір сайлаушының сенімі мен әрбір дауыс үшін күресуге дайын біртұтас команда.

Таңдаймыз! Бақылаймыз! Талап етеміз!