Бүгінгі таңда еліміздегі саяси реформалар мен конституциялық өзгерістер қоғамды үлкен үмітке жетелеп отыр. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) еліміздегі конституциялық реформаларды тек қолдап қана қоймай, оның сапалы іске асуына атсалысуда. Осы орайда, Абай облыстық партия филиалының төрағасы Рүстем Сармановтың ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Отырыс барысында Конституциялық реформалардың қағаз бетінде ғана емес, іс жүзінде қалай жүзеге асып жатқаны талқыланды. ЖСДП мүшелері мен қоғам белсенділері елдегі реформалардың бағытын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» қолдайтындықтарын жеткізді.
Партия төрағасы; «ЖСДП үшін Конституция — мемлекеттің алтын діңгегі, ал оған енгізілген өзгерістер - халықтың әлеуметтік әділдікке деген шөлін басатын маңызды қадам. Партия ретінде бұл реформаларды толық қолдаймыз. Себебі, бұл өзгерістердің өзегінде қарапайым адамның мүддесі тұр. Абай облысының жұртшылығы да бұл жаңалықтарды жылы қабылдап, ертеңгі күнге зор сеніммен қарап отыр», - деді.
Сонымен қатар партиялық әйелдер қауымдастығы жастар қанатының мүшесі Аида Есетова:
«Конституциялық реформа – Қазақстан үшін жаңа кезеңнің бастауы, қоғам мен мемлекеттің ортақ болашағын қалыптастыратын маңызды стратегиялық құжат. Ата Заңның әрбір бабында біздің құқығымыз бен бостандығымыз, балаларымыздың ертеңі жатыр. Сондықтан бейжай қалмай, ортақ талқылауға қатысып және алдағы референдумда өз таңдауымызды жасайық. Ел болашағын бірге қалайық!» - деп өз ойын айтты.
Дөңгелек үстелдің түйіні ретінде ЖСДП Абай облыстық филиалы барша отандастарымызды маңызды саяси науқанға белсене қатысуға шақырады. Отырыс қатысушылары атап өткендей, реформалардың тағдыры әрбір азаматтың таңдауына тікелей байланысты. Біз Абай облысының тұрғындарын және барлық қазақстандықтарды 15 наурыз күні өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырамыз! Бұл - «қол қусырып қарап отыратын» сәт емес. Ел ертеңіне салғырт қарамай, әділетті Қазақстанды бірге құру үшін таңдау жасау, әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Дауыс беру арқылы біз болашағымыздың темірқазығын нықтаймыз.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облыстық филиалы Хозаев К.Н.