Елордада Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) ұйымдастыруымен «Қазақстан социал-демократтарының жиыны» өтті. Жиынның басты тақырыбы «Жаңа Конституцияны жүзеге асыру мен өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу» болды.
Іс-шара маңызды кезеңде – жалпыұлттық референдумнан кейін шамамен екі апта өткен соң өткізіліп отыр. Жиынға қатысушылар қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ЖСДП өңірлік филиал жетекшілері, партия үзеңгілестері, сарапшылар және социал-демократтар болды. Қатысушылар атап өткендей, Ата заңға енгізілген өзгерістер – мемлекеттің жаңғыру жолындағы ауқымды жұмыстың бастамасы ғана. Жиын ерекше символикалық үрдіспен басталды. Жиналғандардың барлығы бірдей мәжіліс залына аппақ раушан гүлдерін ұстап кірді. Бір сәтте ақ гүлдерді аспанға көтеріп, ұрандатты. Ақ раушан әлемдік социал-демократтар үшін ерекше маңызға ие. Ал ЖСДП үшін ақ раушан әрдайым бірліктің мәнін білдіреді.
Бұдан соң негізгі баяндамашы Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) төрағасының орынбасары Тазабек Самбетбай ортада тұрып, келушілерді құттықтады. Ол өз баяндамасының тақырыбын «Жаңа Конституция! Социал-демократтардың жаңа мақсаттары мен міндеттері», – деп алып, партия бағдарламасындағы міндеттер мен болашақта жүзеге асырылғалы отырған жаңа бағдарламаның бағыт-бағдарына нақтылы тоқталып өтті.
«Бүгін біз өте маңызды жиында басымызды қосып отырмыз. Біз Қазақстанның қазіргі даму кезеңін социал-демократиялық көзқарас тұрғысынан бағалауымыз қажет. ЖСДП әрдайым халықтың мүддесін қорғауды мақсат етеді. Қарапайым сөзбен айтқанда, қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласында әділет принципін енгізуді көздейді», – деді. Одан бөлек партия төрағасының орынбасары өз ұсыныстарының қазіргі жаңа Конституцияда көрініс тапқанын айтып өтті. «Енді біз өз ұстанымдарымыздың ең жоғары кезеңге жеткенін көріп, қуанып отырмыз. Бұл қуаныш Жалпыұлттық референдум арқылы жаңа Конституцияның қабылдануы деп нақты айтар едім. Конституцияда ЖСДП ұсыныстарының көрініс тапты. Ең бастысы, елдің даму бағыты біздің партия ұстанымдарымен үндесіп отыр. Мұндай ұқсастықтар бұдан әрі де бола беретіні анық. Сондықтан бүгін, осындай тарихи жетістіктің кезеңінде, бізге жаңа қоғамдық-саяси жағдайларда ЖСДП міндеттері туралы сөз қозғау аса қажет. Осыған сай біз ең алдымен партияның жаңа бағдарламасын талқылап алуымыз қажет», – деді.
Рас. Ендігі жерде партия жаңа бағдарлама мен жаңа жоспар негізінде жұмыс істеуге міндетті. Себебі бұған дейінгі ұсыныстар мен талаптар мүддеден шығып, Ата Заңнан көрініс тауып отыр. Одан бөлек, Тазабек Сәметбай айтқандай, партияның қазіргі қолданыстағы бағдарламасы мүлде басқа жүйе үдерісінде, мемлекеттік құрылым жүйесі кезінде жазылғаны анық. Сондықтан партия төрағасының орынбасары мәселені өте орынды қозғап отыр.
Жер халықтікі
Келесі өте ауқымды тақырыпты қозғаған ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов болды. Ол «Жаңа Конституция – жеке қосалқы шаруашылық пен агроөнеркәсіп кешенін дамыту құралы», – тақырыбында бірнеше күрделі мәселені ортаға тастай отырып, олардың шешімінің барысы жөніндегі ұсыныстарын да баяндады.
«Жаңа Конституцияның 8-бабы 3-тармағында: Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі», – деп нақты көрсетіп отыр. Біз аталмыш бапты ерекше түрде нақтылай отырып, өз ұстанымдарымыздың негізінде бұдан былай да жұмыс жасайтын боламыз. Партиямыздың жетекшілері мен үзеңгілестері жер мәселесімен түбегейлі айналысып келе жатыр. Әсіресе пай иелерінің басындағы шиеленіске толы жағдайды шешуге бар күшімізді жұмсап отырмыз», – деді. Мақсұт Бейбітұлының айтуынша, осы іспен айналысқанына толық 10 жыл болған. 10 жылда 10 облысқа барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, жағдайды зерделеген екен. «10 жылда: аграрлық секторды реформалаудың нақты шешімдерін ұсындық; Үкіметке депутаттық сауалдар жолдадық; шартты жер үлестері туралы заң жобасына бастамашылық жасадық; Ауыл шаруашылығы министрлігіне жер үлестері мен жайылым мәселелері бойынша хаттар жолдадық; “Қазақстан пайшылар реестрін” құрдық. Мұндай реестр қазір ешкімде жоқ. Қажет болса Үкіметке ұсынып, бірлесе жұмыс жасауға әзірміз», – деді.
Одан бөлек, жеке қосалқы шаруашылық мәселелеріне де тоқталып өтті. Айтуынша, 2025 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша елімізде ірі қара малдың саны – 8 млн. Жеке қосалқы шаруашылықтарда – 3,7 млн, жеке кәсіпкерліктер мен шаруалық қожалықтарда – 3,5 млн болса, ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарда – 836 мың ғана бас бар көрінеді. Спикер осы тұста әділдік қажет екенін айтты. Сөзінше, мемлекет тек ірі кәсіпкерлерді ғана емес, жеке қосалқы шаруашылықтарға да ден қойып, ауыл халқын түбегейлі қолдауы керек.
Мақсұт Насибулов ЖСДП-ның жаңа бағдарламасына келесі тармақтарды енгізуді ұсынды: 1 – «Жер құқығының қорғалуы», 2 – салымдарды инфляциядан қорғау, 3 – нағыз ауылдық өзін-өзі басқару, 4 – жер Қазақстан халқына тиесілі, 5 – шартты жер үлестерін цифрландыру.
Ең төменгі күнкөріс қандай болуы керек?
ЖСДП Астаналық филиал төрағасы Талғат Омаров ең төменгі күнкөріс деңгейі – адам капиталы мен ел дамуына тікелей әсер ететін фактор деп отыр.
«Бүгінгі жиында және барлық уақытта жасалған дүниелер түгелдей тек адам үшін жасалатыны шындық. Бұл жай ғана философия емес. Бұл — біздің Конституциямыздың нақты нормасы. Ата заңның 1-бабында: “Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары”, – делінген. Бұл қарапайым ғана шындықтың негізі. Мысалы, мемлекет адам үшін құрылады, заңдар адам үшін қабылданады, салықтар адам үшін жиналады. Ал бүгінгі әлеуметтік саясат осы нормаға қаншалықты сәйкес келіп отыр? Біз осыны нақтылап алуымыз керек», – деді.
Рас, адам үшін жасап жатырмыз деп айтамыз. Шынымен де осы адамға қандай жағдай жасалып отырғанын бағамдау қиын емес сияқты. Осы тұста Талғат Табысбайұлының тұжырымы өте маңызды болып отыр.
«Егер ең жоғары құндылық — адам болса, онда оның өмірінің барлық негізгі стандарттары соған сай болуы тиіс», – дейді ол. Рас. Осыны ойлай отырып, мемлекеттік жүйе қай тұстан қате жіберіп жатыр деген ойға қалатынымыз шын. Ол өз баяндамасында еліміздегі өмір сүру сапасы мәселесіне де салмақты сараптама жасап өтті. Оның айтуынша, қазіргі ең төменгі күнкөріс деңгейі тек «тірі қалудың амалы ғана» болып отыр дейді.
«Біз әлеуметтік мемлекет құрамыз дейміз, бірақ әлі күнге дейін кейбір салыстыруларды адамның аш қалмау мүмкіндігімен есептейміз. Бұл дұрыс емес. Күнкөріс деңгейі дегеніміз әупірімдеп өмір сүру емес, адамның өсіп, білім алып, дамуымен бағалануы керек. Ол біз айтып жүрген азық-түлікті алып қана отыру емес, сапалы медицина, білім және цифрлық мүмкіндіктерді де қамтуы керек», – дейді ол. Өте орынды ұсыныс. Біз ендігі жерде күнкөріс деңгейін тамақпен емес, адам үшін анағұрлым құнды жағдайлармен саралау маңызды болмақ. ЖСДП осы мәселені өте орынды көтеріп отыр. Бұл өркениетке жету мен дамудың ең басты алғышарты болуы тиіс. Президент бағамдап отырған дамыған ел ұғымы міне осы болуы керек.
Әйелдер құқығы мен инклюзия басты назарда
ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрайымы Роза Жүсіпова «Жаңа Конституция, әйелдердің құқықтары: декларациядан нақты тетіктерге көшу» тақырыбында терең бастама көтерді.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Павлодар облыстық филиалының төрайымы ретінде, мен жаңа Конституцияның жай ғана ресми құжат емес, бұл әлеуметтік кепілдіктер мен адам құқықтарының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілген Әділетті Қазақстанның нақты манифесі екенін зор мақтанышпен айта аламын», – деді.
Одан бөлек, «Жаңа Конституция айқын адамға бағытталған сипатқа ие. Біз үшін маңыздысы – әйелдердің құқықтарын және отбасылық құндылықтарды қорғау жағдайы декларация деңгейінен конституциялық кепілдіктер деңгейіне өткендігі болып отыр. Некенің ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде айқындалуы және жыныс белгісі бойынша кемсітушілікке тікелей тыйым салу әйелдер үшін құқықтық қорғаныс қалыптастырады.
Сонымен қатар, цифрлық ортада дербес деректерді қорғау нормаларының енгізілуі XXI ғасырдың сын-қатерлеріне берілген жауап. Оны біз күн тәртібімізге міндетті түрде енгізуіміз қажет. Біз ескі тұжырымдармен шектеле алмаймыз, өйткені жаңа шынайылық бізден, әсіресе әйелдердің құқықтарын қорғау мен олардың әлеуметтік теңдігін қамтамасыз ету саласында, батыл әрі нақты қадам жасауға мүмкіндік беріп отыр», – деді.
Шындығында, әйелдердің құқығын қорғау, оларды ерекше жағдайда заңмен қорғау бүгінгі біздің қоғам үшін аса қажет екенін кім болса да түсінетіні рас. Оған тіпті түрлі дәлелдер де жетіп артылады. Бір ғана әлеуметтік желідегі жағдайлардың өзі арнайы заң қабылдауға жетіп жатыр десек, артық емес. Сондықтан Ата Заңдағы әйелдер құқығын қорғау бойынша берілген тың басымдық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның алдағы уақытта үнемі көтеретін тақырыбы болып отыр. Партияның әйелдер қанаты да бұл ойды құптайтынын айтты.
Ал ЖСДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ілияс Жанғали «Конституциялық реформа – әлеуметтік әділеттіліктің негізі: инклюзия, кедергісіз орта және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау» тақырыбында тың ойларды ортаға салып, өзінің ұсынысын білдірді.
«Егер бұл реформаны социал-демократиялық құндылықтар тұрғысынан қарастыратын болсақ, оның негізінде әділетті қоғам құру идеясы жатқанын анық көреміз. Яғни әрбір адам өзінің өмірлік жағдайына қарамастан тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс», – дейді ол.
Әрине, енді күшіне енгелі отырған Ата Заң негізінен адамға тікелей бағытталып отыр. Мұны сарапшылар мен заңгерлер, тіпті шетелдік мамандар да айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция адам құқықтарын қорғауға, әр азаматқа тең мүмкіндік беруге және мемлекеттік дамуды адамға бағыттауға негізделген
«Халық Конституциясы» деп атаған болатын. Бұдан артық бағамдау болмасы анық. Конституцияның 28-бабында азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыруға құқығы бекітілген. Бұл – әлеуметтік мемлекеттің негізгі қағидаларының бірі, – дейді Ілияс Әбілқазыұлы.
«Осы 28-бапта мемлекеттік қолдау кепілдігі, әлеуметтік осал топтарды қорғау, лайықты өмір сүруге жағдай жасау ерекше қарастырылған. Қазіргі әлеуметтік саясат тек жәрдемақы немесе төлемдермен шектелмейді. Бұл – адамның бүкіл өмірлік жолында қолдау көрсетуге кепілдік беріп отыр. Оның ішінде осал топтардың қоғамға қатысуын қамтамасыз ету, инклюзивті қоғам жағдайында білім беру жүйесі баршаға ашық болуы тиіс.
Дәл осы қағидаттар инклюзиядағы социал-демократиялық бағыттың негізін құрайды. Осы тұста мен жаңартылған Конституцияның көптеген ережелері кездейсоқ пайда болмағанын ерекше атап өткен жөн көремін. Себебі біз өткен 30 жылда өте үлкен тәжірибе жинап, ерекше жағдайларды түбегейлі саралай отырып, бүгінге қадам басып отырмыз», – деді. Ойлап қарасаң, өте орынды пікір. «Өткенге қарамай, болашақты болжама» деген халық нақылы да осыған саяды. Біз өткен 30 жылды бағамдай отырып, өте көп жағдайларды толғадық. Көп дүниеден сабақ алдық. Осы тұрғыдан алғанда Ілияс Жанғали өте орынды ой қозғағаны анық.
Аталмыш жиында өзге де өзекті мәселелер көп айтылды. Тізе берсек, тіпті болар еді. Бірақ ықшамдап, ең ірісін алып, өздеріңізге ұсынып отырмыз.
Жастардың да айтары бар
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) «Қазақстан социал-демократтарының жиыны» жастарды да ортаға қосып, пікірлеріне құлақ асты. Партияның жастар қанатының белсендісі Аңсаған Малбағаров жаңа Конституцияның 33-бабында көрсетілген ақы төлемей сапалы әрі тегін білім алу мәселесіне ерекше назар аударған екен.
«Өзім 2020 жылдан бері білім саласы бағытында қоғамдық жұмыстармен айналысып келемін. Осы уақытта көп нәрсені түсіндім, көрдім. Басты мәселе ресурстың жоқтығында емес екен. Басты мәселе жүйеліліктің жоқтығында болып тұруы мүмкін. Себебі мектеп салуға болады, бірақ ол бос тұруы мүмкін; грант бөлуге болады, бірақ ол шын мұқтаж адамға жетпеуі мүмкін; заң қабылдауға болады, бірақ ол қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Сол жаңа Ата Заңда білім, ғылым және инновация салалары елдің даму бағытының бірі ретінде айқындалды. Бұл үлкен мүмкіндік. Жаңа Конституцияда бұл салалардың жазылуы да кездейсоқтық емес», – деп үлкен ой айтты.
Жалпы айтқанда, жиын аса кең көлемде өтті десек болады. Олай дейтінім, көтерілген тақырыптардың ауқымдылығында болып отыр. Атап айтқанда, қазіргі дауы бітпей кеткен МӘМС жүйесі, экология, тұрғын үй, денсаулық және т.б. Айта беруге болады, бірақ ерекше мән беретін тұсы – көтерілген тақырыптар түгел дерлік еліміздің жаңа Конституциясының негізіндегі баптар төңірегінде болуы. Сонымен бірге барлық тақырыптар партияның ұстанымына сай әлеуметтік бағыт саласында болып отыр. Бұл өз кезегінде ЖСДП-ның өзге партиялардан айырмашылығын анықтайтын негізгі фактор деп айтсақ, нақ болады.
Бердібек Қабай