Мұнайлыда мониторинг өтті

Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және баға белгілеу тізбегіндегі делдалдық схемаларды анықтау мақсатында көшпелі комиссияның мониторингі өткізілді. Аталған шараға ЖСДП партиясының өкілдері мен комиссия мүшелері қатысып, нарықтағы баға қалыптасу үдерісіне жан-жақты талдау жүргізді.

Іс-шара барысында тауардың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолы толықтай зерделеніп, бағаның негізсіз өсуіне әсер ететін факторлар қарастырылды. ЖСДП партиясы мен комиссия мүшелері бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді. Мониторинг аясында комиссия мүшелері «Дана», «Рахат», «Алтын базар» және «Қырқыншы» дүкендерін аралап, ондағы баға саясаты мен тауар жеткізу тізбегін тексерді.

Бірқатар супермаркеттерде картоп бағасы 285-300 теңге аралығында екені анықталды. Ал «Дана» дүкенінде картоп бағасы 309 теңгені құраған. Сонымен қатар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (СПК) қоры картопты көтерме саудагерлерге 175 теңгеден ұсынып отырғаны белгілі болды. Осыған байланысты Мұнайлы ауданының кәсіпкерлеріне тиісті ескертулер берілді.

Көптеген дүкен иелерінің айтуынша, әкімдік тарапынан жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді. Тек науқандық шаралар кезінде типографиялық материалдар шығару тапсырылып, жарнамалық ақпарат ілу тапсырылатын көрінеді. «Рахат» дүкенінің иесі де Мұнайлы ауданының кәсіпкерлік басқармасы тарапынан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (СПК) тетіктері жөнінде нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін атап өтті. Оның айтуынша, тек типографиялық материалдарды дайындау бойынша тапсырма берілген. Кәсіпкерлермен кездесулер барысында олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, туындаған мәселелер талқыланды. Комиссия мүшелері бұл жайттарды назарға алып, алдағы уақытта кәсіпкерлерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін жеткізді. Жалпы, ЖСДП партиясы мен комиссия мүшелері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстап, нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін атап өтті.

ЖСДП Маңғыстау облысы