Мәселеден – шешімге: ЖСДП Семей жұртшылығының өзекті мәселелері негізінде «Интерактивті карта» әзірледі

Абай облыстық партия филиалы сайлауалды бағдарлама (жол картасы) мен сайлаушылардың аманат-тілектер тізілімін әзірлеу мақсатында қала аудандарының коммуналдық және әлеуметтік мәселелерін жүйеледі.

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Абай облысындағы филиал өкілдері Семей тұрғындарымен «Ауданның интерактивті картасы: бұқара талабынан – нақты шешімдерге» атты ашық сұхбат форматында кездесу өткізді. Бұл шара қалалықтардың ұсыныстарын тікелей жинауға және нақты шағын аудандардағы тұрмыс сапасын төмендетіп отырған негізгі себептерді анықтауға бағытталды.

Жүздесу барысында тұрғындар шаһардың инфрақұрылымдық және әлеуметтік салаларындағы ең түйткілді мәселелерді ортаға салды: Абаттандыру және балалар инфрақұрылымы: Қазкрай ауданында, Энергетик шағын ауданында (Сеченов көшесі) және Құнанбай көшесі, 42-үй мекенжайында балалар ойын және футбол алаңдарының, аула жарығының, асфальтталған тротуарлар мен көлік тұрақтарының мүлдем жоқтығы тіркелді. ТҮКШ және су бұру жүйесі: 72-орам (квартал) аумағында (Қабанбай батыр мен Елемесов көшелерінің қиылысы) судың үнемі іркіліп қалуы дренаж жүйесі жұмысының бұзылуынан туындап отыр. Зағиптар қоғамы ауданында (Қаржаубайұлы көшесі, 259А) ЖМЖА (жедел жәрдем ауруханасы) құрылысына байланысты судың табиғи ағысы бұзылған, бұл тұрғын үйлерді су басу қаупін тудыруда. Шығыс (Восточный) кенті мен РСУ-1 ауданында орталық жылу жүйесі мен көше жарығының жоқтығы өте өткір мәселе болып тұр.

Экология және көлік: Оң жақ Шығыс (Восточный Правый) кентінің (Энергетиктер көшесі) тұрғындары заңсыз қоқыс полигондары мен қоғамдық көліктің тұрақсыз қатынауына шағымданды. Әлеуметтік және жер мәселелері: РСУ-1 ауданында медициналық мекемелердің жоқтығы айтылса, Туристік көшесі, 74-үй мекенжайында жер телімінің мақсатсыз пайдаланылу дерегі анықталды.

«Біз үшін тұрғындардың тек проблемаларды айтып қана қоймай, оларды шешудің нақты жолын көргені маңызды. Интерактивті карта бұқараның талап-тілегін жинауға, түйткілді тұстарды анықтауға және алдағы жұмыстың жол картасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Дәл осындай ашық сұхбат халықтың шынайы мұқтаждарына бағытталған шешімдер қабылдаудың негізіне айналуы тиіс», – деп атап өтті Құрылтай депутаттығына кандидат Рүстем Сарманов.

Ортаға салынған барлық өтініш-тілектер ЖСДП сайлауалды штабының бірыңғай Сайлаушылар аманаттарының тізіліміне енгізілді. Кездесу қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен бейінді қызметтерге ресми сауалдар дайындау үшін бағыттар бойынша жүйеленетін мәліметтер қоры жасақталды.

ЖСДП Орталық сайлауалды штабының баспасөз қызметі