Қолжетімді орта: мәселелер мен шешу жолдары

Мақсат: тұрғындардың пікірі мен ұсыныстарын тыңдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытындағы шараларды талқылау. 2025 жылғы 14 тамыз күні сағат 14:00-де ЖСДП партиясының Қостанай облыстық филиалы мен ҚР Парламенті Мәжілісінің ЖСДП фракциясының депутаты Нұрлан Әуесбаев «Қолжетімді орта: жаңа үйлер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген бе?» атты рейд аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесу өткізілді.
Қатысушылар қалалық инфрақұрылымды жетілдіру, әлеуметтік қолжетімділікті арттыру және өмір сапасын жақсарту бойынша өзекті ұсыныстарын ортаға салды.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы көп жағдайда назардан тыс қалып отыр. Қоғам да, билік те олардың күнделікті өмірінде кездесетін қиындықтарға жеткілікті көңіл бөлмейді. Мәселен, біз қазір оңалту орталығында ем қабылдап жатқан кезеңде жеке көмекшілердің қызметін алып тастады. Ал бұл көмекшілер - біздің күнделікті тұрмысымыздағы ең негізгі тірегіміз», - дейді мүмкіндігі шектеулі азамат.

Кездесу соңында депутат Нұрлан Әуесбаев пен қатысушылар әлеуметтік қолжетімділікті арттыру, жаңа тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттардың мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толық бейімделуін қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шараларды енгізу туралы шешім қабылдады.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту - әлеуметтік жауапкершілікті ғана емес, мемлекетіміздің тиімді дамуының маңызды көрсеткіші. Біз бүгінгі кездесуде нақты ұсыныстар мен мәселелерді тыңдадық. Жергілікті инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды қайта бейімдеу мәселелерін жоғары деңгейде шешуге міндеттіміз», - деді депутат.

Қостанай облыстық ЖСДП филиалы мен Нұрлан Әуесбаев аталған мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды ортаға салып, жүйелі өзгерістердің жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Баспасөз қызметі