Орманды қорғау — болашаққа қамқорлық

Алматыда «Келімсек құрт орманымызды отап барады!» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиынға бастамашы болған — Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Алматы қалалық қалалық филиалы.

Бүгінде өсімдіктер мен орман алқаптарын зиянкестерден қорғау, жердің тозуы мен тұздануы, жасыл желектерді сақтау мәселелері ерекше өзекті. Бұл тек экологияға ғана емес, ауыл шаруашылығы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де тікелей қатысты болып отыр.

Кездесуді партияның Алматы қалалық қалалық филиалының төрағасы Тазабек Самбетбай жүргізді. Негізгі баяндама жасаған — белгілі отандық ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі Мухамадиев Нұржан Серікқанұлы.

Ғалым өсімдіктер мен орман алқаптарына төнген қауіптер, зиянкестермен күресудің заманауи әдістері және отандық ғылымның жаңа мүмкіндіктері туралы баяндады.

Биологиялық қорғау және заманауи технологиялар

Талқылау барысында химиялық препараттарды шамадан тыс қолданудың орнына экологиялық қауіпсіз биологиялық әдістерді дамыту мәселесі көтерілді. Атап айтқанда, зиянкестермен күресте пайдалы жәндіктерді пайдалану, отандық биологиялық препараттар әзірлеу және фитосанитариялық бақылауды күшейту қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ орман алқаптарын бақылауда ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды) пайдалану мәселесіне назар аударылды. Бұл технологиялар зиянкестер таралған аумақтарды анықтауға, өсімдіктердің жағдайын бақылауға және қажетті шараларды дәл жүргізуге мүмкіндік береді.

Сексеуілді сақтау — стратегиялық міндет

Кездесуде Арал теңізінің құрғаған табаны мен шөлейттенген аумақтарды қалпына келтіру мәселесі де кеңінен сөз болды.

Сексеуіл құмды бекітіп, топырақты эрозиядан қорғауда маңызды рөл атқарады. Алайда оның табиғи жолмен көбеюіне тұқымдардың аурулармен зақымдануы және қолайсыз климаттық жағдайлар кедергі келтіреді.

Осы бағытта ғалымдар тұқымдарды дражирлеу технологиясын әзірлеген. Бұл әдіс тұқымның сыртын арнайы қорғаныш және қоректік қабықпен қаптауға негізделген. Өндірістік тәжірибелерде дражирленген тұқымдардың далалық өнгіштігі 68 пайызға дейін жеткен.

Сонымен қатар Аралдың құрғаған табанына тұқым себу мен өсімдіктердің жағдайын бақылауда дрондар қолданылуда. Ғалымдар көшеттердің жерсінуін арттыру үшін гидрогель мен қорғаныш-қоректік қоспаларды пайдалану жолдарын да қарастыруда.

Бұдан бөлек, Ертіс өңіріндегі таспалы қарағайлы ормандарды қорғау, қылқан жапырақты ағаштардың ауруларымен күресу және терек көшеттерінің тамырлануын жақсарту бағытындағы зерттеулер де таныстырылды.

Ғылым мен өндіріс бірге дамуы керек Дөңгелек үстел барысында аталған мәселелер қызу талқыланып, қатысушылар тарапынан бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды.

Әсіресе жас ғалымдарды қолдау, ғылыми қызметкерлердің еңбекақысын арттыру, жастарды ғылымға тарту және ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өйткені ғылыми зерттеулер зертханамен ғана шектелмеуі керек. Олардың нәтижесі ауыл шаруашылығында, орман шаруашылығында және өндірісте нақты қолданыс табуы қажет.

ЖСДП экология мәселелерін назарда ұстайды

ЖСДП үшін экология, табиғи ресурстарды сақтау және отандық ғылымды дамыту — маңызды бағыттардың бірі.

Партия бұл мәселелерді бір реттік кездесумен шектемей, Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, әрі қарай жұмыс жүргізуді көздеп отыр.

Алдағы уақытта мамандардың ұсыныстарын жинақтап, биологиялық қорғау әдістерін дамыту, орман алқаптарын қалпына келтіру, заманауи технологияларды енгізу және ғалымдарды қолдау бағытындағы бастамаларды көтеру жоспарлануда.

Табиғатты қорғау — бүгінгі ұрпақтың болашақ алдындағы жауапкершілігі. Ал жасыл ормандар мен құнарлы жерлерді келер ұрпаққа аман жеткізу — бәрімізге ортақ міндет.

ЖСДП Алматы қалалық қалалық филиалы