
Бүгінгі таңда еліміздің көптеген өңірлерінде экологиялық мәселелер күн тәртібінен түспей отыр. Соның бірі - қоқыс мәселесі. Бұл мәселе тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның, соның ішінде жергілікті билік пен коммуналдық қызметтердің де назарынан тыс қалмауы тиіс. ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының бастамасымен бірнеше көпқабатты үй орналасқан аумақта жүргізілген бақылау барысында тұрғындарды алаңдатып отырған келеңсіз жағдай анықталды. Бұл үйлердің барлығы тек бір ғана ортақ қоқыс контейнерін пайдаланады. Мұндай шешім – уақыт талабына және санитариялық стандарттарға сай келмейді. Қоқыс алаңының айналасы түгел арам болып кеткен. Контейнерге тек сол ауданда тұратындар ғана емес, жолай өткен кез келген адам қоқысын тастап кетеді. Мұның салдарынан контейнер тез толып, қоқыс сыртқа төгілуде. Ең сорақысы - қоқысты шығаруға жауапты қызмет бұл маңға жиі келмейді. Тіпті кейде апталап төбе көрсетпейді,-дейді тұрғындар. Айналаға жағымсыз иістің тарауынан антисанитариялық жағдайдың қалыптасуына себеп болуда. Бұған қоса, тұрғындардың айтуынша, жақында ғана сол қоқыс алаңында өрт болып, салдарынан бір жеке тұрғын үйге елеулі залал келген. Бұл жағдай қауіпсіздік талаптарының да орындалмай отырғанын көрсетеді. Жергілікті тұрғындар аталмыш мәселеге бей-жай қарамайды. Олармен кездесу барысында халық өз ұсыныстарын ашық білдірді. Айтуларынша бұл маңға қосымша қоқыс контейнерлерін орнату қажет. Қоқыс алаңын қоршап, бақылау камераларын қою да кезек күттірмейтін мәселе. Одан кейін, қоқыс шығару қызметінің жұмыс кестесін нақтылап, оны қатаң қадағалауға алу да маңызды және жергілікті билік тарапынан тұрақты экологиялық бақылау жүргізу қажет,- дейді. Экологияны қорғау – партиямыздың басты басымдықтарының бірі. Біздің талабымыз — әрбір азаматтың таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүру құқығы толық қамтамасыз етілуі керек. ЖСДП бұл мәселені бақылауда ұстап, шешімі табылғанға дейін тұрғындармен бірлесіп, барлық қажетті қадамдарға барады. Таза қала — ортақ міндет. Қоғамдық бақылау - нақты өзгерістің кепілі!
ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалы