Қоқыстан табыс тауып, игілікті іске жаратайық!

«Қоқыстан табыс тауып, оны игілікке жаратайық!» деген бастаманы ЖСДП-ның Астана қалалық филиалы бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Қаншама рет мәселе көтеріліп, нақты есептер мен дәлелдер келтірілгенімен, жауапты мекемелер ұзақ уақыт бойы бұл ұсынысқа салғырт қарап, оның жүзеге асуына жеткілікті қолдау көрсете қойған жоқ. Алайда халық даналығында, «Ұра берсең, киіз қазық та жерге кіреді» демекші бүгінде сол табандылықтың нәтижесі көріне бастады.

Біз дамыған мемлекеттердің тәжірибесін мысалға келтіруден әсте жалыққан емеспіз. Әсіресе Корея мен Жапониядағы тазалық мәдениетіне тәнті болып, ол елдердің тұрғындарының қоршаған ортаға деген жауапкершілігін жиі сөз етеміз. Алайда жақсы үлгіні тек тамашалап қана қоймай, оны өз өмірімізге енгізудің маңызы зор екені анық. Қуаныштысы сол, елімізде де экологиялық мәдениетке деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Бұл өзгерістің артында азаматтық қоғам өкілдерінің, оның ішінде ЖСДП белсенділерінің ұзақ жылғы еңбегі жатыр.

Аталған жобаның бастауында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ЖСДП Астана қалалық филиалының басшысы Талғат Табысбайұлы тұрды. Оның айтуынша, тұрғындардың күн сайын қоқысқа тастап жатқан қағаз, картон және пластик қалдықтарының өзі үлкен экономикалық және экологиялық мүмкіндікке жол аша алады. Бүгінде көпшілік макулатура жинап өткізу арқылы табыс табуға болатынын біледі. Дегенмен бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастырып, тұрғын үй кешендерінің игілігіне жарату мәселесі бұрын-соңды кең көлемде қолға алынбаған еді. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалануды көздеген жоба авторлары жұмысты елордадағы ірі тұрғын үй кешендерінен бастауды жөн көрген.

Шынында да, қаладағы көптеген қоқыс алаңдарында қағаз, картон және пластик бөтелкелердің көп мөлшерде жиналатынын байқауға болады. Талғат Табысбайұлы осы қалдықтарды бөлек жинау арқылы елеулі қаражат табуға болатынын есептеп шыққан. Алғашқы тәжірибелік жоба нәтижесінде бір ғана тұрғын үй кешенінен ай сайын кемінде 100 мың теңге көлемінде табыс түсіруге мүмкіндік бар екені анықталған. Егер сұрыптау ісіне барлық тұрғын белсенді қатысса, бұл көрсеткіш бірнеше есе артуы мүмкін.

«Біздің негізгі мақсатымыз – тек қаржы табу емес. Ең алдымен тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздедік. Бұған дейін де қоқысты бөліп жинау бастамалары болғаны белгілі. Аулаларда түрлі-түсті контейнерлер орнатылып, тұрғындар алғашында оған қызығушылық танытты. Алайда кейін олардың сеніміне селкеу түсе бастады. Себебі тұрғындар әлгі түрлі-түсті жәшіктерге бөлек жинаған қалдықтарды арнайы көліктермен емес бір ғана көлікке тиеліп араласып кетіп жатқанын көрді. Соның салдарынан адамдардың сұрыптауға деген ынтасы мүлде төмендеді. Тіпті сенімдері су сепкендей басылды десем болады», – дейді жоба бастамашысы Талғат Омаров.

Расында, бірнеше жыл бұрын Астанада қоқысты сұрыптау науқаны кең түрде қолға алынған болатын. Алайда оның нәтижесі күткендей болмады. Ең бастысы, тұрғындарға бұл істің экономикалық тиімділігі жөнінде нақты ақпарат берілмеді. Ал бүгінгі жобаның ерекшелігі сол, бұл жерде табыс пен түсім туралы ашық әрін нақты көрсетіліп отыр.

Талғат Табысбайұлының айтуынша, жоба алдымен қала әкімдігіне, кейін «Жасыл даму» АҚ-на ұсынылған. Ұсыныстың маңызын түсінген «Жасыл даму» мамандары бастаманы қолдап, бірлескен жұмысты бастаған.

Қазіргі уақытта Астанада оннан астам тұрғын үй кешенінде қағаз бен пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылған. Жиналған қалдықтар бірнеше күн ішінде арнайы техника арқылы сұрыптап қайта өңдеу орталықтарына жеткізіледі. Онда қалдықтар өлшеніп, өткізілген шикізаттың құны тікелей меншік иелері бірлестіктерінің МИБ есепшотына аударылады.

«Бүгінде бұл жобаға қызығушылық артып келеді. Біз тұрғындармен және МИБ басшыларымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кезекте тұрған тұрғын үй кешендері де аз емес. Тіпті еліміздің басқа өңірлерінен де ұсыныстар түсіп, тәжірибе алмасуға шақырып жатыр», – дейді жоба жетекшілері.

Әрине, табыс бар жерде қызығушылықтың болуы заңды құбылыс. Бірақ бұл жерде түскен қаржат жеке адамдардың қалтасына емес, тұрғын үйдің ортақ қажетіне жұмсалатынын ерекше атап өткен жөн. Қаражат МИБ есепшотына түсіп, кейін тұрғындардың келісімімен ауланы абаттандыруға, балалар алаңдарын жөндеуге, жарықтандыру жүйесін жаңартуға немесе өзге де ортақ мәселелерді шешуге бағытталады.

Жуырда біз Талғат Табысбайұлымен бірге осындай жоба жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінде болып қайттық. Кездесу барысында тұрғындар бастаманың тиімді екенін айтып, қолдау білдірді. Олардың пікірінше, ендігі негізгі міндет – тұрғындарды қоқысты тұрақты түрде сұрыптап тастауға дағдыландыру.

Сайып келгенде еліміздің Жаңа Конституция жобасында жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарының бірі ретінде белгіленгені айқын. Бұл қағидат Ата Заңымыздың 3-бабының 1-тармағында бекітілген. Міне Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Конституцияда көрсетілген аталмыш бапты тікелей жүзеге асыруды қолға алып отыр десек толық негіз бар.
Әрине, кез келген жаңа бастаманың қалыптасуы уақытты талап етеді. Дегенмен халық «Көш жүре түзеледі» дейді. Тұрғындар өз еңбегінің нақты нәтижесін көрген сайын, қоқысты сұрыптау мәдениеті де біртіндеп қалыптасып, экологияға да, экономикаға да пайдасын тигізері сөзсіз.

Бердібек Қабай