Павлодар қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Павлодар облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Социал-демократия – өмір сапасы» атты дөңгелек үстел өтті. Статистика, денсаулық сақтау, білім беру салалары мен салалық кәсіподақтардың өкілдері отбасылардың шығындарын, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін талқылады.
Кездесуді ашқан филиал төрайымы Роза Джусупова анонимді сауалнаманың алдын ала нәтижелерін таныстырды. Сауалнамаға жұмыс істейтін тұрғындар, балалы отбасылар, зейнеткерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Қатысушылар өз жауаптарында міндетті төлемдерден кейін қолда қалатын қаражаттың аз екенін атап өткен. Соның салдарынан киім мен тұрмыстық техника сатып алуды, тұрғын үйді жөндеуді, демалыс пен емделуді кейінге қалдыруға тура келеді.
«Сауалнамада белгілі бір шығынның көрсетілмеуі оған қажеттілік жоқ дегенді білдірмейді. Адам қаражаты жетпегендіктен киім сатып алуды, үйін жөндеді немесе ақылы көмекке жүгінуді доғаруы мүмкін. Себебі белгілі. Барлығы қаражатқа келіп тіреледі», – деді Роза Джусупова.
Ұйымдастырушылар шағын сауалнаманың нәтижелері облыстың барлық тұрғындарының жағдайын толық сипаттамайтынын, алайда әрі қарай зерттеуді қажет ететін мәселелерді анықтауға көмектесетінін атап өтті. Отбасы бюджетін бағалау кезінде кейінге қалдырылған қажеттіліктер мен маусымдық шығындарды ескеру ұсынылды. Ауыл тұрғындары үшін мұндай шығындарға, атап айтқанда, отын мен мал азығын сатып алу, медициналық, білім беру және басқа да қызметтерді алу үшін қалаға бару шығындары жатады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің өкілі Жанар Магзамова өңірдегі үй шаруашылықтарын зерттеу және тұтыну бағаларына мониторинг жүргізу жұмыстары туралы баяндады. Қатысушылар ресми статистикалық көрсеткіштерді нақты отбасылардың шығындарымен салыстыру жолдарын талқылады.
Жанар Магзамова өз сөзінде Павлодар облысында халықтың тұрмыс деңгейін іріктемелі зерттеуге 780 үй шаруашылығы қатысатынын атап өтті. Алынған мәліметтер негізінде халықтың табыстары мен шығындарының көрсеткіштері есептеледі. Сонымен қатар тұтыну бағаларына жүргізілетін мониторинг азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтерді қоса алғанда, тауарлар мен қызметтердің 537 ірілендірілген позициясын қамтитынын ашып айтты. Ол номиналды және нақты жалақы арасындағы айырмашылықтарға ерекше назар аударды. Оның айтуынша, есептелген жалақының өсуі халықтың сатып алу қабілетінің артқанын әрдайым білдірмейді екен. «Егер индекс 100 пайыздан асса, бұл халықтың нақты табысының өскенін білдіреді. Ал 100 пайыздан төмен болса, инфляциялық үдерістер есептелген жалақының өсу қарқынынан озып кеткенін көрсетеді», – деп түсіндірді Жанар Мағзамова.
Талқылау барысында күнкөріс деңгейінің ең төменгі шамасын есептеу әдістемесі де қозғалды. Статистика өкілі азық-түлік себетіне 43 түрлі өнім кіретінін, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындардың үлесі ең төменгі тұтыну себеті құнының 45 пайызы мөлшерінде белгіленгенін түсіндірді. Бұл мәліметтер қолданыстағы әдістеменің өңір тұрғындарының нақты қажеттіліктерін қаншалықты ескеретінін талқылауға негіз болды. Кездесудің едәуір бөлігі медициналық көмек мәселелеріне арналды. Павлодар облысының алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі штаттан тыс үйлестірушісі Айгуль Абылхасан тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тәртібін түсіндіріп, профилактикалық тексерулерді ұйымдастыру туралы айтты. Талқылау барысында кейбір жұмыс берушілердің қызметкерлерін скринингтік тексерулерден өтуге жібермейтіні туралы мәселе көтерілді. ЖСДП филиалы осындай өтініштерді қарауға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Айгуль Абылхасан скринингтік тексерулер ауруларды ерте кезеңде анықтауға, емдеуді уақтылы бастауға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Алайда заңнамада көзделген кепілдіктерге қарамастан, медициналық ұйымдар жұмыс берушілердің қызметкерлерді жұмыстан босатудан бас тартуына байланысты азаматтардың тексеруден өте алмайтын жағдайларына тап болып отыр.
«Ерте диагностика өте маңызды», – деді Айгүл Абылхасан. Ол ауруларды уақтылы анықтау емдеудің тиімділігіне және пациенттердің өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол өңірде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру шаралары туралы баяндады. Атап айтқанда, Екібастұзда Павлодарға бармай-ақ компьютерлік томографиядан өту мүмкіндігі пайда болды. Облыстық онкологиялық орталықта жасанды интеллект қолданылатын медициналық кескіндерді талдау жүйесі енгізілген. Оған 22 медициналық ұйым қосылған. Бұл мамандарға тексеру нәтижелерін қашықтан зерделеуге мүмкіндік беріп, шалғай аудандардың тұрғындары үшін де ауруларды ерте диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Халықты әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шаралары туралы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек және қолдау көрсету бөлімінің маманы Раиса Хаханаева баяндады. Ол аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын үй көмегін, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар ауруларға шалдыққан азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарға төлемдер беру тәртібін түсіндірді.
Раиса Хаханаева әлеуметтік қолдау жүйесіндегі өзгерістерге ерекше тоқталды. Атап айтқанда, 2026 жылғы наурыздан бастап өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын егде жастағы азаматтардың жекелеген санаттарына ай сайын төленетін 3 АЕК мөлшеріндегі төлем тоқтатылған.
«Наурыз айынан бастап өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын егде жастағы азаматтарға ай сайын төленетін 3 АЕК мөлшеріндегі төлем тоқтатылды. Қазір осы мәселеге байланысты бізге көптеген өтініш түсіп жатыр», – деді Раиса Хаханаева.
Талқылау барысында қатысушылар мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау кезінде әлеуметтік осал топтағы азаматтардың нақты қажеттіліктерін ескеру мәселесін көтерді. ЖСДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы Роза Джусупова бюджет шығындарын оңтайландыру әлеуметтік көмекке аса мұқтаж азаматтардың мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ тиісті өтініштерді бейінді мемлекеттік органдар мен партия депутаттарына жолдауға дайын екенін білдірді. Медицина қызметкерлерінің кадрлық қамтамасыз етілуі мен еңбек жағдайлары мәселелерін «AQNIET» кәсіподағы Павлодар облыстық филиалының өкілі Арман Усамбаев көтерді.
Ол ұсынған мәліметтерге сәйкес, Павлодар облысында 144 дәрігер жетіспейді. Медицина мамандарының тапшылығы әсіресе аудандық және ауылдық денсаулық сақтау ұйымдарында айқын сезіледі. Соның салдарынан қосымша жұмыс жүктемесі қазіргі қызметкерлерге түсіп, олардың кәсіби қажу қаупін арттырады. «Мамандар тапшылығының тек емдеу процесін ұйымдастыруға ғана емес, сонымен қатар жетіспейтін кадрлардың орнын толтыру үшін қосымша жұмыс көлемін орындауға және жоғары жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр қызметкерлерге де әсер етуі ерекше алаңдаушылық туғызады», – деп атап өтті Арман Усамбаев.
Ол сондай-ақ медициналық ұйымдарды қаржыландыру, қосымша жұмыс жүктемесіне ақы төлеу және медициналық көмек көрсету тарифтерін қайта қарау қажеттілігіне назар аударды. Оның айтуынша, жаңа мамандарды тартумен қатар, қазіргі қызметкерлерді сақтап қалуға қолайлы жағдай жасау қажет.
«Қазірдің өзінде салада еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын жасамай, тек жаңа мамандарды тарту есебінен денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес», – деді Арман Усамбаев.
Білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері туралы «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Гүлшат Джаркенова баяндады. Ол білім беру қызметкерлерінің еңбекақысы, өтемақылары мен қосымша кепілдіктеріне қатысты мәселелер білім беру басқармасымен әлеуметтік әріптестік аясында қарастырылатынын атап өтті. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының техникалық персоналына сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселесі әлі шешілмеген.
Гүлшат Джаркенованың айтуынша, техникалық персоналдың кейбір қызметкерлері салықтар мен міндетті төлемдер ұсталғаннан кейін қолына шамамен 95–100 мың теңге алады. «Кейде осы ақшаға олардың қалай күн көріп жүргенін ойлайсың», – деді кәсіподақ төрайымы. Оның айтуынша, кәсіподақ ұжымдық шарттар мен салалық келісімдер арқылы қосымша әлеуметтік кепілдіктердің берілуіне қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, техникалық қызметкерлердің жекелеген санаттарына жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша күндер қарастырылған. Алайда сауықтыру жәрдемақысын төлеу мәселесі әлі де шешімін табуды қажет етеді. Гүлшат Джаркенова медициналық тексерулерден өту кезінде қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуына да жеке тоқталды. Оның айтуынша, Павлодар қаласындағы білім беру ұйымдарында тиісті кепілдіктер ұжымдық шарттарда қосымша бекітілген. Бұл кәсіподаққа олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді.
Жалпы пікірталас барысында қатысушылар бейінді медицина мамандарына жазылу кезектері, учаскелік дәрігерлердің жұмыс жүктемесі, пациенттерге қызмет көрсету сапасы және ауылдық жерлердегі медициналық көмектің қолжетімділігі мәселелерін де көтерді. Жылжымалы медициналық кешендердің мүмкіндіктері, диагностикалық жабдықтарды дамыту және денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері талқыланды.
Кездесуді қорытындылаған Роза Джусупова кәсіподақтар мен қатысушыларға көтерілген мәселелер бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруды ұсынды. Филиал азаматтардың еңбек құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты мәселелерді қарауға атсалысуға, сондай-ақ өзгерістер енгізуді қажет ететін проблемаларды көтеруге дайын екенін білдірді. Алдағы жұмыстың негізгі бағыттары ретінде дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер белгіленді: неліктен жұмыс істейтін азаматтардың табысы қажетті шығындарын өтеуге жетпейді, медициналық тексерулерден уақтылы өтуге не кедергі келтіреді және әлеуметтік саладағы мамандарды қалай сақтап қалуға болады? Осы бағыттар бойынша филиал қатысушылармен бірлесіп, тиісті мемлекеттік органдар мен партия депутаттарына нақты ұсыныстар әзірлеуді жоспарлап отыр.
ЖСДП Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі