2025 жылы Астана мен Алматы қалаларында құрылыс саласына қатысты 1 463 заңбұзушылық анықталған. Бұл мәліметті Үкімет ЖСДП фракциясының тұрғын үй сапасы мен мемлекеттік құрылысты бақылауының тиімділігіне қатысты жолдаған депутаттық сауалына берген жауабында белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 16 қыркүйегінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының депутаттары атынан Наурыз Сайлаубай Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады. Онда салынып жатқан тұрғын үйлердің қауіпсіздігі, мемлекеттік тексерулердің тиімділігі және құрылыс саласын бақылайтын мемлекеттік органдардың тәуелсіздігі мәселелері көтерілген болатын.
Депутаттардың пікірінше, рұқсат құжаттарының, техникалық қадағалау қорытындылары мен қабылдау актілерінің болуы тұрғын үй сапасына әрдайым кепілдік бере алмайды. Мемлекеттік бақылаудың негізгі міндеті — заңбұзушылықтарды тұрғындар қоныстанғаннан кейін емес, нысан пайдалануға берілгенге дейін анықтап, жою.
Қандай заңбұзушылықтар анықталды?
Үкіметтің ресми жауабына сәйкес, 2025 жылы Алматыда 1 584 тексеру жүргізіліп, 970 заңбұзушылық анықталған. Ал Астанада 633 бақылау іс-шарасы өткізіліп, 493 заңбұзушылық тіркелген. Анықталған заңбұзушылықтардың шамамен 90 пайызы атқарушылық құжаттаманы дұрыс рәсімдемеуге, жобасыз немесе міндетті сараптамасыз құрылыс жүргізуге, нысандарды қабылдау тәртібін бұзуға, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудың болмауына қатысты екені айтылған. Үкімет өкілдерінің мәліметінше, заңбұзушылықтардың басым бөлігі құрылыс жүргізу және нысандарды қабылдау кезеңдерінде анықталып, тиісті шаралар қабылданады. Бұл құрылыс жұмыстарын жүргізушілердің өз жұмыстарына адал болуы керектігін аңғартып отыр. ЖСДП-ның да айтып отырғаны осы. Сондықтан ең алдымен кез келген құрылыс компанияларының кейбір жағдайларға көз жұма қарайтыны алаңдауға себеп болғаны анық.
Сатып алушы құрылысшылардың қателігі үшін жауап бермеуі тиіс
Құрылтай депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Наурыз Сайлаубай құрылыс бақылауының тиімділігі ең алдымен дайын нысандардың сапасы мен қауіпсіздігі арқылы бағалануы қажет деп есептейді.
«Қазақстандық отбасылардың көпшілігі үшін пәтер сатып алу — өміріндегі ең маңызды қаржылық шешімдердің бірі. Адамдар жинаған қаражатын жұмсап, ипотека рәсімдеп, сапалы әрі қауіпсіз баспана алуға үміттенеді. Алайда қоныстанғаннан кейін күрделі құрылыс ақаулары анықталса, олар неге жобалау, құрылыс жүргізу немесе нысанды қабылдау кезеңінде байқалмады деген сұрақ туындайды. Сатып алушы құрылыс салушы мен бақылаушы органдар алдын алуға тиіс болған қателіктерді өз қаражатына түзетуге міндетті емес», — деген болатын Наурыз Сайлаубай өзінің депутаттық сауалында.
Оның меңзеп отырғаны, тексерулердің санын ғана емес, жекелеген заңбұзушылықтардың нысан пайдалануға берілгенге дейін неліктен анықталмағанын да талдау қажеттігі турасында болып отыр. Осы тұрғыдан келгенде ЖСДП депутаттары құрылыс саласындағы бақылаудың тәуелсіз болуын және оның жұмысынын күшейтуді ұсынды. Депутаттық сауалда мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауының қызметіне ерекше назар аударылған. Ресми жауапта айтылғандарға сенсек қазіргі уақытта тиісті органдар жергілікті атқарушы органдардың құрылымына кіреді және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады екен. Сонымен қатар әкімдіктер аумақтарды дамыту, инвестиция тарту және құрылыс жобаларын іске асыру мәселелерімен де айналысатындығы айтылған. Осыған байланысты депутаттар құрылыс бақылауы органдарының институционалдық тәуелсіздігіне баға беруді және өңірлік бақылау органдарын орталық уәкілетті органға ұйымдастырушылық тұрғыдан бағындыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Бұл жерде нақты бір әкімдікке немесе мемлекеттік қызметшіге сенімсіздік білдіру туралы сөз болып отырған жоқ. Мәселе жүйенің қалай ұйымдастырылғанында. Құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін бақылайтын орган жобалардың іске асырылу қарқынына немесе өңірдің экономикалық мүдделеріне қарамастан тәуелсіз шешім қабылдай алуы тиіс. Азаматтардың қауіпсіздігі әрқашан басты орында болуы қажет», — деп отыр Наурыз Сайлаубай.
Үкімет өз жауабында қолданыстағы заңнама мемлекеттік құрылыс инспекторларының дербестігіне кепілдік беретінін және олардың қызметіне араласуға тыйым салатынын мәлімдеген.
Құрылыс заңнамасында не өзгерді?
Үкіметтің жауабында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген жаңа Құрылыс кодексінің ережелері де түсіндірілген. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, құрылыс салушылар үшін ең төменгі кепілдік мерзімі нысанға бес жылды, ал көтергіш конструкцияларға, шатыр мен қасбетке он жылды құрайды. Бұдан бөлек, құрылыс саласы мамандарын сертификаттау, құрылыстың әртүрлі кезеңдерінде тексеру жүргізу және заңбұзушылықтар анықталған жағдайда құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтатуға мүмкіндік беретін жедел қызметтер желісі қарастырылған. 2026 жылғы қаңтардан бастап Бірыңғай құрылыс порталы да жұмыс істейді. Ол рұқсат құжаттарын рәсімдеуден бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңді бақылауға мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін нысандарды пайдалануға беру актілеріне қол қою процесін цифрландыру жоспарланған.
Бақылау нәтижемен бағалануы тиіс
ЖСДП депутаттары сауалда құрылысты қадағалаудың тиімділігін бағалау тәсілін өзгертуді де ұсынған болатын. Одан бөлек, тексерулер мен берілген нұсқамалардың санына ғана назар аудармай, нысан пайдалануға берілгенге дейін анықталған заңбұзушылықтарды, тұрғындар қоныстанғаннан кейін белгілі болған елеулі ақауларды, жою мерзімдерін және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту нәтижелерін ескеруді де ұсынған.
Бұл жөнінде сауал авторының өзі былай дейді. «Біздің ұстанымымыз — азамат құрылыс сапасын бақылау жүйесінің соңғы буынына айналмауы тиіс. Егер заңбұзушылықты құрылыс кезеңінде анықтау мүмкін болса, ол тұрғындар пәтер кілтін алғаннан кейін емес, дәл сол уақытта анықталуы қажет. Сондықтан жүйенің қай кезеңінде кемшілік жіберілгенін және оған кім жауапты екенін білу маңызды», — деді Наурыз Сайлаубай.
Үкімет жаңа Құрылыс кодексінің қолданысқа енгізілгеніне көп уақыт өтпегенін атап өтті. Сондықтан оның тиімділігін толық бағалау үшін құрылыс жұмыстарының толық циклі аяқталып, жеткілікті көлемде деректер жинақталуы қажет,-деп отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қолданыстағы бақылау жүйесіне талдау жүргізуді жалғастыруда. ЖСДП депутаттары сұратқан мәлметтер арнайы көрсеткіштер бойынша егжей-тегжейлі статистикалық мәліметтер негізінде Құрылтайға қосымша жолданаданғанын айтты. Жұмыс мұнімен ғана шектеліп қалмайтыны анық. ЖСДП қолға алған шаруаларын бұдан әрі де індетіп Үкімет тарапынан берілген жауаптардың нақтылығын бұдан әрі де саралайтыны анық.
«Құрылыс бақылауының тәуелсіздігі, ақаулардың алдын алу және құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігі мәселелері алдағы уақытта да қаралатын болады»,-деді ЖСДП депутаты Наурыз Сайлаубай.
ЖСДП Павлодар облыстық филиалы