«Құрылыс сапасын кім бақылап отыр?» — ЖСДП депутаты Үкіметке сауал жолдады

ЖСДП фракциясының депутаты Наурыз Сайлаубай ҚР Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, еліміздегі тұрғын үй құрылысының сапасы мен мемлекеттік бақылау жүйесіне қатысты бірқатар маңызды мәселе көтерді.

Депутаттың айтуынша, азаматтар ипотека арқылы баспана сатып алып, оның ақысын жылдар бойы төлегенімен, жаңа үйге қоныстанғаннан кейін түрлі құрылыс ақауларына тап болып жатады. Құбырлардың жарылуы, қабырғалардың сызаттануы, пәтерлердің қыс мезгілінде суық болуы, тіпті ғимарат қасбеттерінің құлауы сияқты жағдайлар тұрғындарға елеулі қиындық туғызуда.

«Үй салынып жатқан кезде мемлекеттік бақылау қайда болды? Бұл кемшіліктер нысан пайдалануға берілгенге дейін неге анықталмады?» – деген сауалды төтесінен қойды Наурыз Сайлаубай. Депутат құрылыс саласында мемлекеттік бақылаудың тиімділігімен қатар, оның тәуелсіздігіне де назар аударды. Оның пікірінше, өңірлерде құрылыс жобаларын іске асыруға жауапты жергілікті атқарушы органдардың бақылау функцияларын қатар атқаруы ықтимал мүдделер қақтығысына қатысты сұрақтар туындатуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін цифрлық бақылау маңызды екенін айтты.

Осыған байланысты ЖСДП депутаты Үкіметтен құрылыс барысында қанша заң бұзушылық анықталғанын, олардың қаншасы нысан пайдалануға берілгенге дейін және қаншасы кейін белгілі болғанын нақтылауды сұрады. Сондай-ақ құрылыс сапасына жауапты органдардың өкілеттігі мен жауапкершілік шегін айқындау қажеттігін айтты.

Наурыз Сайлаубайдың сөзінше, мемлекеттік бақылаудың басты мақсаты – проблеманы тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін емес, жобалау мен құрылыс кезеңінде анықтап, дер кезінде жою болуы тиіс.

«Адал ақшасына пәтер сатып алған азамат соңғы бақылаушы болмауға тиіс», – деді депутат.

ЖСДП баспасөз қызметі