Жамбыл облысы Жуалы ауданында жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуға арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараны Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырды.
«Нашақорлықтың алдын алу: жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы күрес» тақырыбында өткен жиын қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірін көтерген ашық диалог алаңына айналды.
Кездесуге Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары, ұстаздар, қоғам белсенділері және 50-ден астам жоғары сынып оқушысы қатысты.
Жиын барысында мамандар соңғы жылдары синтетикалық есірткілердің таралуы күрт артқанын айтып, бұл құбылыс жастар үшін аса қауіпті екенін атап өтті. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасырын жүргізілетін есірткі саудасы үлкен алаңдаушылық туғызып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, синтетикалық есірткілер адам ағзасына өте ауыр әсер етеді және тез тәуелділік қалыптастырады. Мұндай заттар адамның денсаулығын ғана емес, психологиялық жағдайын, әлеуметтік ортасын, білім алу мүмкіндігін және болашақ өмірін де күйретеді. Мамандар жастар арасындағы нашақорлықпен күресте тек жазалау шаралары жеткіліксіз екенін айтты. Ең бастысы — алдын алу мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.
Осыған байланысты мектептер мен колледждерде профилактикалық кездесулерді тұрақты өткізу, психологтармен жүйелі жұмыс жүргізу және жастарға арналған ашық пікірталас алаңдарын көбейту қажеттігі көтерілді. Қатысушылар есірткінің адам өміріне тигізетін зардабы туралы нақты мысалдар мен статистикалық мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар есірткі сақтау, тарату және жарнамалауға қатысты қылмыстық жауапкершілік мәселесі де кеңінен түсіндірілді.
Дөңгелек үстелдің маңызды тұстарының бірі — жастардың пікірталасқа белсенді қатысуы болды. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, зиянды әдеттердің таралу себептері туралы ой бөлісті. Кездесу еркін диалог форматында өтіп, жастар мен мамандар арасында ашық әрі сенімді байланыс орнады.
Қатысушылар жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында профилактикалық тренингтер ұйымдастыру, психологиялық қолдау тетіктерін күшейту және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ынтымақтастықты арттыру туралы ұсыныстар айтылды.
Жиында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы зиянды әдеттерге қарсы «нөлдік төзімділік» мәдениетін қалыптастырудың маңызы да ерекше атап өтілді. Өңірде мәдени, спорттық және қоғамдық іс-шараларды көбейту қажет екенін айтты. Спортпен шұғылдану, шығармашылықпен айналысу және қоғамдық өмірге белсенді араласу жастарды зиянды әдеттерден алшақтататын маңызды факторлардың бірі екені айтылды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырған бұл кездесу жастар тәрбиесіне, қоғамдық қауіпсіздікке және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Қатысушылар жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігі — ел болашағының кепілі екенін атап өтіп, есірткісіз қоғам құру жолындағы жұмыстарды бірлесіп жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
ЖСДП Жамбыл облыстық филиалының баспасөз қызметі