Ақтауда арнайы білім беретін мектептер бір ғана ғимаратты паналауда

Ақтау қаласында бір ғана ғимаратты үш бірдей білім беру ұйымы бөле-жара күнелтіп отыр. Атап айтар болсақ, «Облыстық арнайы мектеп-интернаты», «№2 арнайы мектебі» және «Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты». Бір шаңырақ астында үйме-жүйме болып отырған үш мекеменің жұмыс істеуі қиынның қиынына айналған. Ал балаларға берілетін білімнің сапасы мұндай жағдайда қалай болатыны бәрімізге беймәлім. Осы ретте ЖСДП-ның Маңғыстау облыстық филиалы инклюзивті және бөгетсіз білім беру жағдайын бағалау үшін аталған мекемелерге арнайы барып, жағдаймен танысты.

Облыстық арнайы мектеп-интернатында бүгінде 197 бала оқиды, оның 25-і жатақханада тұрып жатқан көрінеді. Ал, №2 арнайы мектепте де 267 ерекше бала білім алса, Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында 464 бала білімдерін ұштауда.
Алайда үш бірдей білім мекемесі бір ғимаратты бөліскендіктен мұндағы ең негізгі мәселе кабинеттердің жетіспеушілігі болып тұр. Оқушы саны артқанымен, оқу бөлмелері бұрынғы қалпында қала беруде. Бір кабинетке бірнеше топ кезектесіп кіретіндіктен оқу процесіне де кері әсері тиіп жатқанын мұғалімдер де жасырып отырған жоқ. Білім ошақтары арнайы болғандықтан мұнда көру қабілеті бұзылған оқушылар мен түрлі қажеттілікті талап ететін оқушылар білім алатындығы анық. Мысалы, көру қабілеті бұзылған балалар үшін арнайы компьютерлер мен техникалық құралдар қажет. Ал бұлшық ет тірегі әлсіз немесе ұсақ моторикасы дамымаған балаларға арналған кабинеттер бұл жерде тым тапшы болып тұр. Кабинеттердің тапшылығы балалардың жеке дамуын едәуір тежейтіні анық. Ең өкініштісі сол, ерекше балалармен үнемі жұмыс істейтін педагогтар үшін бір сәт демалып, келесі сабаққа әзірлену аймағының жоқтығы, ұстаздар қауымын шын тығырыққа тіреп тұр. Мұны партия өкілдері өз көздерімен көріп, мәселенің мәніне үңілді.

«Біздің партия қазір әсіресе инклюзивті білім беру мәселесі төңірегінде ауқымды жұмыстар атқарып жатыр. Сол жұмыстың бір парасы арнайы білім беретін мекемелерді аралап, жағдаймен танысу. Мұндағы жағдайды түгел көріп қажеттіліктерді саралап, өзіміздің депутаттарға жолдаймыз. Депутаттар тиісті құзырлы орындармен бірлесе отырып мүмкіндігінше оң шешім шығаруға тырысатын болады»,-деді ұстаздармен әңгімелесу барысында ЖСДП партиясының Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Сәкен Мыңбаев.

Сондай-ақ ұстаздар тәрбиеленушілердің дене шынықтырумен жүйелі айналысуы үшін арнайы спортзал немесе кеңейтілген қозғалыс алаңын жабдықтаудың маңызын атап өтті. Алайда қанша жерден ынта болғанымен, бастамалардың жүзеге асуы ең алдымен тиісті қолдау мен материалдық-техникалық базаға тәуелді болары анық. Ақтаудағы аталмыш арнайы білім беру ұйымдары бүгінгі таңда үлкен жауапкершілік арқалап отыр. Мұндағы әр бала — мемлекет назарында болуы тиіс. Ал мұғалімдердің жанкешті еңбегін шынымен жоғары бағалауға болады. ЖСДП жүргізген мониторинг кезінде мектептегі материалдық қиындықтардан бөлек, мұғалімдер қауымының балалардың болашағына қатысты үлкен алаңдаушылық туғызып отырғандығын ерекше назарға алды. Көптеген педагогтар ерекше қажеттілігі бар түлектердің қоғамға бейімделуі мен олардың мамандық алуы мәселесі басты назарда тұрғанын айтты. Қажет болса олар ерекше балаларға арнап қосымша үйірмелер ашуға, тіпті мастер-класстар өткізіп, жаңа дағдыларды үйретуге дайын екендерін жеткізді. Инклюзивті, бөгетсіз қоғам құру — тек әлеуметтік ұран емес, бүгінгі күннің нақты талабы. Бұл жолда ең алдымен материалдық-техникалық базаны жаңғырту, оқу кабинеттерінің санын арттыру, балаларға қажетті арнайы жабдықтарды қамтамасыз ету секілді мәселелерді шұғыл шешу қажет. Сонымен бірге ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтардың еңбек жағдайын жақсарту — тек олардың жайлы жұмыс істеуі үшін ғана емес, жалпы білім беру сапасының артуына мүмкіндік жасалуы тиіс. Ақтаудағы бұл мәселелер шешімін тапқан жағдайда жүздеген баланың өмір жолы да жарқын болары анық.

Мадина Мадиярқызы, ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі