Бүгін 2025 жылдың 18 тамызында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова Маңғыстау облысына сапары барысында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға Ақтау қаласындағы бірнеше жекеменшік мектептердің мұғалімдері өздерінің шағымдарын айта келді. Басты мәселе жаңа оқу жылы басталуға санаулы күндер қалса да, өздерінің өткен жылға жұмыстарының ақысы мен заңды түрде берілуге тиісті демалыстық ақыларын ала алмай жүрген көрінеді. Қоғамдық қабылдауға Ақтау қаласындағы «GASYR» және «Ақтау Unique қыздар лицей интернаты» ЖШС-нің ұстаздары келді. Мұғалімдердің айтуынша екі мектептің қызметкерлерінің басындағы мәселе негізінен бірдей десек болады. Білім ошақтары басшылығы тарапынан түрлі қателіктер жіберіліп, қазір ұстаздар жалақыларынан бөлек әлеуметтік төлемдерін де ала алмай қалып отыр. Салдарынан ұстаздар уақытылы несиелері мен өзге де шығындарын жаба алмай қарызға белшеден батқан. Өзін «Ғасыр» мектебінде бұрынғы тарих пәні мұғалімі болдым деп таныстырған Дархан Жұматов есімді азаматтың айтуынша бүгінгі таңда мектеп басшылығы құр уәде берумен шектеліп отырған көрінеді.
«Мен де мына отырған ұстаздар да әбден құр уәдеге тойдық. Жалақыларымыз толық төленбей қалумен қоса мектеп басшылығы әлеуметтік төлемдерді де аудармаған. Өзіміз Талдықорған өңірінен қоныс аудардық. Себебі Ақтауды ашылып жатқан осы «GASYR» мектебінің жарнамасына сеніп 2024 жылы күзде ол жақтағы жұмысымызды тастап отбасыммен көшіп келдім. Басқы 3-4 ай бәрі жақсы болды. Одан кейін келісімшартқа сай емес жағдайлар туындай бастады. Жалақы кешікіп түсетін болды. Сосын соң бөліп төлеу басталды. Ақыры мүлде берілмей қалды. Мәселені айтып талай жердің есігін тоздырдық. Әкімшілік те салық басқармасы да еш әрекет жасамаған соң облстық прокуратураға да жаздық бірақ еш өзгеріс болмай отыр»,-дейді ұстаз.
Өзін осы «GASYR» мектебінің құрылтайшысымын деп таныстырған Халыкбердиев Якуб есімді азамат шынымен де белшесінен қарызға батып қалғанын, мұғалімдердің алдындағы қарыздарын жабу үшін өзінің үйі мен көлігін және өзге де мүліктерін сатып бүгінде ештеңесіз қалғанын айтты.
«Мен бұл мектепті алғаш құрған адамдардың бірі екенім рас. Қазір құрылтайшымыздың енді бірі аталмыш жұмыстармен айналысып, шешімін табудан бас тартты. Алғашқы кезде мектеп құрылысын жалға алдық. Мәселе осы жалға алу құнын келісімшартқа қарамай көтеріп жіберген жалға берушілердің іс әрекетінен туындады. Басында біз құрылыс жұмыстарына деп 150 млн теңге жұмсап қойдық. Жалдау құны көтерілген шақта қарызға кіре бастадық. Қазіргі таңда ұстаздарға берешегіміз 70 млн тг көлемінде. Мүмкіндігінше мұғалімдердің жалақыларын қайтаруға әрекет жасап жүрмін. Кейбірін қайтардым да. Енді қазір барлық есепшоттар бұғаттаулы болғандықтан ешқандай әрекет жасай алмай отырмын. Мен ешқауда қашып кеткенім жоқ, соңына дейін сіздермен бірге боламын тек тағы да уақыт беріңіздер»,-деді құрылтайшы Якуб.
ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова, мәселенің түйіні тек құрылтайшы мен ұстаздар арасында емес екенін және бұл жерде мектеп директоры мен есепшілердің де жауапты екенін айтты.
«Алдымен сіздердің бірігулеріңіз керек. Бірге әрекет жасаңыздар. Негізінде кез келген мекеменің қаржылық саясатындағы кемшілікке алдымен құрылтайшыдан бөлек басшылық пен есепші жауап беруі керек. Сондықтан есепшілер мен мектеп директорынан жағдайды анықтап, қажет болса заң алдында жауапқа тарту керек»,-дей келе мәселенің терең тұсына үңілді.
«GASYR» мектебінің құрылтайшысы Халыкбердиев Якуб алғашқыда директор мен есепшіге сеніп қалғанын айтты. Ал еңбек ақысын ала алмай отырған ұстаздар қауымы мектепте бір жылдың ішінде 4 директор ауысқанын және олардың ешбірінің басқарушылық тәжірибелері болмағандығын тілге тиек етті.
Ал «Ақтау Unique қыздар лицей интернаты» ЖШС-ның ұстаздары да осыған ұқсас әрекеттерден зардап шеккендіктерін айтты. Олардың да кейбірі жалақыларын уақытылы алмаса ендібіреулері әлеуметтік төлемдердің дұрыс төленбейтіндігін баяндады. Кейбір ұстаздар мектеп басшылығы тарапынан қысым да көргендіктерін жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова құқықтары тапталып отырған ұстаздерға заңды тұрғыда мәселе қаралатындығын және міндетті түрде Оқу-ағарту министрлігінің жауапты тұлғаларына мән-жайды жеткізіп, бірге зерделейтінін айтты. Одан бөлек ұстаздар қауымына құр босқа қарап отырмай, қолдан келгенше әрекет жасап өз құқықтарын қорғауды тапсырды. Ол үшін ЖСДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасы Сәкен Мыңбаевтың атына хат жолдап, eOtinish жүйесі арқылы құзырлы орындарға шағымданулары керектігін жеткізді. Сонымен қатар, арнайы хаттама толтырылып, мәселены жіті бақылауында ұстайтындығын айтты.
ЖСДП баспасөз қызметі