Қостанай қаласының тұрғындары үшін білім беру мекемелерінің ахуалы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналды. Әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күрделі жөндеудің кешігуі ата-аналар мен ұстаздарды алаңдатып отыр. Суық бөлмелер, көгерген қабырғалар, ескі терезелер мен шіріген шатырлар - мұның бәрі қаладағы кейбір білім ордаларының шынайы көрінісі.
Білім бөлімінің ресми мәліметінше, биыл қала бойынша 13 мектеп пен 8 балабақшада ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қала бойынша бірқатар балабақша ғимараттарының тозығы жетіп, кезек күттірмейтін жөндеуді талап етіп отырғаны анық байқалуда. Соның ішінде 1971 жылы салынған №14 балабақша бүгінде ғасырдан қалған сарқыншақтай ескі әрі сүреңсіз көрінеді. Шатыры шіріп, төбесінен су сорғалайды.
«Жаңбыр жауған сайын бала ұйықтайтын бөлмеге кіре алмаймыз. Төбеден аққан су еденді жайлап, қабырға көгеріп кетеді. Мұндай жағдай балалардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін», - дейді осы балабақшаға баласын әкелетін ата-аналардың бірі.
2017 жылы жүргізілген жеңіл жөндеу шынайы шешім бола алмады. Қазір шатырына күрделі жөндеу қажет. Жалпы төбеден су 2022 жылдан бері келе жатқан мәселе. Білім бөлімі жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатқанын хабарлады. Бірақ ата-аналар күмәнмен қарайды - бұл жұмыстың тағы да келесі жылға қалып қоюы мүмкін деген ой туындайды. Ата-аналардың айтуынша, жазда шатырына жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, ал күзгі жауын-шашын басталғаннан бері жағдай ушығып кеткен.
1993 жылы пайдалануға берілген №2 балабақша да осал күйде. Қыста да, көктемде де топтар суық, балалар қалың киіммен отыруға мәжбүр. Тәрбиешілер ескі терезелерге көрпелер жауып, бір амалын жасауда. Бірақ мәселенің шешімі терезеде емес, жүйеде жатқан секілді.
«Барлық терезелер ескі, жел соғып тұрады. Кейбір бөлмелерде ауа салқын болғаны соншалық, балалар жиі ауырады. Әр топта шаң көп, желмен бірге бәрі үйіріліп кіреді», - дейді ата-аналардың бірі.
2019 жылы төрт топтың терезесі жаңартылғанымен, тағы 94 терезе сол күйі қалған. Биыл оларды ауыстыру үшін бюджеттен 25 миллион теңге сұралды, бірақ қаржы бөлінбеді. 2023 жылы балабақша шатырының 50%-ы ғана жөнделіп, ағызу жүйесі жаңартылған. Қалған бөлігі тек биыл реттелді. Күрделі жөндеу әзірге күн тәртібінде жоқ. Білім бөлімінің хабарлауынша, 2025 жылы терезелерді толық ауыстыру жоспарда жоқ. Ата-аналар болса, «балаларымыз қолайсыздықта өсіп келеді» деп дабыл қағуда.
Қаланың ең көне білім ұяларының бірі - №122 мектеп. Іргетасы 1965 жылы қаланған бұл оқу орны алғаш рет күрделі жөндеуге енді ғана қол жеткізіп отыр. Ата-аналар мен мұғалімдер жылдар бойы бейнеүндеулер жасап, түрлі мекемеге жүгінген. Нәтижесінде, 2024 жылы күрделі жөндеу басталып, оған 797 млн теңге бөлінді.
«Ғимаратқа 60 жыл болды. Жылу жүйесі жарылып, сыныптарда жылу жетпейтін кездер көп болды. Қазір нақты жұмыстар басталғанына қуаныштымыз. Қабырғалар ылғалға төзімді материалмен әрленеді, санитарлық тораптар мен инженерлік желілер жаңарады», - дейді мектеп директоры Маржан Аймағанбетова.
Мектепте 620-дан астам бала оқиды. Жөндеу уақытына олар көршілес мектепке ауыстырылды. Жаңартылған мектепте пандус, арнайы әжетхана мен қауіпсіздік қоршаулары қарастырылған. Жөндеуді күтіп отырған тағы екі мектеп - №23 пен №25. Қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленген, алайда нақты іске көшуге қаражат жоқ. №23 мектеп 1991 жылы ашылғанымен, күрделі жөндеу көрмеген. 2020 жылғы сараптама инженерлік жүйелердің тозығы жеткенін анықтаған.
«Соңғы бес жылда бірде-бір шынайы өзгеріс болмады. Шатырын жөндедік, бірақ бұл уақытша шешім ғана. Мектеп ішінің жағдайы мәз емес», - дейді мектеп әкімшілігі.
№25 мектептің де жобасы дайын. Бірақ құжат мерзімі 2025 жылдың соңында аяқталады. Егер сол уақытқа дейін жұмыс басталмаса, жобаны қайта дайындауға тура келеді. Бұл - қосымша шығын. Білім басқармасының ақпаратына сай, 2025 жылы Қостанай облысы бойынша жеті мектеп пен үш балабақшаға күрделі жөндеу жүргізу үшін 3,8 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар, жаз айларында облыстағы 63 білім ұйымында жалпы құны 2 миллиард теңгеге ағымдағы жөндеу жоспарланған.
Қостанайдың білім нысандары бүгінде «жөндеуді күтіп отырған жүйеге» айналды. Бұл мәселелерді тек қағазбен емес, нақты іспен шешу керек. Әйтпесе, бүлдіршіндеріміз бен оқушыларымыз суық қабырға, көгерген төбе, ескі терезе арасынан болашаққа емес, беймәлімдікке қарап өсіп келеді.
Бұл мәселе бойынша ЖСДП партиясының Қостанай облыстық филиалы тиісті тексеру жұмыстарын жүргізетін болады.
Дильназ Изделюева ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы