Тұрғын үй саласындағы жүйелі олқылықтар Үкімет назарына ұсынылмақ

2026 жылғы 5 қаңтары күні Астана қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің (КТК) тұрғындарымен қоса мұндағы бастапқы партия ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында тұрғын үй кешендерін пайдаланудағы жүйелі проблемалар кеңінен талқыланды.

Жиынға қатысушы пәтер иелері бірлестіктері (ПИБ) өкілдері күнделікті кездесетін өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ПИБ-ОСИ -не келіп түсетін өтініштердің жеке емес, жүйелі мәселелерге байланысты болатындығы сөз болды. Олардың айтуынша келіп түсетін арыз-шағымдар тұрғын үй саласындағы кейбір ережелердың нақты заң жүзінде бекітілмегендігі мен құрылысты пайдалану моделінің нақты еместігі мәселесі төңірегінде дау туындайтындығын жеткізді. Кездесу барысында көтерілген негізгі проблемалардың бірпарасы хатқа түзіліп, тиісті орындарға жолданбақ. Атап айтқанда:

• Көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің (КТК) аумағында орналасқан қауіпті инженерлік нысандардың (оның ішінде трансформаторлық қосалқы станциялардың) иелерінің анықталмауы. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді; • Үйлер пайдалануға берілгеннен кейін паркингтердің мақсатты тағайындауын өзгертіліп кетуі, нәтижесінде автотұрақ орындарының тапшылығы мен әлеуметтік шиеленістің артуы; • КТК пайдалану мәселелері бойынша әкімдіктер тапсырмаларының формалды орындалуы және жеке жауапкершіліктің нақты белгіленбеуі; • Құрылыс салушылардың тұрғын үй заңнамасында көзделген техникалық және жобалық құжаттамалар ПИБ-ОСИ-ге түгелдей тапсырмауы; • Инженерлік желілер мен энергия нысандары үшін жауапкершіліктің құқықтық, кадрлық және техникалық мүмкіндіктері жоқ болса да ПИБ-ке жүктелуі; • ПИБ төрағаларына қысым көрсету және оларды беделіне нұқсан келтіру арқылы құрылыс сапасына қатысты мәселелерден назарды басқа жаққа бұру әрекеттері. Кездесуде жоғарыда көрсетілген мәселелер қазіргі таңда ірі қалалардағы көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің басына бұлт болып үйіріліп тұрғандығын тұрғындар да айтып отыр.

Өз сөзінде Ажар Сағандықова ПИБ тұрғын үй саласындағы дағдарыстың себебі емес, керісінше оның салдарын тіркеп шешуге ұмтылып отырған құрылым екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі проблемалар жер телімдерін бөлу, баға қалыптастыру және құрылыс салушыларды нарыққа жіберу кезеңдерінде-ақ жіберіліп жатқан сыңайлы. Депутат жердің қымбаттығы, оның құрылыс басталғанға дейін бірнеше рет қайта сатылуының өзінде күмән бар дейді.

«Бізде инженерлік шешімдер сапасына қойылатын қатаң талаптардың болмауы құрылыс жүргізу кезінде қауіпсіздікке, энергия тиімділігіне және тұрғын үйлердің кейбір шығындарын ұзақ мерзімге үнемдеуге әкелетінін жасырын жол қалыптасқан. Соның салдарынан мемлекет жылу шығындарын, апаттарды және қуат көзінің тапшылығын өтеуге мәжбүр болып отыр. Осылайша бюджетке тікелей экономикалық залал келуде»,-дейді Ажар Сағандықова.

Кездесу қорытындысы бойынша келесі қажеттіліктер нақтыланып тиісті құзырлы орындарға жіберілетін болды:

• Құрылыс салушылардың құрылыс сапасы мен пайдалану салдарлары үшін жауапкершілігін күшейту; • Инженерлік желілер мен коммуналдық инфрақұрылым нысандарын түгелдей келесі басқарушыға беру мәселесінде тәртіп орнату; • ПИБ пен олардың басшыларын түрлі қысымнан қорғау тетіктерін қамтамасыз ету; • Тұрғын үйді ұзақ мерзімді пайдалану факторын ескере отырып, жер және құрылыс саясатына байланысты заңды қайта қарау.

Депутат Ажар Сағандықова көтерілген мәселелер жинақталып, жүйелі шешімдер әзірлеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына жолданатынын мәлімдеді. ЖСДП баспасөз қызметі