Волонтерлік – жүректен басталатын жауапкершілік

Қоғам дамуының басты көрсеткіші – оның азаматтарының белсенділігі мен жанашырлығы. Мемлекет басшысының биылғы жылды Волонтерлер жылы деп жариялауы – дәл осы құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды шешім. Бұл бастама еріктілік қызметті тек қоғамдық қозғалыс ретінде ғана емес, елдің рухани дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығының негізі ретінде тануға жол ашты. Волонтерлік – өзгеге көмек қолын созу ғана емес, ол – адамгершілік пен жауапкершіліктің айнасы.

Еріктілік қызмет – қоғамның тұтастығын нығайтатын, адамдарды ортақ мақсатқа ұйыстыратын күш. Әсіресе жастар үшін волонтерлік – өмір мектебі. Ол азаматтық ұстанымды қалыптастырып, көшбасшылық қасиетті шыңдайды, әлеуметтік жауапкершілікті арттырады. Қоғам игілігі жолында атқарылған әрбір іс – ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан волонтерлік мәдениетті дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы игі бастаманы қолдау мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы Тараз политехникалық жоғары колледжінде жас студенттермен дөңгелек үстел өткізді. «2026 жыл – Халықаралық волонтерлер жылы» тақырыбында өткен бұл кездесу жастарды еріктілік қозғалысқа тартуға, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталды. Іс-шара барысында студенттер волонтерлік қызметтің мәні мен маңызы туралы ой бөлісіп, қоғам өміріндегі өз рөлі жайында пікір алмасты. Кездесуге қатысқан филиал маманы Әбдиев Еркін Қайырбекұлы волонтерліктің терең мағынасына тоқталып, оның азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы орны ерекше екенін атап өтті. Ол жастарды ел болашағына бейжай қарамауға, белсенді әрі жауапты болуға шақырды. Жиын соңында белсенділік танытқан жас студенттер партияның Жастар қанатына қабылданып, оларға қабылдау билеттері салтанатты түрде табысталды. Бұл – жастардың қоғамдық өмірге белсене араласуға дайын екенінің және ел дамуына үлес қосуға деген ұмтылысының айқын көрінісі болды. Осындай кездесулер жас буынның санасында еріктілік пен жауапкершілік ұғымдарын бекітіп, қоғамға қызмет етудің қадірін түсіндіреді. Волонтерлік – жүректен басталатын әрекет. Ал жүректен туған іс әрдайым берекелі болмақ.

ЖСДП Жамбыл облыстық филиалы