Қызылорда – Жезқазған автожолына мониторинг жүргізілді

2026 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаевтың жұмыс сапары барысында Қызылорда – Жезқазған автожолына инспекциялық тексеріс жүргізілді.

Тексеріс шарасына жергілікті қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғам белсенділері, сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жүргізушілер де қатысты. Сапарға қатысушылар Қызылорда – Жезқазған автожолының өңірлер үшін стратегиялық әрі әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екені сөз болды. Бұл жол аймақтар арасындағы көлік байланысын қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіз қозғалысына және өңіраралық қатынастардың дамуына ықпал ететіні анық. Инспекциялық тексеріс барысында жол жамылғысындағы ойықтар, жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы, жол жиегі, су ағарлары және жол қозғалысын ұйымдастыру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кемшіліктер анықталды. Жүргізушілер мен жергілікті тұрғындар тарапынан жолдың техникалық жағдайына және анықталған ақауларды жедел түрде жою қажеттілігіне қатысты өтініштер мен ескертулер айтылды. Өз кезегінде мәжілісмен Нұрлан Әуесбаев олқылықтарды дер кезінде жойып, тұрғындардың талаптарын орындау бірінші кезекте болу керектігін атап өтті.

«Жол жөндеу жұмыстарының сапасына бақылауды күшейту, бюджет қаражатының жұмсалу кезіндегі ашықтықты қамтамасыз ету және мердігер ұйымдардың жеке жауапкершілігін арттыру қажет. Себебі бақылау болмаған жерде кемшілік те көп болуы ықтимал», – деді ол.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша төмендегідей шешімдер қабылданды:

• Қызылорда – Жезқазған автожолындағы анықталған проблемалы учаскелерді тіркеу және азаматтардан түскен өтініштерді жинақтау; • Инспекциялық тексеріс қорытындысы бойынша аналитикалық анықтама дайындау; • Жол жұмыстарының сапасы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар мен ресми хаттар жолдау; • Жауапты мемлекеттік органдарға жөндеу жұмыстарының орындалуына және техникалық стандарттардың сақталуына бақылауды күшейтуді ұсыну; • Қызылорда – Жезқазған автожолының жағдайына қоғамдық және депутаттық мониторингті жалғастыру.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Ұлытау облыстық филиалының төрағасы Жагипаров Б.К.