Атырау қаласында жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз орнатылған сауда дүңгіршектері облыс орталығының сәулеттік келбетіне кері әсер етіп отыр. Заңсыз кәсіпкерлік қызмет тұтынушылардың құқықтарын бұзып, қаланың жарық, су, кәріз жүйелерін тиісті рәсімдеусіз пайдалану жағдайлары тіркелген.
Заңсыз орнатылған дүңгіршектердің жұмысына байланысты әкімдік арнайы комиссия құрып, бірқатар жұмыстар жүргізгенімен, Атырау қаласындағы орталық алаңдарда, жағалауларда және халық көп жүретін қолайлы орындарда сауда әлі де қызу жүріп жатыр. Қоғамдық бірлестіктер мен қоғам белсенділері заң бұзушылықтар бойынша мониторинг жүргізіп, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға хат жолдап, мәселені бақылауға алуға тырысқан. Алайда заңсыз орнатылған сауда нүктелері мен дүңгіршектердің жұмысы түбегейлі тоқтамаған. Тіпті оның артында ықпалды тұлғалардың тұруы да ықтимал деген де күмән туған болатын.
Осы мәселелерді өкілетті органдармен талқылап, оң шешімдер қабылдау және ұсыныстар енгізу мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Атырау облыстық филиалы арнайы кездесу өткізді. Кездесуге ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті, Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы, Атырау қаласының қаржы бөлімі, сондай-ақ «Атырау жарық» ЖШС өкілдері қатысты.
ЖСДП Атырау облыстық филиалының төрағасы Н. Камалова облыс орталығындағы заңсыз дүңгіршектер бойынша бір жыл бойы жүргізілген партиялық бақылау қорытындыларымен таныстырды. Оның айтуынша, өткен жылдың мамыр айында Авангард-2 ықшам ауданы, 1-үйдің тұрғындары құзырлы органдарға шағым түсірген. Шағымдар аталмыш үйдің маңында орналасқан үш заңсыз дүңгіршекке қатысты болғанымен, жолданған хаттардан нақты нәтиже болмаған. Осыдан кейін ЖСДП Атырау облыстық филиалы қыркүйек айында үй тұрғындары мен өкілетті орган қызметкерлерінің қатысуымен арнайы кездесу ұйымдастырған. Тек осы жағдайдан кейін ғана әкімшілік хаттамалар толтырылып, қазіргі таңда сот процесі басталған. Заңсыз дүңгіршектер мәселесін талқылау барысында белгілі болғандай, елімізде заңсыз сауда орындарын жедел түрде тоқтатуға мүмкіндік беретін нақты заң нормасы жоқ. Заңсыз сауда орындары анықталған жағдайда да, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, соңғы шешімді сот қабылдайды.
Атырау облысының жер ресурстарын басқару департаменті бөлімінің басшысы Д. Ерболатовтың айтуынша, дүңгіршек иесіне заңсыз сауда орны бойынша тексеріс басталатыны туралы хабарлама табыстау жұмыстары жүргізілген. Алайда сауда нүктесінің нақты иелерін табу қиынға соғып отыр. Нысан иесінің шетел азаматы болуы не иесінің Қазақстан аумағында болмауы себепті бұл жұмыстар бірнеше айға созылып кеткен. Соған қарамастан, алдағы уақытта аталған мәселе бойынша нақты нәтижелер болатыны айтылды.
Кездесуге қатысқан өзге де лауазымды тұлғалар заңсыз сауда орындарын анықтау және олардың жұмысын тоқтату бағытында атқарылған жұмыстар үшін ЖСДП Атырау облыстық филиалының өкілдеріне ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.
Дамира Жанаева
ЖСДП Атырау филиалының маманы