Жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту: ауыл тұрғындарын жер, жайылым және қаржы мәселесі неге алаңдатады?

Қазақстан Республикасы Құрылтайы қабырғасында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) фракциясының ұйымдастыруымен «Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін жағдай жасау және ЖҚШ кооперативтерін дамыту қажеттілігі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиында жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру, жайылым мен жерге қолжетімділік, мемлекеттік қолдау тетіктері және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Кездесуге депутаттар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ғалымдар, заңгерлер, сала мамандары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың иелері қатысты. Талқылау барысында ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен қатар, шаруалардың күнделікті жұмысында кездесетін нақты кедергілер де сөз болды. Қатысушылардың пікірінше, ауыл тұрғындарының өз шаруашылығын жүргізіп, отбасын асырауына мүмкіндік жасау үшін тек қаржылай көмек көрсету жеткіліксіз. Жерге қолжетімділік, жемшөп базасы, несие алу шарттары, кооперативтердің құқықтық мәртебесі және жергілікті ерекшеліктерді ескеретін заңнамалық тетіктер де қатар қарастырылуы қажет.

Жеке қосалқы шаруашылықтар – ауыл экономикасының маңызды бөлігі

Ауылдық жерлерде көптеген отбасы мал өсірумен, егін егумен және басқа да шаруашылық жұмыстарымен айналысады. Алайда олардың бәрі бірдей өз өнімін тиімді өткізіп, өндіріс көлемін ұлғайта алмай отыр. Бірінде жайылым жетіспейді, енді бірінде жемшөп сатып алуға қаражат жоқ. Ал шаруашылығын кеңейтіп, кәсіпкерлік деңгейге көтергісі келетін азаматтар үшін несие алу мен жер мәселесі қосымша қиындық туғызып отыр. Дөңгелек үстелдің модераторы, ЖСДП депутаты Мақсұт Насибулов бұл мәселелерді шешу үшін нақты қадамдар қажет екенін атап өтті.

«Айтып келе жатқанымыздай, бұл мәселені іс жүзінде жүзеге асыру үшін бізге бірнеше қадам жасау қажет. Осыған байланысты бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Премьер-Министрге бірнеше хат жолданған болатын. Осыдан екі апта бұрын фракциямыздың атынан Ауыл шаруашылығы министріне жеке қосалқы шаруашылықтардың мәселелері және олардың кооперативтерін құру жөніндегі ұсыныстар қамтылған депутаттық сауал жолданды. Әзірге оған жауап келген жоқ. Осы уақыт аралығында біз бүгінгі іс-шараны өткізіп, мәселенің бар екенін нақтылап, жеке шаруашылық иелерінің қандай қиындықтарға тап болып отырғанын анықтап, оларды шешудің нақты жолдарын талдап көруді мақсат етіп отырмыз», – деді депутат.

Қатысушылар ЖҚШ-ны тек отбасын күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз ететін шаруашылық ретінде ғана емес, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттырып, азық-түлік өндірісіне үлес қоса алатын экономикалық құрылым ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жеке шаруашылықтарды дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық негіз қалыптастыру, олардың кооперативтерге бірігуіне жағдай жасау және мемлекеттік қолдауды нақты қажеттіліктерге бағыттау мәселелері көтерілді.

Министрлік өкілі: кооперация ауылдың экономикалық тірегіне айналуы керек

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Айнұр Ерденқызы Ардабаева қатысушыларға ауыл шаруашылығын қолдау бағытында қолданылып жатқан тетіктер туралы ақпарат берді. Министрлік өкілінің мәліметінше, кейінгі жылдары ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі ұлғайған. Жеңілдетілген несие беру көлемі 2021 жылғы 70 миллиард теңгеден 750 миллиард теңгеге дейін өскені айтылды. Ал мал шаруашылығы мен қайта өңдеуді қоса алғандағы қаржыландырудың жалпы көлемі 1,05 триллион теңгеге жеткені хабарланды. Министрлік өкілі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуда кооперацияның маңыздылығына тоқталып, әр ауылдың өз мүмкіндіктеріне сай мамандануын ұсынды.

«Мәселелерді шешу үшін жеке қосалқы шаруашылықтарға, қарапайым шаруаларға жағдай жасау, мемлекет тарапынан қолдау көрсету жолдарын қарастырдық. Қалалар мен далалық өңірлерді біртұтас экономикалық жүйеге біріктіру тәжірибесі болған. Әр аумақтың не өндіретінін, немен сауда жасай алатынын немесе нені айырбастай алатынын білу маңызды еді. Бүгінде осы қағиданы заманауи түрде пайдалана аламыз. Әр ауыл өзінің мамандану бағытын анықтап, ресурстарын біріктіріп, нәтижесіне өзі жауап беруі керек. Бұл – өткенді сол күйінде қайталау емес, оның тиімді тұстарын қазіргі жағдайға бейімдеп пайдалану. Біз жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперативтерін құруды ұсынамыз. Оларды ірі шаруашылықтармен немесе кооперацияның басқа нысандарымен араластырмау қажет. Егер ауыл сүт бағытында маманданатын болса, ауыл тұрғыны өзі-ақ өнімділігі жоғары сүтті сиыр тұқымын таңдауға мүдделі болады. Ал ет бағытында жұмыс істейтін ауыл үшін етті бағыттағы асыл тұқымды мал тиімді. Яғни біздің мақсатымыз – ауыл тұрғынын мәжбүрлеу емес, оған нақты экономикалық мүмкіндік жасау. Сонда кооператив қағаз жүзіндегі ұйым емес, ауылдың нақты экономикалық тірегіне айналады», – деді министрлік өкілі.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен оны өңдейтін кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған тетіктер де сөз болды.

Кооперативтердің жұмысы: ресми статистика мен нақты жағдай

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Бижановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, оларға қолдау көрсету тетіктері қарастырылған.

«Өткен жылы өндіріс көлемі 84 пайызға өссе, кейбір кооперативтерде өндіріс көлемі екі есеге артқан. Сонымен қатар осы кооперативтердегі мал басының саны 52,5 пайызға көбейген. Кооперативтер үшін қаржыландыру көлемі ұлғайтылып, 80 мың АЕК-ке дейін, яғни шамамен 35 миллион теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Әкімдіктердің жедел мәліметтері бойынша, статистикалық есепте 5,5 мыңға жуық кооператив болғанымен, қазіргі таңда олардың іс жүзінде шамамен 900-і ғана жұмыс істеп тұр», – деді Дәулет Бижанов.

Алайда мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, бірқатар өңірде жайылымдық алқаптардың тапшылығы, шалғайдағы жайылымдарды пайдалану және қажетті инфрақұрылымды дамыту мәселелері әлі де өзекті. Бұл туралы дөңгелек үстелге арнайы қатысқан ауыл тұрғындары айтты.

Қайтарылған жерлер ауыл тұрғындарына қаншалықты қолжетімді?

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 1 шілдедегі тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмай жатқан және заңнама талаптарын бұза отырып берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп келеді. Осы жұмысты үйлестіру мақсатында арнайы республикалық комиссия құрылды. 2024 жылғы қыркүйектен бастап оның қызметі жерлерді әділ қайта бөлуге, топырақтың тозуы мен жайылым тапшылығы мәселелерін шешуге бағытталғаны айтылды. Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күнге дейін мемлекет меншігіне 15,6 миллион гектар жер қайтарылған. Оның ішінде 13,9 миллион гектары – жайылымдық алқаптар. Қазіргі таңда қайтарылған жерлердің 13,5 миллион гектары қайта бөлінген. Оның ішінде елді мекендерге жақын орналасқан 5,15 миллион гектар жер жергілікті тұрғындардың мал жаюы үшін басым тәртіппен ортақ пайдалануға берілгені хабарланды. Алайда ауыл тұрғындары ресми есептерде көрсетілген деректер мен өздері күнделікті көріп отырған жағдайдың арасында айырмашылық бар екенін айтады. Олардың пікірінше, кейбір ауылдарда елді мекенге жақын жайылымдар әлі де ірі шаруашылықтардың пайдалануында қалып отыр. ЖСДП өкілдері, оның ішінде депутат Мақсұт Насибулов, бірқатар ауылға барып, тұрғындармен кездескенін және олардың мәселелерімен танысқанын жеткізді. Дөңгелек үстелге қатысқан ЖҚШ иелері мен ауыл тұрғындары мемлекеттік органдар келтірген деректерге қарамастан, жер мен жайылымға қолжетімділік мәселесі толық шешілмегенін алға тартты.

«Мал бар, бірақ жайылым жетіспейді»

Ауыл тұрғыны Нұрлан Болатұлы Ысқақов жиынға ауылдастарының аманатын арқалап келгенін айтты. Оның сөзінше, кооператив құруға заң жүзінде мүмкіндік болғанымен, оны іс жүзінде ұйымдастыру кезінде қарапайым шаруалар бірқатар кедергіге тап болады.

«Мемлекеттік органдар кооперативтер туралы заң бар екенін, заң жұмыс істеп тұрғанын айтып, жақсы көрсеткіштерді келтіріп отыр. Статистика бойынша 5 мыңнан астам кооператив бар, соның шамамен 900-і ғана іс жүзінде жұмыс істейді деді. Бірақ қарапайым адамдар кооперативті құрудың өзінде қиындықтарға тап болып отыр. Мен өзім де жеке қосалқы шаруашылықтың өкілімін. Үш жеке қосалқы шаруашылыққа қатысым бар. Біздің негізгі проблемамыз – кооперативті қалай тіркеу керектігінен бастап, осы қосалқы шаруашылықтардың жайылымы мен жемшөп базасына дейінгі мәселелер. Бізде мал бар, бірақ жайылым жетіспейді. Жайылымға түсетін жүктеме өте жоғары. Мысалы, қоғамдық жайылымдарда заңды тұлғалардың малы жайылып жүр. Олар неге жайылып жүр? Олар қандай негізде қоғамдық жайылымдарды пайдаланады? Қоғамдық жайылымдар қалай бекітіледі? Кім бекітеді? Қай жер қандай санатқа жатады? Бұл мәліметтерді қарапайым ауыл тұрғыны қайдан алады? Мәселе осында», – деді ол.

Ауыл тұрғыны жер учаскелерінің мәртебесі, жайылымдарды пайдалану тәртібі және мал жаюға қатысты нақты ақпараттың қолжетімді болуы керектігін атап өтті. Оның айтуынша, елді мекендер мен жеке тұрғын үй құрылысына қатысты жерлер жөніндегі мәліметтерді алу да оңай емес. Ақпараттың бір бөлігі архивтерде сақталғандықтан, қажетті деректерге қол жеткізу қиындық туғызады.

«Жайылымға түсетін жүктеме де нақты есептелуі керек. Мысалы, бір гектарға қанша мал басы шақ келуі тиіс? Әрбір жеке қосалқы шаруашылық қанша мал ұстай алады? Мұның нақты нормативтері бар ма? Кооперативті тіркеуге болады. Заң бойынша оған мүмкіндік бар. Бірақ жемшөп базасы болмаса, кооперативті не үшін құрамыз? Ал келесі мәселе – жемшөп қайда өндіріледі? Оны өндіруге қандай қаражат қажет? Қыста малды қалай асыраймыз? Менің өзімнің мамандығым – зоотехник. Сондықтан бір сиырды ұстаудың жылдық шығыны қанша екенін түсінемін. Бірақ жемшөпті қайдан аламыз? Бүгінде біздің жемшөп базамыздың едәуір бөлігі ірі шаруашылықтар мен кәсіпкерлердің қолында. Кезінде өзіміздің жер үлестерімізді, жайылымдарымызды сол шаруашылықтарға бердік. Олар оны пайдаланып, пайда тауып отыр. Ал біз қазір жеке қосалқы шаруашылық ретінде мал ұстап отырмыз. Бірақ жемшөп базасын өзіміз қамтамасыз ете алмайтынымыз анық. Сондықтан мемлекеттің қолдауы өте маңызды», – деді ауыл тұрғыны.

Осы пікірлер мемлекеттік қолдау шараларының нақты ауыл тұрғындарына қаншалықты қолжетімді екенін және олардың күнделікті қажеттіліктеріне қаншалықты сәйкес келетінін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.

Жас фермерлерге қандай қолдау қажет?

Дөңгелек үстелде сөз алған жас фермер, шаруашылық директоры Саят Наурызбайұлы Өтегенов те өз тәжірибесімен бөлісті. Оның айтуынша, ауылда қалып, жер өңдеу мен мал шаруашылығын дамытуды таңдаған азаматтар көптеген қаржылық кедергіге тап болады.

«Мен – ауыл шаруашылығын енді қолға алып келе жатқан жас фермермін. Өз тәжірибемнен ауылда тұрып, жер өңдеуді және ауыл шаруашылығымен айналысуды таңдаған адамның еңбегі қаншалықты қиын әрі лайықты бағаланбайтынын көріп жүрмін. Бүгінде жеке қосалқы шаруашылықты немесе шағын шаруа қожалығын ашып, оны дамыту барған сайын қиындап барады. Жемшөп, жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникасы, қосалқы бөлшектер мен құрылыс материалдарының бағасы үнемі өсіп келеді. Ал шаруашылықты енді бастаған фермердің толыққанды жұмыс істеуге қажетті дүниелердің бәрін сатып алуға қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Бір қарағанда, мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға және отандық өндірушілерді қолдауға мүдделі сияқты. Алайда іс жүзінде жеңілдетілген несие алу үшін көбіне жылжымайтын мүлік немесе несие сомасының едәуір бөлігіне тең депозит түрінде кепіл талап етіледі. Сонда ауыл шаруашылығына енді қадам басқан жас адамның мұндай кепілді қайдан алатыны заңды сұрақ туындайды. Нәтижесінде еңбекқор, жігерлі, болашағынан үміт күттіретін көптеген жас табыс іздеп, қалаға кетуге мәжбүр. Ауыл жұмыс күшінен, даму мүмкіндігі бар жастарынан айырылып жатыр. Сонымен қатар жердің едәуір бөлігі мен өндірістік ресурстар ірі шаруашылықтардың қолында шоғырланған. Ұрпақ алмасуы, бизнестің іріленуі және жердің одан әрі шоғырлануы жергілікті тұрғындардың мүдделерін екінші орынға ығыстыруы мүмкін. Ірі компаниялар үшін жер көбіне экономикалық актив болса, ауыл тұрғындары үшін ол – жұмыс көзі, табыс көзі және болашаққа деген үміті. Бұл үмітті өшіріп алмау керек», – деді Саят Өтегенов. Жас фермер шағын шаруашылықтарды қолдау мен ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты бірқатар ұсынысын да ортаға салды. «Сонымен бірге шағын фермерлер қаржылық мүмкіндіктері мол әрі мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға бейімделген ірі кәсіпорындармен бәсекелесуге мәжбүр. Менің ойымша, ауылды дамыту тек ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдаудан басталмауы керек. Шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарға да нақты көмек көрсетілуі қажет», – деді ол.

Жас фермердің ұсыныстары

Біріншіден, жаңадан бастаған фермерлер үшін жеңілдетілген несиелер қолжетімді болуы керек.

Екіншіден, елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлерге қолжетімділікті арттыру қажет. Ауыл тұрғындары мал ұстап, оның санын көбейтуге нақты мүмкіндік алуы тиіс. Ол үшін жайылымдарды тиімді пайдалану, айналымға енгізілмеген жерлерді шаруашылыққа қайтару және жергілікті халықтың қажеттілігін ескере отырып, жайылымдарды әділ бөлу қажет.

Үшіншіден, шағын шаруашылықтар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға түсетін салықтық жүктемені азайту керек. Фермердің пікірінше, осындай шаралар ауылдағы шағын кәсіпкерліктің дамуына және жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына мүмкіндік береді.

Ауыл мәселесін ғылыммен ұштастыру қажет

Жиын барысында Астанадағы агротехникалық университеттің ғалымдары да өз пікірлерін ортаға салып, ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Талқылауда ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі ғылыми зерттеулермен қатар, ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты шаралардың маңыздылығы атап өтілді. Жеке қосалқы шаруашылықтарды тиісті есепке алу, олардың құқықтық мәртебесін нақтылау және қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділігін қамтамасыз ету қажеттігі сөз болды. Қатысушылардың пікірінше, ЖҚШ-ны дамыту ауылдағы жұмыспен қамтуға, азық-түлік өндірісін арттыруға және ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге ықпал ете алады. Ал шағын шаруашылықтардың мәселелері назардан тыс қалса, ауылдан қалаға көшу үдерісін тежеу де қиындай түседі. Сондықтан ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, жер мен жайылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету, қаржыландыру тетіктерін жетілдіру және кооперацияны дамыту өзара сабақтас міндеттер ретінде қарастырылуы керек.

«Басты мақсат – ауылдарды сақтап қалу»

Дөңгелек үстелді қорытындылаған депутат Мақсұт Насибулов ауыл шаруашылығындағы қордаланған мәселелерді бір күнде шешу мүмкін емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, әр мәселенің нақты шешу жолдарын қарастыру қажет. Депутат ЖСДП-ның мақсаты біреуді қаралау немесе біреуді ақтау емес, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға ықпал ету екенін жеткізді. «Біздің мақсат – ауылдарды оңалту. Біздің мақсат – жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау. Ортақ іске жұмылу баршамыздың басты мүддеміз болуы керек. Сондықтан шаруаны алдағы уақытта да алға жылжыту мақсатында өздеріңізбен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра беретін боламыз», – деді Мақсұт Бейбітұлы. Дөңгелек үстелде айтылған пікірлер ауыл шаруашылығын дамыту үшін тек қаржыландыру көлемін арттыру жеткіліксіз екенін көрсетті. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тұрақты жұмыс істеуі үшін жер мен жайылымға қолжетімділік, жемшөп базасы, қолайлы несие шарттары және тиімді кооперация тетіктері қажет. Ауылдың әлеуетін арттыру – ауыл тұрғындарының өз еңбегімен табыс табуына мүмкіндік жасау. Ал бұл үшін мемлекеттік қолдау нақты қажеттіліктерге бағытталып, қабылданатын шешімдер ауылдағы күнделікті жағдаймен үйлесуі керек.

ЖСДП баспасөз қызметі