Жітіқара тұрғындары табиғатқа төнген қауіпке алаңдаулы

Қостанай облыстық ЖСДП филиалының өкілдері Жітіқара ауданының халқымен кездесу өткізді. Жиын барысында өңір экологиясының жай-күйі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері кеңінен талқыланды. Жергілікті тұрғындар табиғи ортаға төніп тұрған нақты қауіптерді аша айтып, елдің ертеңіне алаңдайтындарын жеткізді.

Кездесуге жиналған жұрттың жанайқайы ортақ болып отыр. Алдағы уақытта Пригородный ауылы маңында салынуы тис алтын өндіру карьері табиғатқа орны толмас залал әкеледі. Қазірдің өзінде экологиялық жағдай мәз емес, ал егер бұл жоба іске асса, онсыз да күрделі ахуал тіптен ушығып тұрғындардың өмірі күрделенбек. Тұрғындардың айтуынша, алып техникалардың жұмысы басталған шақтан-ақ шаң-тозаң ауаға тарайды.

«Карьер елді мекеннен небәрі 35 метр қашықтықта салынбақ. Бұл - қолданыстағы заң талаптарына қайшы. Шын мәнінде, мұндай өндіріс ошақтары елді мекеннен кемінде 1 шақырым алшақ орналасуы тиіс», - деді тұрғындардың бірі.

Кездесу барысында өзен суынан асбесть элементі табылғаны туралы да сөз болды. Бұл адам ағзасына түссе қауіпті дертке шалдығады екен. Ең қиыны асбесттің адам ағзасына әсері бірден байқалмайды - ол жылдар бойы жиналып, ақырында онкологиялық ауруларға алып келеді. Ресми деректер бойынша, Жітіқара ауданы - қатерлі ісікке шалдығу көрсеткіші жағынан Қостанай облысындағы алдыңғы орындардың бірінде тұр.

«Біз таза ауыз суға 25 жылдан бері зәруміз. Ауылда жалғыз ғана құдық бар, одан алған судың құрамынан асбест мөлшері қалыптан бірнеше есе асып кеткен. Бұрын мұндай болмаған еді. Екінші, қазірдің өзінде ауылдың жолдары бұзылып жатыр, ал ертең карьер іске қосылса, ауылда көлікпен жүру мүмкін болмай қалары сөзсіз»,-дейді Глебовка ауылдық округінің тұрғыны.

Жітіқарада хризотил-асбест өндіретін елдегі жалғыз кәсіпорын жұмыс істейді. 1960 жылдан бері іске қосылған бұл өндіріс орнынан тарайтын асбест қалдықтарының зияны туралы мәселе жылдар бойы айтылып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да бұл элементтің өкпе обыры мен өзге де қатерлі дерттерге тікелей себеп болатынын ескерткен.

«Адам ағзасы зиянды заттарды бірден сезінбейді. Бірақ ол бойда сақталып, жылдар өте келе қатерлі ауруларға ұласуы мүмкін. Экономиканы адам денсаулығынан биік қою - ақылға сыймайтын әрекет. Егер мұнда жағдай жақсармайтын болса, бұл жерден адамдар ғана емес, өмірдің өзі кетуі мүмкін»,- деп атап өтті «Ноосфера» экологиялық ұйымының өкілі Виктор Безвугляк.

Кездесу соңында тұрғындар өздерінің өтініштерін партия өкілдеріне айтып шара қолдануға әрекет жасауды жеткізді. Олар экологиялық мәселелердің тек биліктің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін айтып, бұл бағытта нақты шаралар қолға алынуы тиіс екенін жеткізді.

«Тұрғындар көтерген барлық мәселелер ескерусіз қалмайды. Біз бұл деректерді тиісті органдарға жеткізіп, заң аясында әрекет етеміз. Бұл бағытта халықпен бірлесіп жұмыс жүргізуге әзірміз», - деді Қостанай облыстық ЖСДП филиалының төрағасы Дамир Жақанов.

Дильназ Изделюева

ЖСДП Қостанай облыстық филиалының баспасөз хатшысы