
Бүгін, ҚР Парламенті Мәжілістің жалпы отырысында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының депутаты ӘУЕСБАЕВ Нұрлан Сатыбалдыұлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Қабыкенқызы Жақыповаға халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселесі мен салаға тартылған қаражат турасында сұрақ қойды. «Субсидияланатын жұмыспен қамту, «Жастар практикасы», «Күміс жас» және кәсіпкерлікті гранттық қолдау бағдарламаларына миллиардтаған бюджет құю жүзеге асырылады. Бірақ Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес әрбір төртінші шарт мерзімінен бұрын бұзылады, қатысушылардың жартысынан азы тұрақты жұмыс табады, ал 50% астамы бизнес-грант алушылар. Олар бір жыл ішінде кәсіпкерлік қызметін тоқтатады. Бұл ретте мемлекеттік қаражатты нақты бақылау, жауапкершіліксіз және мақсатсыз пайдаланылған қаражатты қайтару тетіктерінсіз бөлу жалғасуда. Осыған байланысты сұрақ, әлеуметтік осал топтарды субсидияланатын жұмысқа орналастыру және гранттық қолдау бағдарламаларының жүйесіндегі тиімсіздіктердің себептері қандай? Басқа мақсатқа жұмсалған қаражатты бақылау және қайтару тетігі қашан әзірленеді?»,-деді Нұрлан Сатыбалдыұлы өз сауалында. Сауалға жауап берген сала министрі Светлана Жақыпова осы жылдың соңында барлығы 70 млрд теңгеге жуық қаражатты қайтаратындықтарын айтты. «2024 жылы біз сараптама жүргізіп, қазіргі таңда құқық қорғау орындарымен біріге отырып 42 млрд теңгені қайтару үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. ҚР Премер министрінің тапсырмасымен Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді. Бұған сәйкес 6 бағыт бойынша берілетін субсидияның 2 бағыты оптимизациядан өтеді. Оның біріншісі жұмыс орындары болса келесісі Ұрпақтар келісімшарты деп аталады. Қазіргі таңда субсидиялар ала отырып жұмыс орындарын құрушыларға біз бірнеше бағыт негізінде нақты талаптар қойып отырмыз. Оның алғашқысы жұмыс беруші еңбек нарығында кемінде бір жылдан кем емес уақыт әрекет етеуі керек, Сонымен қатар, жұмыс берушінің өзге де жұмыскерлерге жалақы берешегі болмауы керек және де тиісті әлеуметтік төлемдер уақытылы төленіп отыруы тиіс. Енді осы жұмыстардың нәтижесінде біздің болжам бойынша жыл соңына дейін 70 млрд теңгені кері қайтаратын боламыз»,-деді министр Светлана Жақыпова.
ЖСДП баспасөз қызметі