Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының биылғы 2025 жылғы дәстүрлі халыққа Жолдауын талқылап, ондағы басымдықтар мен Үкіметке жүктелген міндеттер төңірегінде біз Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Сатыбалдыұлы Әуесбаевпен сұхбаттасқан едік.
Нұрлан Сатыбалдыұлы Президенттің биылғы Жолдауында еліміздегі кадр тапшылығын жою мен елдің ішкі және сыртқы көші-қон мәселесін реттеуге байланысты маңызды тұжырым айтылғанын атап өтті. Өзіңіз де ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде үнемі осы мәселені көтеріп жүрсіз. Президенттің бастамасын толықтыра кетсеңіз?
— Президент Жолдауда «Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн», – деп атап өтті. Бұл білікті әрі білімді жастарымыздың шет елге кетуінің себебін анықтап, оларды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін саралап, нақты заңға енгізу керектігін меңзейді. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың өзегі, ел болашағының кепілі. Елімізде жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы ЖОО-ны тамамдап, диплом алады. Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп отыр. Алайда оқу бітірген мамандардың көбі өз саласы бойынша жұмыс істемей, көпшілігі арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды. Менің айтарым: біздің жастарымыз экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет тиісті шара жасауы керек. Ең алдымен Президенттің өзі басымдық беріп отырған жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу де аса маңызды. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Бұл бірінші айтпағым. Екінші айтарым: бізде еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай саланың даму бағдарын болжау жұмысының сапасына, тиімділігіне кері әсер етеді. Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуі тиіс. Елімізде ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің шашыраңқылығының салдарынан ірі қалаларымызда әлеуметтік және тұрмыстық келеңсіздіктер, басқарушылық инфрақұрылымда қиындықтар туындап жатқаны бәрімізге мәлім. Қазіргі таңда ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіп отыр. Жұрттың өңірлерден ел астанасына немесе ірі қалаларға ағылуына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды ететін және басқа да орталықтарды жоюға арналған кешенді шаралар қабылдау керек.
— Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту туралы да айтты. Бұл мәселе төңірегіндегі ойыңызды білсек.
— Мемлекет басшысы алдымен ет мәселесіне тоқталды. Бүгінде ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету – басты міндет. Сондай-ақ осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту қажет. Президент «Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят», – деп атап өтті. Бұл – Президент тарапынан берілген үлкен сын әрі ескерту. Президенттің тағы бір пайымы – дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде таныту. Бұл ел экономикасына әрі ішкі-сыртқы нарыққа оң серпін беруі тиіс.
— Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына үлкен басымдық беріліп отырғанын байқадық. Бұл аталмыш салаға жасалған ескерту деп түсінген дұрыс па?
— Меніңше, бұл аграрлық салаға беріліп отырған екпін. Айта кету керек, мемлекет басшысы мәселені тек ауыл шаруашылығы саласының ғана міндеті деп қарамауды тапсырды. Президент өз сөзінде: «Аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажет. Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуі тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Осыны Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек», – деп атап көрсетті. Сонымен қатар, сүт өндірушілерді қолдауға тапсырма берді. Себебі олар Еуразия экономикалық одағына мүше басқа мемлекеттердің кәсіпорындарымен салыстырғанда қажетті мемлекеттік қолдауға ие болмай отыр. Содан тиімсіз жағдайларға тап болып, ішкі нарықта бәсекелестеріне есе жіберіп жатыр. Бұл да реттелуі тиіс маңызды мәселе.
— Денсаулық сақтау жүйесіне қатысты да Президент бірнеше мәселе көтерді. Жақында ғана ауылдарға барып халықпен кездесіп келген депутат ретінде не айтар едіңіз?
— Президент Жолдауда нақты жасалған жұмыстарды айта келе, саланы әлі де көтеру керектігіне тоқталды. Ол нақты цифрлар келтіре отырып, денсаулық сақтау нысандарының құрылысын мысалға алды. Бұл мемлекет басшысының денсаулық саласын үнемі бақылауда ұстап отырғанын көрсетеді. Ол өз сөзінде - «Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды» - деді. Осы ретте Президент бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажеттігін шегелеп тұрып тапсырды. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдерін қолдана отырып, жеке инвестицияны да тарту керек. Бұл да өз кезегінде жоғарыда айтқан орталық қалаларға жаппай көшудің алдын алатын мәселе болмақ. Шынын айту керек. Көп азаматтарымыз дұрыс ем-дом алу мақсатында Астана мен Алматыға келіп жатады. Оны өзіміз де көріп жүрміз. Егер ауылыңда не аудан орталығында кешенді медициналық нысан болса қалаға келіп несі бар. Сол жерден-ақ сапалы ем қабылдаған абзал ғой. Екінші жағынан қаражатқа да үнем болары анық.
— ЖСДП партиясы үнемі еліміздегі фармацевтика саласындағы олқылықтарды көтеріп жүреді. Аталмыш партия атынан сайланған депутат ретінде бұл салаға байланысты не айтар едіңіз? Не дегенмен бұл да медицина саласының бір тармағы ғой.
— Шын. Фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет болуы керек. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті. Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар екенін атап өтті. - «Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр. Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруы тиіс. Бұл жұмыс өз жалғасын табады»,- деді. Бұл шаралардың қатарынан еліміздегі фармацевтика саласы да тыс қалмайтыны анық. Жасанды интелекті жүйесі негізінде фармацевтика саласын жетілдіретін болсақ, ондағы алыпсатарлық пен, біз айтып, үнемі көтеріп жүрген заңсыз айналымдағы дәрі-дәрмектердің де жолы кесілетіні анық. Жалпы алғанда, Жолдауда айтылған барлық бастамалар халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталғаны анық. Сондықтан Жолдауды қолдау – баршамыздың міндеті.
Сұхбатыңызға рақмет. Дайындаған: Бердібек Қабай