ЖСДП қасірет қақпасы АЛЖИР-ге барып, гүл шоқтарын қойды

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының үзеңгілестері мен бірлікте партия депутаттары АЛЖИР-ге арнайы барып, қасірет құрбандарын еске алды.

Замана запыраны болған сол бір зұлмат уақытты халқымыз енді қайтып көрмеуі керек. Бұл үшін кез келген тәуелсіз Қазақстанның азаматтары өздерін еркіндік пен бостандық жолында және бейбітшіліктің жаршысы санауы маңызды. Жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу, ЖСДП партиясының дәстүрі. Осы бір күнді ешқашан естен шығармайтын партияластар АЛЖИР мемориалды кешенінде есімдері таңбаланған тақта алдына гүл шоқтарын қойып, зардап шеккен жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Нұрлан Ауесбаев пен Ажар Сағандықова, партия төрағасының орынбасары Саметбай Тазабек, Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов және басқа да партия мүшелері қатысты. «Бүгін біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу үшін осы орынға келдік. Бұл – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі. Біз жазықсыз жапа шеккендердің есімдерін мәңгі жадымызда сақтаймыз. Олар – әділдік пен шындық жолында құрбан болғандар. Бұл күн бізге бірліктің, әділдіктің және бейбіт өмірдің маңыздылығын еске салады. Мұндай қайғылы оқиғалар ешқашан қайталанбауы тиіс. Біз де кейінгі ұрпақ та бұл қасіретті күндерді ұмытпауымыз керек»,- деді ЖСДП фракциясының мүшесі депутат Нұрлан Әуесбаев еске алу рәсімінде. «Міне, осы қабырғалардың артында әйелдер адам баласының ойына келмейтін қиыншылықтар мен азаптарды бастан кешірді. Олар өмір үшін, азаттық үшін, үміт үшін күресті. Енді мұндай жағдай қайталанбасын дегім келеді. Бұл қасіретті ұмытпай, ұрпақ жадына сіңіру біздің парызымыз. Жақындарына, туған жеріне, ар-ожданына адал болғаны үшін адамдар енді ешқашан қасірет көрмеуі керек»,-деді депутат Ажар Сағандықова. Талай тағдырлы адамдар мен нәзік жандыларды әкеліп осы бір азапты қабырғалардың арғы жағында адамзат баласы бұрын соңды көрмеген зобалаңға душан болды. Олар адам баласы төзбес қиындықты бастан кешті. Сол ауыр тағдырлы әйелдердің рухы осы күнге дейін АЛЖИР маңында ұялап тұр деседі мұнда келуші жұрт. Шынымен де бұл жерге келген адам өзін өте ауыр сезінетіні бар. «Біздің партия мүшелері мен жетекшілері жыл сайын осы орынға, АЛЖИР мемориалды кешеніне арнайы келіп, құрбандарға тағызым етеміз. Бұл акцияның маңыздылығы сол, бүгінгі және келешек ұрпақтың жадында мәңгі қалсын дейміз. Себебі мұнда болған тағдырлардың барлығы болашақтың жарқын болуын және сөз бостандығын, еркіндікті аңсаған жандар. Сол жолда құрбан болған тағдырлар»,-деді өз сөзінде партияның орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов.
Бұл күн қазақстанда арнайы белгілен. Жазықсыз жандардың қайғылы тағдыры ел тарихында мәңгілік сақталатынын еске салып, адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғаудың маңыздылығы тағы да айғақталатын күн. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы да осы бір қағиданы берік ұстанып, өзінің негізгі бағдарламасына да бұл ұғымды саралы жол етіп таңбалаған.

ЖСДП баспасөз қызметі