2026 жылғы 29 шілдеде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) өкілдері Ақмола облысы Зеренді кентіндегі Орталық аудандық аурухана ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шараға 30-ға жуық медицина қызметкері қатысты. Кездесу партияның сайлауалды науқаны аясында ұйымдастырылып, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік саясатты жетілдіру мәселелерін талқылауға арналды.
Кездесудің басты мақсаты медициналық қауымдастықпен ашық әрі сындарлы диалог орнату болды. Партия өкілдері ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады және медицина қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл ұсыныстар алдағы заң шығару жұмыстары мен Ұлттық құрылтайға енгізілетін бастамаларды әзірлеу барысында ескерілетін болады. Кездесуді І. Жанғали ашып, партияның кәсіби қауымдастықтармен тұрақты әрі ашық диалог жүргізуге ерекше мән беретінін атап өтті.
«Біз бүгін мұнда әдемі есеп беру үшін емес, күн сайын өзіміздің көтеріп жүрген мәселелерді ашық талқылау үшін жиналдық. Бүгінде отандық денсаулық сақтау саласына ең алдымен әділдік жетіспейді», – деді І. Жанғали.
Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын партия төрағасы. Кандидат А. Рахимжанов таныстырды. Ол медицина қызметкерлерінің қоғамдағы ерекше рөлін атап өтіп, пандемия кезеңіндегі жанқиярлық еңбектеріне алғыс білдірді.
«Біз Құрылтайға дәрігердің үнін жеткізу үшін барамыз. Денсаулық сақтау – бюджет шығыны емес, елдің болашағына салынған инвестиция. Дәрігердің басты міндеті қаржылық көрсеткіштерді орындау емес, адамды емдеу болуы тиіс. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі адал. Біз әрқашан халықтың әлеуметтік жағын көтеруді қолдаймыз. Партияның басты ұстанымы осы. Үнемі ұлтымыздың денсаулығы басты назарда болуы керек. ЖСДП сіздермен бірге», – деді Асхат Рахимжанов.
Сонымен қатар ол ЖСДП-ның денсаулық сақтау саласын тікелей бюджеттік қаржыландыруды күшейту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалау, мемлекеттік кепілдіктерді кеңейту және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөніндегі бастамаларын таныстырды.
Кездесуді А.Алшынбай жалғастырып, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, аурулардың алдын алу шараларын күшейту және сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру жөніндегі партия ұстанымын баяндады.
«Біз сіздерге құр ұранмен емес, нақты өзгерістер жоспарымен келдік. Басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін кеңейту және әрбір азамат үшін сапалы медициналық қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету», – деді А.Алшынбай.
Медицина қызметкерлері партия өкілдеріне өз тілектерін жеткізіп, көкейдегі сауалдары мен өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Бұл қатарда:
- кадр тапшылығы,
- жүктеменің көптігі,
- еңбекақы деңгейі,
- дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету,
- қалалық және ауылдық медициналық ұйымдардағы еңбек жағдайлары. Кездесу барысында аурухана ұжымы тарапынан нақты сұрақтар мен ұсыныстар да айтылды. Жиналғандар арасындағы жас мамандар дәрігерлік оқуын аяқтағаннан кейін резидентураға түсу кезінде қиындықтардың тап болатындығын, осыған сай мемлекет гранттар санын көбейтіп, жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуі керектігі туралы ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар ауылдық жерлерге маман тарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
ЖСДП Орталық сайлау штабының баспасөз қызметі