Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның (ЖСДП) Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасын талқылауға арналған партияның Саяси кеңесінің отырысы өтті. Отырыс қорытындыланып, партия конституциялық реформаның негізгі қағидаларына қолдау білдіре отырып, ресми сайтында мәлімдеме жариялады. Отырысты ашқан ЖСДП Төрағасы Асхат Рахымжанов Конституцияның жобасын талқылау тек заңдық нормаларды ғана саралау емес, бұл саяси және қоғамдық маңызы бар мәселе екенін атап өтті.
«Конституцияға жай ғана ережелер жиынтығы емес. Бұл мемлекетті алдағы уақытта қандай ел ретінде көретінімізді нақтылау. Ол жерде адамның орны қандай дәрежеде болатыны және қоғам қандай құндылықтарға сүйеніп дамитыны туралы жан-жақты сараланды»,- деді партия төрағасы.
Төрағаның айтуынша, конституциялық реформа – мемлекеттің де, қоғамның да кемелдену деңгейін айқындайтын сындарлы сәт.
«Мемлекеттің кемел болуы үшін қазіргі қалыптасқан үлгілерді қайта қарап, жаңа сын-қатерлерге жауап беруінде. Ал қоғамның кемелдігі - талқылауға белсенді қатысып, қабылданған шешімдер үшін жауапкершілік алуға дайын болуында», – деді Асхат Рахымжанов.
Отырыс барысында талқылауға ұсынылып отырған Конституцияның жаңа жобасы бастапқыдан-ақ ашық форматта – сарапшылардың, саяси партиялардың, өңірлер мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен еш мүлтіксіз әзірленгені атап өтілді. Саяси кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Ажар Сағандықова ұсынылып отырған өзгерістердің адамға бағытталған сипатына ерекше назар аударды.
«Біз конституция туралы айтпастан бұрын ең алдымен басты сұрақты назарға алуымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, жаңа жоба нақты адамға не береді? Міне бұл кез келген конституциялық реформаның басты өлшемі болуы тиіс», – деді. Оның айтуынша, Конституцияның жаңа редакциясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауды күшейтеді. Тіпті процессуалдық құқықтардан бастап, жеке өмірді қорғау мен цифрлық ортадағы құқықтарға дейін жетуі керек екенін айтты Ажар Бақытқызы.
Жиынға белсене ат салысқан партияның өңірлік филиалдарының өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды. ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров жаңа Конституция елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатынын атап өтті.
«Жаңа Ата Заң жобасында алғаш рет ғылым, білім, мәдениет және адами капиталын дамыту басымдықтары конституциялық деңгейде нақты бекітілді. Бұл – ұлттың ақыл-ойына және болашағына инвестиция салу деген сөз», – деді ол.
Ал партияның Атырау облыстық филиалының төрайымы Нурайнаш Камалова конституциялық реформаға өңірлердің де белсенді қатысуы ерекше жағдай екенін айтты. «Конституция қоғаммен бірге дамуы керек. Өңірлерден түскен ұсыныстар жүйеленіп, қажетінше Конституциялық комиссияға жолданатын болады», – деді.
Оның айтуынша, бір палаталы парламентке көшу және сайлаудың партиялық жүйесі саяси жауапкершілікті арттырады.
«Партиялық тізім бойынша сайланатын 145 депутаттан тұратын Құрылтай моделі саяси бәсекені күшейтіп, өкілетті органды азаматтар мен ел халқы алдында жауапты етеді», – деді Камалова.
Отырыста сөз алған ЖСДП Алматы облыстық филиалының төрағасы Нұрым Нұрлыбеков өңірлер үшін конституциялық нормалардың нақты іске асуы аса маңызды екенін атап өтті. «Конституцияны талқылау – бұл институттар деңгейіндегі емес, нақты өңірлер мен аудандардағы азаматтар үшін мемлекеттің болашақта қандай болатыны туралы маңызды», – деді ол.
Шындығында солай. Оның айтуынша, әлеуметтік және еңбек мәселелері жергілікті жерде ерекше көрініс табады. Талқылаудың саяси қорытындысын ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов толықтырды. Ол партияның өткен жолынан көпдеген нақты ұсынымдардың, Конституцияның жаңа жобасына енгізілген тұстары мен идеялары турасында жан-жақты талдау жүргізгенін айтты.
«Жаңа Конституция жобасы практикалық тұрғыдан ЖСДП-ның бірқатар маңызды ұсыныстарын қамтиды. Олардың қатарында бір палаталы парламентке көшу, парламенттің бюджеттік өкілеттіктерін кеңейту, сайлау жүйесіндегі түрлі кедергілерді азайту, саяси әртүрлілік пен бейбіт жиындар, шерудер мәселесі де бар», – деді ол. Оның айтуынша, бұл – партияның бағдарламалық ұстанымдарының жүйелі түрде жүзеге асқандығы.
Отырыс қорытындысы бойынша ЖСДП Саяси кеңесі жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаларын қолдайтын ортақ ұстаным қалыптастырып, қоғамдық және сараптамалық талқылауға әрі қарай да белсенді қатысуға дайын екенін білдірді. Партия өкілдері Негізгі Заң жобасы бойынша соңғы шешім ашықтық, әділдік және сенім жағдайында өтетін жалпыхалықтық референдум деп бағалады. Сонымен бірге Қазақстан халқының бұл іске белсенді қатысуы қажет екенін де атап өтті.