*Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Орталық аппаратында Астана қаласындағы жоғары оқу орындарында білім алып жүрген бір топ белсенді жастар ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Нұрлан Әуесбаев және Ажар Сағандықовамен кездесті. Сондай-ақ, кездесуге партияның Жастар қанатының төрағасы, Орталық аппарат басшысы Мақсұт Насибулов қатысты. Жиын еркін пікір алмасу форматында өтті.
Кездесуді ашқан Мақсұт Насибулов жастардың саяси көзқарасын білу аса маңызды екенін атап өтті.
– Біздің партия үнемі халықпен етене болуды мақсат етеді. Бұл стратегиялық құжаттарымызда да нақты көрсетілген. Бүгінгі кездесу – сол бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Сіздер сияқты белсенді жастардың арамыздан табылуы бізге жігер береді. Себебі болашақта ел іргесін бекемдейтін – өздеріңіз. Сіздердің ой-пікірлеріңіз біз үшін де, депутаттар үшін де өте маңызды. Жастардан әрдайым жаңа серпін, тың көзқарас байқалады, – деді ол. Жастар өздерін таныстырып болған соң, депутаттарға түрлі сауалдар жолдады. Сұрақтар тек саяси тақырыптармен шектелмей, депутаттардың қоғамдық қызметі мен өмірлік тәжірибесіне де қатысты болды.
Ажар Бақытқызы өз сөзінде депутаттық қызметке келу жолы туралы айтып, тәжірибесімен бөлісті.
– Мен де сіздер секілді жас болдым. Ол кезде кейбір мәселелерді толық түсінбей, мемлекеттік саясаттағы өзгерістерге қарсылық білдірген сәттерім болды. Әрине бұл жастыққа тән құбылыс. Алайда уақыт өте келе көптеген мәселелердің әлдеқайда күрделі екенін, оларды шешу оңай еместігін түсіндім. Сондықтан жастарға әрқашан кез келген мәселені жан-жақты саралап, байыппен қарауға кеңес беремін. Қазір бірнеше заң жобасының авторы ретінде заңнамалық процестің қаншалықты жауапты әрі күрделі екенін жақсы түсінемін. Кез келген мәселенің бірнеше қыры мен баламалы шешімі болатынын ескеру маңызды, – деді ол.
Жастар ұлттық тәрбие мен құндылықтар тақырыбы төңірегінде де ой қозғап, сауал қойды және қоғамдағы кейбір келеңсіз әрекеттерге қатысты пікір білдірді. Өз кезегінде Нұрлан Сатыпалдыұлы тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.
– Барлығы тәрбиеден басталады. Иә, заман өзгерді, қоғам жаңарды. Дегенмен дұрыс тәрбие - кез келген дамудың негізі. Тәрбие отбасынан басталады. Әр азамат алдымен отбасында, кейін қоғамдық ортада қалыптасады. Әсіресе әскери тәрбиеге де мән беру қажет деп есептеймін. Ұл балаларды ел қорғауға, қыз балаларды отбасының ұйытқысы болуға тәрбиелеу маңызды. Сонымен қатар жастардың өзара сыйластығы мен жауапкершілігі де қоғам дамуына әсер етеді, - деді депутат.
Кездесу барысында қазіргі жастардың ой-өрісі кең, өз пікірін ашық жеткізе алатын буын екені айқын аңғарылды. Жиналған студенттердің белсенділігі мен сауалдарының мазмұны олардың қазіргі қоғамдық жағдайларға бейжай қарамайтынын көрсетті. Жастардың пікірінше, мемлекеттік идеология жастар үшін маңызды бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі міндет - осы саясатты ашық қоғам қалыптастыруға тиімді пайдаланып, жастардың белсенді қатысуын арттыру. Кездесу соңында тараптар мұндай еркін форматтағы диалог алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
ЖСДП баспасөз қызметі