ЖСДП Төңкеріс ауылында көшпелі мониторинг жүргізді

2026 жылғы қарашада «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» (ЖСДП) Батыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері Долин ауылдық округіне қарасты Төңкеріс ауылындағы инфрақұрылым нысандары мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жай-күйіне көшпелі мониторинг жүргізді.

Көшпелі мониторингтің мақсаты – Долин ауылдық округі әкімінің аппараты 2026 жылғы 19 қазандағы ресми хабарламаға берген жауабында көрсетілген жұмыстардың орындалу барысы туралы ақпаратты тексеру, сондай-ақ нысандардың нақты жағдайын және жергілікті тұрғындарды алаңдататын мәселелерді зерделеу болды. Мониторинг барысында партия өкілдері ресми есептерді жергілікті жердегі нақты жағдаймен салыстырды. Нәтижесінде бірқатар бағыт бойынша жұмыстардың орындалуы толық жүзеге аспағаны белігілі болды. Атап айтқанда, жол жабынының орнына қиыршық тас төгіле салған. Ауылға кіреберіс 12 шақырымдық жолдың жағдайы әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Әкімдік мәліметіне сәйкес, жолдың 11 шақырымы 200 метріне қиыршық тас-қиыршықтас қоспасы (ҚТҚ) төселген, ал жұмыстарды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарлан екен.

Жолдардың жосыны мен ауыз судың мәселесі

Алайда тұрғындар бастапқы кезден-ақ мұндай шешімге қарсылық білдірген. Олардың пікірінше, жолға тек қиыршық тас төсеу оның жыл бойы жүруге жарамдылығын қамтамасыз ете алмайды. Ауыл тұрғындары күзгі жаңбыр мен көктемгі су тасқыны салдарынан жолға төселген қиыршық тас шайылып, бұрынғыдай батпаққа айналу қаупі бар деп алаңдайды. Осындай ескертулер ауыл ішіндегі Қ.Мұнайтпасов пен Жеңіс көшелерінде де орын алуы ықтимал екені айтылды. Қазіргі таңда бұл көшелерге 600 метрдей қиыршық тас төселген. Тұрғындар жергілікті климаттық және топырақ жағдайларын ескере отырып, жол төсемін нығайтуды талап етеді.

Тұрғындар тек осы жолдардың әр жерінен су өткізгіш құбырларды орнату жұмыстарының аяқталғаны расталды. Одан бөлек, ауылды ауыз сумен жабдықтау мәселесі де күрделі күйінде қалып отырған көрінеді. Әкімдіктің берген ақпаратына сәйкес, қолданыстағы сумен жабдықтау жүйесі «Теректі Таза Су» ЖШС балансында. Тұрғындар үшін судың текше метрінің құны – 150 теңге. «АСФА» ЖШС мердігер ұйымы қазір ауылға су мұнарасы мен су резервуарын орнатқан. Алайда жоспарланған 3 шақырым су құбырының тек 500 метрі ғана тартылып қалған құбр жұмыстары сол күйі тоқтап тұрғанық болды. Тағы да әкімшілік өкілдерінің сөзіне сенсек қалған 2,5 шақырымдағы жұмыстар қаржыландырудың болмауына байланысты тоқтатылған көрінеді.

Әзірге жұмыс істеп тұрған су мұнарасы судың қысымын тиісті деңгейде орындай алмай тұр. Салдарынан тұрғындар әлі де көшедегі су колонкаларынан су алуға мәжбүр. Ал тұрмыстық және шаруашылық қажеттіліктері үшін Жайық өзенінің суын пайдаланады. Осылайша, инфрақұрылым нысандарының салынуы халықтың негізгі коммуналдық қызметтерге қол жеткізуіне әлі де кепіл бола алмай отыр.

Санитариялық жағдай мен медициналық кепілдік

Көшпелі мониторинг барысында жаңа мал қорымының (биотермиялық шұңқырдың) жағдайы да тексерілді. Әкімдік мәліметіне сәйкес, құрылыс жұмыстары толық аяқталған, қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімдеу жүргізілуде. Сонымен бірге тағы бір мәселе анықталды: нысанға апаратын кіреберіс жол жоқ. Жаңбырлы күндері және қысқы қолайсыз ауа райында биологиялық қалдықтарды жеткізу мүмкін болмай қалуы ықтимал. Бұл тек абаттандыру мәселесі емес, бүкіл елді мекеннің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Ал әкімдік ұсынған ақпаратқа сәйкес, ауылдағы бекітілген медицина қызметкері жұмыс күндері күн сайын қабылдау жүргізеді, ал түнгі уақытта Теректі ауылынан жедел жәрдем көлігінің шығуы қарастырылған. Сондай-ақ тар бейінді мамандардың келуі жоспарланған. Алайда тұрғындар шұғыл медициналық көмектің ауылдың өзінде тұрақты түрде болуын қажет деп санайды.

Партия өкілдері әкімдік есебінде мүлдем көрсетілмеген тағы бір мәселенің тез арада шешілуін талап етті. Бұл тұрақты мобильді байланыс пен интернеттің жоқтығы. Байланыс қызметтерінің сапалы түрде көрсетілмеуіне қарамастан, операторлар тұрғындардан абоненттік төлем алуды жалғастыруда. Бір сөзбен айтқанда тұрғындар толыққанды пайдалана алмайтын қызметтері үшін ақы төлеуге мәжбүр. Бұл жағдай уәкілетті органдардың араласуын және бейінді құрылымдар тарапынан тексеру жүргізуді талап етеді.

ЖСДП ұстанымы: есеп емес, нақты нәтиже маңызды

ЖСДП Батыс Қазақстан облыстық филиалы әлеуметтік мәселелерді нақты шешудің орнына жұмыстарды формалды түрде орындау мен есеп беруді алмастыруға жол беруге болмайды деп есептейді. Бюджет қаражатын игеру, нысандар салу және төселген қиыршық тас жолдардың шақырымымен есеп берілуі қажет. Егер тұрғындар сапалы жолдың, ауыз судың, қолжетімді медициналық көмектің және тұрақты байланыстың жоқтығынан әлі де қиындық көріп отырса бұл сапалы өмірдің көрсеткіші бола алмайды. Ауылдық елді мекендер үшін базалық инфрақұрылымға қол жеткізу – артықшылық емес, лайықты өмір сүрудің қажетті шарты. Мониторинг қорытындысы бойынша ЖСДП БҚО филиалы төмендегі мәселелерді қоғамдық бақылауға алатынын мәлімдейді.

  1. Қаржыландыруды бөліп, қалған 2,5 шақырым су құбыры желісін тарту жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ суды тазарту жүйесінің тиісті деңгейде жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
  2. Ауылға кіреберіс және ауылішілік жолдарға төселген ҚТҚ жұмыстарының сапасын, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді пайдаланылуын тексеру.
  3. Тұрақты интернет пен мобильді байланыс болмаған жағдайда абоненттік төлем алу фактісі бойынша байланыс операторларының қызметіне тексеру жүргізу.
  4. Мал қорымын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін оған толыққанды сапалы жол салу. ЖСДП Төңкеріс ауылы тұрғындары көтерген мәселелердің кезекті есептің тармағы болып қана қалмауы үшін жұмысты жалғастырады.

Мемлекеттік қаражат халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Ал инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі игерілген қаражат көлемімен немесе қол қойылған актілер санымен емес, тұрғындардың өміріндегі нақты өзгерістермен бағалануы қажет. Лайықты өмір сүру жағдайлары тек қалаларда ғана емес, әрбір ауылдық елді мекенде қамтамасыз етілуі тиіс.

Динара Абенова, БҚОФ ЖСДП баспасөз қызметі