Абай оқулары

9 тамыз күні Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Жамбыл облыстық филиалы Ш.Уалиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасымен бірге Абай күніне арналған іс-шараға қатысты. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы Жасөркен этно-ауылында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай, жастар арасында «Желсіз түнде жарық ай» атты еркін форматтағы өнер кешіне қатысты.

Елімізде жыл сайын 10 тамызда ұлт ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне байланысты «Абай күні» атап өтіледі.Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани дүниесінің көрнекті тұлғасы, оның даналық сөздері мен өлеңдері бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймайды. Абайдың сөздері өз уақытында-ақ терең мағыналарымен ерекшеленіп, қазіргі жастарға да өнеге боларлық ұлағатты кеңестерге толы. «Құлақтан кіріп бойды алар» деген белгілі өлеңі арқылы Абай жастарға өмірдің мәнін, білімнің маңызын, адами қасиеттердің құндылығын жеткізуге тырысты.

Абай Құнанбайұлының даналық сөздері көптеген ұрпақтарға білім мен тәрбие берудің қайнар көзі болып келеді. Оның шығармашылығы арқылы жастарға адамгершілік, білімге құштарлық, ақыл-ой мен парасаттың маңыздылығын түсіндіреді. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері өмірдің әр түрлі аспектілерін қамтып, терең философиялық ойлармен байытылған.

Қазақстанның үкісі желбіреген үміті, үлбіреген асыл арманы, жарқын болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың халықтың ұлы Ұстазы Абайды оқуы, оның жауһар туындыларын жаттап өсуі, Абайдың әлі күнге дейін алыс тұрмақ өз елі, өз халқының біраз бөлігі үшін жұмбақ күйінде қалып отырған сырлы да мұңды әлемін зерттеуге деген ұмтылысы – елдің өркендеуі үшін, мемлекеттің дамуы үшін теңдесіз рухани байлық, үлкен игілік екені анық.

Өйткені Абай – Физули, Фердоуси, Гете, Байрон, Пушкиндермен қатар тұрар ақын, Платон, Сократ, Конфуций, Дрепер, Ницшелермен ой жарыстырар ғұлама ойшыл.

Қазақстанның әрбір жаңа буын жас өркені Абай мұрасынан нәр алып, оның асыл сөздерін, өресі асқақ поэзиясын, терең философиясын бойына сіңіріп өсуге тиіс. Осындай ізгі мақсатпен ұйымдастырылған Абай оқулары бүгінгі күні «қуаты күшті нұрлы сөздің», құдіретті поэзия өнерінің жас дарындар арасындағы дүбірлі тойы ретінде республикаға танылды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, Жамбыл облыстық филиалының маманы Бақберген Аяулым