Қарапайым халықтың өкіметке өкпесі қара қазандай...

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңы бойынша биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 40 567 теңге болып бекітілген. Оның 55 пайызы (яғни 22 312 теңге) ас-суға жұмсалады деп есептелген. Күнкөріс минимумына азық-түлік себеті және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер кіреді.

Бұл 2016 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігі мамандары беріп отырған жан басына шаққандағы 1 жылдың тұтыну нормасы. Алайда біз базармен, дүкендердің бағасын салыстырып, халықтың хәл-жағдайын саралай келе, осы тұжырымдалған ғылыми норма шынайы өмірмен сәйкеспейтініне көз жеткіздік.

Нақты айтсақ, зерттеуіміз бойынша 1 айда 1 адам 72893 теңгеге азық-түлік алады екен (бұл – 55%), ал қалған 45%-ға (59639 теңгеге) азық-түлік емес тауарлар және қызметтер кіруі тиіс. Сонда күнкөріс 40567 теңге емес, 72893+59683=132532 теңге болуға тиіс. Мынандай жағдайда Үкіметтің 22 312 теңгеге не алуға болатынын және бұны қандай негізге алып жазғанын сұрамасқа амал жоқ.

Ең алдымен тұтыну себеті не дегенді түсініп алайық. Экономистердің айтуынша, тұтыну себеті – түрлі әлеуметтік және экономикалық феномендерді (өмір сүру деңгейі, әлеуметтік-экономикалық жағдай, баға өсімі, т.б) бағалауға мүмкіндік беретін тұтынудың есептік көрсеткіші мен нақты деңгейін салыстыру үшін қызмет етеді, сондай-ақ валютаның сатып алу қабілетін көрсетеді. Оның құрамына адамның бір ай бойы өмір сүруіне қажетті азық-түлік жиынтығы және азық-түлік емес тауарлар мен қызметтер кіреді.

Енді Қазақстан Республикасындағы тұтыну себетін АҚШ, Германия, Қытай және Ресей сияқты басқа елдердің мысалында талдап көрейік.

Ресейде тұтыну себетінің көлемі Қазақстанмен салыстырғанда 2,5 есе жоғары және ол тұтас РФ бойынша, сондай-ақ федерация субъектілері бойынша бекітіледі. Тұтыну себеті үш санатқа жүктеледі: қажетті азық-түлік тауарлары; қажетті азық-түлік емес тауарлар; коммуналдық қызмет пен көлік тасымалына және мәдени шараларға, т.б. жұмсалатын төлемдер. Ресейде тұтыну себеті былайша бөлінеді: азық-түлік тауарларына – 38%, азық-түлік емес тауарларға – 36% және қызмет көрсету саласына – 26%.

Германия – Еуропадағы ең дамыған мемлекеттердің бірі және ондағы өмір сүру деңгейі жоғары. Бұл елде тұтыну себетін тұрғындардың өздері қалыптастырады. Федералдық статистикалық ведомство 60 мың отбасы арасында сауалнама жүргізіп, соның негізінде адамның өмір сүруіне қажетті шығындар мен құрылымдар мөлшерін анықтайды. Неміс тұтыну себетінің құрамына 750 түрлі тауар мен қызметтер енген. Оның ішіне бізге үйреншікті тауардан басқа, қан қысымын өлшейтін құрал, балабақша бағасы, қарттар мен мүгедектер үйіндегі күтім, үйде амбулаторлық ем алу, тіпті азық-түлікті баспанасына дейін жеткізіп беру құны да кірген. Тұтыну себетінде баспанаға, суға, электр қуатына, газ және басқа да отын түрлеріне – 32%, көлік шығындарына – 13%, демалыс пен көңіл көтеруге – 11%, азық-түлікке – 10%, тіпті алкоголь өнімдері мен темекіге, байланыс пен білім алуға 7 % қарастырылған. Сондай-ақ, түрлі тауарлар мен қызметтерге – 7%, ал мебель, жарықтандыру шамы, тұрмыстық техникаға, сондай-ақ мейрамханаға баруға, денсаулық сақтау шараларына, үстіңгі киім мен аяқкиімге – әрқайсына 5%-дан бөлінген.

АҚШ-та деректерді жинаумен және өңдеумен айналысатын арнайы Еңбек статистикасы бюросы (BLS) жұмыс істейді. Әр штатта, түрлі қалаларда тұратын, әртүрлі әлеуметтік және мүліктік мәртебесі бар 12 мың адам белгілі бір уақыт кезеңінде сатып алған заттарының тізім дәптерін жүргізеді. Бұл қызметтері үшін мемлекет оларға ақша төлейді. Сосын олар бұл күнделіктерін BLS-қа тапсырады. Одан бөлек, әр тоқсан сайын азаматтардан сатып алулары туралы сауалнама жүргізеді. Осы деректердің бәрін жүйелей келе, тұтыну себетін қалыптастырады. Мұндай тәсіл ел ішіндегі орташа тұтынушының қажеттілігін дәлме-дәл анықтап, сұраныстарын нақты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Америкалық себет 350 позициядан тұрады.

2023 жылы АҚШ-та аз жалақы көлемі сағатына 7 доллар 25 цент деп заңмен бекітілген. Сонда аптасына 5 күн, күніне 8 сағат жұмыс істеген адам жылына 15 100 доллар табыс табады екен. Ал Америкада ең төменгі өмір сүру шегі әр штаттың өзіне тән аз жалақы деңгейінде белгіленген. Айта кетерлігі, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекетте төменгі өмір сүру шегінің нақты бағасы көрсетілмеген, тіпті ондай ұғым да жоқ. Яғни америкалықтардың ең аз жалақысы біздің теңгеге шаққанда 498 мың теңге болса, төменгі өмір сүру шегі де осы сома.

Қытай – әлемдегі дамыған елдердің бірі саналады. Сөйте тұра, онда халықтың тығыздығына байланысты өмір сүру деңгейі аса жоғары емес. Қытай тұтыну себеті құрамы азық-түлік тауарынан (50%), азық-түлік емес тауарлардан (25%) және қызметтерден (25%) тұрады.

Францияда, мәселен, тұтыну себеті (500 атау түрі) тұтыну бағасы мен инфляцияны анықтау үшін пайдаланылады, соған қарай аз жалақы көлемі белгіленеді.

Егер қазақстандық және еуропалық тұтыну себетін салыстыратын болсақ, біздегі жағдайдың қаншалықты олқы екенін көреміз: Батыста тұтыну себеті адамның лайықты өмір сүруін қамтамасыз етеді, ал Қазақстанда ол тақыры шыққан кедейдің келбетін көрсетеді. Біздің тұтыну себетімізде ұялы байланыс пен интернет шығындары да қарастырылмаған. Мүмкін заң шығарушылар кедей адамға өркениеттің игіліктерін тұтынудың не қажеті бар деп ойласа керек.

Тағы бір ерекшелігі, қазақстандық себеттің негізгі бөлігін (55%) азық-түлік құраса, еуропалықтардың себетінде ол басты тауар емес. Еуропада театр мен кино, бассейн мен фитнес залдарына бару, спорттық іс-шараларға қатысу мұқтаждықтары ескерілген. Тіпті фотопленканы айқындау, компьютер ойындары мен DVD сатып алу шығындары да қарастырылған.

Ағылшындар тұтыну себетіне үй жөндеу, бақшашы мен автомеханик қызметін енгізген. Ал француздар мейрамғанаға және сән салондарына бару қажеттіліктерін ескерген. Айтпақшы, Еуропа елдерінің тұтыну себеттерінде адамдардың мүшеқап сатып алуына дейін ақша бөлінген.

Егер Қазақстанда тұтыну себеті балаларға, зейнеткерлерге және еңбекке қабілетті адамдарға арнап жіктелсе, Еуропада көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар, т.б сияқты жіктеу көп. Батыс елдеріне ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері де оңтайлы әсер етеді. Ал мұндай прогресс бізге қашан жетеді? Егер 2022 жылғы тұтыну себетінің көлеміне үңілсек, Қазақстанда дене қуаты әлсіз, ақыл-ойы жетілмеген, әлеуметтік тұрғыдан артта қалған әлдебір дистрофиктерді өсіруге ұмтылып жатқан сияқты әсерде қаласыз.

Сөзімізді қортындыласақ, сонымен 2023 жылы Қазақстанда ең аз күнкөріс шегі 40 567 теңгені құрап, оның 55 пайызы (яғни 22 312 теңге) азық-түлікке жұмсалады деп бекітілді. Қазіргі қымбатшылық заманда адам бұл ақшаға қалай өмір сүруге болады деп ойлады екен? Бұл сома тіпті біздің кедей қоғамның өлшемімен қарағанның өзінде де аз. Үкіметтің шөміштен қысты дегені осы. Мүмкін аз жалақыға өмір сүру үлгісін мемлекеттік шенеуніктердің өзі көрсетіп берер?

Егер, «халықтың жағдайы осындай хәлде болса, біз қалайша дамыған 30 мелекеттің қатарына кірмекшіміз?» деген көкейтесті сұрақ туындайтыны сөзсіз. Біз, ЖСДП бұл бекітілген норманы міндетті түрде қайта қарастырып, халықтың еркін өмір сүру деңгейін көтеру қажет деп санаймыз.

ЖСДП Астаналық филиалының баспасөз қызметі