Қарттар күні құтты болсын!

Қазақта қарты бар үйдің, қазынасы бар, – деген үлкен ұғымға саятын ұлағатты сөз бар.

Үлкенді сыйлау мен оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан өшпес салтымыз. Олай болса еліміздегі барша қарттарымызды, ақ жаулықты аналар мен абыз ақсақалдарымызды бүгінгі 1 қазан – Хылқаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін өмірлік бағыт пен бағдар болды.

Өздеріңіздің Отанымыздың өсіп – өркендеуі жолына қосқан үлестеріңіз бен еткен еңбектеріңіз ерен екенін білеміз. Ұрпақ тәрбиесінен бөлек талай жасты қатарға қосып, соңдарыңыздан ізбасар етіп өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта біз сіздерге қашан да құрмет көрсетуге бармыз.

Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым - парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер. Келер ұрпақты осы бір ізгі жолдарыңызды үлгі ете отырып, алға қарышты қадам басуға жігерлендірдіңіздер.

Ендеше осы асыл қасиеттеріңізді қастерлей келе, бүгінгі мейрамда өздеріңізге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін. Жастан жасқа аман сау жете беріңіздер.
Аспанымызды ешқашан бұлт торламасын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! 1 қазан – қарттар күні құтты болсын!

Құрметпен, ЖСДП Төрағасы Асхат Рақымжанов