Арықтының тұрғындары үлес жерлерін дөкейлер қолды қылып кетті деп алаңдаулы

ЖСДП өкілдері Ақмола облысы Қорғалжың ауданы Арықты ауылына барып, жайылым және шабындық жердің жоқтығына шағымданған тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

Жергілікті жұртшылықтың айтуынша, ауылда мал бағатын жайылым мен шабындық жер тапшы болып тұр. Бұл жағдай 5-6 мыңдай төрт түлік малы, 1 мыңға жуық халқы бар ауылды тоқырауға тіреп қойды.

Ауыл ақсақалы Амангелді Бекхожин жер үлестері жеке қожалықтардың еншісіне заңсыз өтіп кеткенін тілге тиек етіп отыр.

«Бұрынғы Арықты совхозының 1989 жылғы шекарасы 2009-2012 жылдары не себептен өзгертілді? 2020-22 жылдары Арықты округын айқындап, картаға түсіргенде халықтың, қоғамның, жергілікті қауымдастықтың пікірімен санаспаған. Арықты ауылының 1-2 шақырымдағы жеке меншік секторының мал жайылатын жайылымдық пен шабындық жерлері және бидай өсіретін «Бабай», «Саудыр», «Еленғұл» жер телімдері «Арықты» ЖШС-на және жеке шаруашылыққа өтіп кеткен. Бизнесті тексеруге мораторий уақытында «Арықты» ЖШС, «АССО» ЖШС жері бөліске түсіп, халықтың жер үлесі (пайлары) үлескер адамның келісімісіз басқа жеке қожалықтардың үлесіне кетіп қалып отыр. Осы заңсыз жағдайға байланысты былтыр наурыз айында қоғамдық кеңестің, ауыл ақсақалдарының атынан Қорғалжың ауданы әкіміне өтініш жаздық. Нәтиже болмаған соң, облыс әкіміне де, жер ресурстарын басқару департаментіне де жолдағанбыз, олардан да мардымды жауап болмады», – деп қынжылды ол.

Сондықтан Арықты ауылының тұрғындары Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаевқа республикалық деңгейдегі құзырлы органдар аталған мәселеге қатысты аудиттік тексеріс жүргізіп, заңдылығын қадағаласа екен деген өтініш айтып, соған халық қалаулысының қолғабыс етуін сұрады.

Ауыл механизаторы Серік Баймахановтың айтуынша, 1993 жылы өңірде 7 ЖШС (жауапкершілігі шектеулі серіктестік) мен 1 өндірістік кооператив ашылған. Ең көп жер телімі қазіргі «Арықты» ЖШС-ның үлесінде кеткен: 72 мың гектар.

«Жиналыста жер үлесімді сұрап едім, жоқ деп бір-ақ кесті. Сонда 72 мың гектар қайда кетті?», - деп таңданысын білдірді.

Ауыл тұрғыны Бислан Сүлейменовтің де жағдайы осыған ұқсас: «2 жыл бұрын осында «Мирас» ЖШС-ның басшысы келген. Сол кісіден үлес (пай) жерлерімізді сұрағанымда, «мен сендердің жерлеріңді сатып алдым, ол енді менің жерім» деп жауап берді. «Мирас» ЖШС-нда біраз кісінің жер үлесі бар. Жалпы, жер телімдеріне қатысты Ақмола облысында жемқорлық көп екенін таныстарымнан жиі естимін», – деп ағынан жарылды.

Бұл тұрғыда заңгер Төлеген Қасеновтың түсіндіруінше, кезінде белгілі бір ЖШС банктен несие алған уақытта жер телімдерін кепілге қойған, бірақ кейін несиені қайтармай қойып, банк кепіл мүлкін сатып жіберген. Ал оны сол кезде «Мирас» ЖШС сатып алған.

«ЖШС жерді кепілге қояр алдында халықпен жиналыс өткізіп, олардың келісімін алып, қолын жинауы тиіс еді. Алайда ол тұрғындардың жазбаша қолын өтірік қоя салып, жерді рұқсатсыз банкке тапсыра салып тұр», - дейді заңгер.

Сонымен қатар, арықтылықтарды ауыз су тапшылығы мен жолдың жөнделмеуі, ауылдың әлеуметтік-мәдени саласының тұралап тұрғаны, инфрақұрылым салынбай жатқаны толғандырып отыр.

«Аудан әкімі мен тиісті бөлімдердің басшылары біздің өтінішімізге немқұрайлы қарап, өңірдің дамуына қарсылық білдіріп жатыр», - дейді ақсақал Амангелді Бекхожин.

Жер үлескерінің заңдық құқығы және оны талап ету жолдары жөнінде мағлұмат берген ЖСДП-ның Саяси Кеңесі Төралқасының мүшесі Мақсұт Насибулов пен депутат Нұрлан Әуесбаев аталған мәселелерді назарға алып, партия атынан құзырлы мекемелерге хат жолданатынын айтты.

ЖСДП баспасөз қызметі