Астана тұрғындары BI Group салып берген үйдің техникалық құжаттарын ала алмай жүр

Астана қаласындағы «Мереке-1», «Мереке-2», «Аврора» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары BI Group компаниясынан үйдің бүкіл техникалық құжаттарын ала алмай жүргендерін айтып шағымданды.

Қолына тұрғын үйдің құжаттары тимей отырғанының салдарынан тұрғындар Мүлік меншік иелерінің (ОСИ – объединение собственников имущества) бірлестігін де құра алмай отырғандарын айтты. Ал баспананы Bl Group (Би Ай груп) құрылыс компаниясы салған екен. Осы компаниядан жылжымайтын мүлік алғандарға тұрғын үйдің және оның ауласының тазалығын сақтау, ондағы барлық инженерлік жүйенің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша кешенді қызметті Bl Group (Би Ай груп) компаниясының үлестес фирмасы BI Service көрсетеді. Алайда жақында осы BI Service «Мереке-1», «Мереке-2», «Аврора» тұрғын үй кешендерінде атқарып келе жатқан жұмысын тоқтататынын, бұл жерден біржола кететінін хабарлапты. Ал тұрғындар мұнымен келісейін десе, құрылыс компаниясы үйдің құжаттарын қалдырмай жатыр.

‒ Олар кететіндерін небәрі бір ай бұрын ғана, 13 наурызда ресми хатпен хабарлаған. Енді жақында үйдің чатында біздің аға менеджер BI Service 25 сәуірден бастап қызмет көрсетпейтінін жазды. Олар бізге үйдің заңды салынғанын растайтын бүкіл техникалық құжаттар жинағын тастамастан кете салғысы келіп жатыр. Кондоминиум рәсімделді ме, жоқ па – белгісіз. Сонда тұрғын үй заңсыз салынған болып тұрғаны ма? Жиырма жыл бұрын, 2004 жылы тұрғызылған. Содан бері не Жер актісі, не Нысанды пайдалануға беру актісі, не басқа бірде-бір құжат жоқ. Жасалған келісімшарттарды қолымызға бермеді. Сондықтан біз партиядан Bl Group компаниясынан үй құжаттарын ресми түрде алып қалуға, талабымызды орындатуға көмектесуді сұраймыз. Бұл біздің Мүлік меншік иелерінің (ОСИ) бірлестігін құрып, сервистік компаниялардың қызметіне жүгінуіміз үшін керек. Үйдің тозығы жетті. Лифттердің қызмет етіп тұрғанына 20 жыл болды, ескірді, тербеліп тұр. Оны жөндеу үшін жинақталған қор да жоқ, ‒ деп мұңын шақты «Аврора» үйінің тұрғыны Амантай Ақашаев.

Ал «Мереке-2» үйінің тұрғыны Анна Проскурина құрылыс компаниясына ресми түрде үйдің құжаттарына сұрау салып, олардан жобалық-сметалық құжаттама да, жер актісі де жоқ деген ресми жауап алғанын айтып отыр.

‒ Осы ұйымдар кеткеннен кейін бізді не күтіп тұрғанын анықтау үшін «Астана су арнасы», «Астана-теплотранзит» қызмет көрсету ұйымдарына хабарласып, жертөлелерді тексеріп, қандай ақаулар бар екенін тексеріп берсін деп сұрағанбыз, алайда «Астана-теплотранзит» бас тартты, себебін біз тұрғын үй меншік балансына өткенше бір жылға дейін ғана қызмет көрсетеміз деп түсіндірді. «Астана су арнасы» насостың жұмыс істеу барысын тексеріп берді. Ол дұрыс болғанымен, басқа техникалық мәселелер бар. Ертең BI Service кетсе, бүкіл мәселе бізге қалайын деп тұр, ‒ деп алаңдаулы «Мереке-2» үйінің тұрғыны.

ЖСДП өкілдері қабылдауға келгендердің жанайқайын тыңдап, мәселені алдағы күндері зерделейтінін айтты.

ЖСДП баспасөз қызметі