Атыраудағы мүмкіндігі шектеулі жандардың айтары көп

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы республика бойынша инклюзия бағытына қатысты мәселелерді үнемі көтеріп келеді. Осыған байланысты Атырау облыстық филиалының кеңсесінде өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуымен кездесу өтті.

Кездесуге ЖСДП Орталық аппаратының басшысы Мақсұт Насибулов арнайы келіп қатысты. Отырысқа қатысушы азаматтар «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекеме ғимараты мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін тар, қолайсыз, еш жағдай жасақталмағанын айтты. Сонымен қатар балалар мен ересектер келетін бұл мекемеде балаларға арналған бөлме жасақталмағанын.

Ал 2-ші топ мүгедегі Ә.Супалиев Атырауда өз кәсібін бастауда кедергілерге тап болғанын жеткізді. Өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандармен бірлесіп тез дайындалатын тағамдарды сату дүңгіршегін ашу мақсатында талай жерге барып табан тоздырғанын айтты. «Дүңгіршек орнату үшін топографиялық карта алып, жоба жасату мақсатында қаражат төлеп, коммуналдық мекемелерден анықтамалар алып, құжаттарын жинап болғанша аталған жер телімін әкімшілік өзге адамға беріп жіберген»,- дейді Ә. Сүпалиева.

Бүгінгі таңда тыныс алу үшін арнайы апаратпен дем алып жүрген бірінші топ мүгедегі, кәсіп ашамын деп жүріп бар қаражатын жұмсап жіберіп, енді аппарат сатып алуға қаржы таппай отырғанына қынжылады. Бұрын Балықшы ықшам ауданы бойынша мүгедектер қоғамын басқарған М.Құлышева мүгедектігі бар азаматтарға арналған психологиялық және құқықтық көмек көрсету, тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға үйрету, кәсіпкерлікке тарту, спорттық шараларды ұйымдастыру, емдік дене шынықтыру, цифрлық сауаттылық, әлеуметтік қызметтер порталымен жұмыс бойынша көмек көрсету орталықтарының құрылуын талап етті. Оның айтуынша мереке күндерді, мерейтойларды атап өтіп, экскурсияларға, театрларға, көрмелерге, концерттерге бару, әр түрлі мәдени және бос уақыт өткізу сынды түрлі орталықтар ашу кезек күттірмейтін мәселе.

Бүгінгі күні мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстармен ғана жүзеге асып жатырған жобалар мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жеткіліксіз. Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша сәуір-желтоқсан айларында 99 миллион теңге қаражатқа мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тең Қоғам» қызмет қолдау көрсету орталығы ашылған. мұнда тек 18 жастан төмен, 63 жастан жоғары адамдар ғана қызмет алатыны айтылды. Сомен қоса шағын аудандарда тұратын мүгедектігі бар азаматтарға жағдай мүлде қарастырылмайды екен. Мемлекеттен осындай жобалар үшін бөлінетін қаражатты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған нақты орталықтар құру үшін бағытталса дейді,-кездесуге қатысушылар.

Кездесу барысында айтылған ұсыныстар, пікірлер мен өтініштер жергілікті атқарушы органдар мен ҚР Парламенті Мәжілісінің ЖСДП фракциясының депутаттарына жолданды.

ЖСДП Атырау облыстық филиалы