Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Ә.А.Смайыловқа егіннің ысырап болуы мәселелері бойынша

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Менің депутаттық сауалыма Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы фермерлерінің өтініші себеп болды.

Оларда орын алып жатқан жағдай бүгінде еліміздің кем дегенде төрт облысында – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында қалыптасып отырғанын көруге болады.

Үздіксіз жаңбырдың салдарынан олар 18 күн бойы бидайды жинай алмай отыр. Комбайндар егіске кіре алмауда.

Бірақ техникалық тұрғыдан егін жинау мүмкін болса да – жоғары ылғалдылыққа байланысты фермерлер бүгінде баға жағынан айтарлықтай ұтылды, сондықтан олар өздерінің қаржылық міндеттемелерін қалай өтейтінін білмейді.

Мәселен, фермерлердің бір бөлігі егінді жалға жығып қойған. Бұл ретте олар дәстүр бойынша масаққа тимей әрі астықты 3-4 күн бойы кептіреміз деп күтті. Әдетте ол оның сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бірақ 18 күннен астам уақыт өткен соң бидай жерге тамырланып үлгерді. Егіннің бір бөлігі енді жарамайды.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының жүзге жуық фермерлерінің мәліметтері бойынша биыл олар гектарына кемінде 20 центнер өнім жинау керек еді, бірақ олар ауа-райына байланысты гектарына шамамен 2-3 центнер жинаймыз деп болжап отыр – бұл күтілгеннен ондаған есе аз.

Тіпті алдағы күндері ауа-райы құрғақ болады деп болжанса да, фермерлер бидайдың нарықтық құнының кем дегенде 50%-ын жоғалтты.

Үшінші дәрежелі астықтың нарықтық құны 85 мың бола тұра, олар оны тіпті 40-45 мыңға сата алмаймыз ба деп қорқып отыр.

Оның ылғалдылығы шамамен 30%-ды құрайды, мұндай бидай тек ірі қара малды бордақылауға ғана жарамды. Элеваторлар ылғалдылығы 18%-дан жоғары болатын бидайды қабылдамайды.

Биыл шаруалар тіпті келесі жылға тұқым да қалдыра алмайды, сондықтан оларды шетелден сатып алу арқылы олар екі есе шығынға ұшырайды.

Қазір шаруалар техниканы да, малды да сатуды ойластыруда, өйткені олардың жұмысшылар мен банктер алдында міндеттемелері бар: олар субсидия алды, техниканы, химиялық заттарды, тұқымдарды қарызға сатып алды. Олар барлығымен есеп айырысуы керек қой.

Фермерлер билікке келесі өтінішпен жүгініп отыр:

1) Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төтенше жағдай режимі жариялансын;

2) алынған міндеттемелер бойынша бір жыл мерзімге кредиттік каникулдар енгізілсін;

3) өткен жылдағы Жамбыл облысына ұқсастық бойынша ауа-райының салдарынан егінін жоғалтқан фермерлерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілсін;

4) аграршылар 2024 жылға арналған егіс науқаны үшін тауарлық кредит түрінде тұқыммен қамтамасыз етілсін;

5) ресейлік астықтың Қазақстанға контрабандасына тосқауыл қойылсын, өйткені оның салдарынан қазақстандық фермерлер бірнеше жыл шығынға отыруда.

Жамбыл облысының тәжірибесі бойынша осы мәселеге назар аударуды сұраймыз, ол кезде өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай енгізілуіне орай судың жетіспеушілігінен егіннің ысырап болуына байланысты фермерлерге шығындарын жабу туралы шешім қабылданды. Қаражат Төтенше жағдайлар министрлігінің резервінен бөлінеді.

Құрметпен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Фракциясының депутаттары

Смотрите также: