Бозарықтың тұрғындары: «Қолқаны қабатын иіске тұншығып отырмыз»

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері Абай ауданы, Бозарық шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдап қайтты.

Қала іргесіндегі шағынауданда 1700-ден астам жеке тұрғын үй бар. Енді бос жатқан жерге көпқабатты үй салынып, оның кәріз жүйесі мәселесі халықты әбігерге салып отыр. Пайдалануға берілген аз уақыттың ішінде кәріз құбыры екі рет жарылған. Қазір жарылған кәріз құбырынан ағып жатқан лас су жерге сіңіп жатыр. Тұрғындар қолқаны қабатын иіске тұншығып отырмыз дейді.

‒ Осыдан екі жыл бұрын Бозарық шағынауданының батыс жағында көпқабатты үй соғыла бастады. Жоба бойынша 170-ден астам көпқабатты үй бой көтеру керек. Сол үйлердің қазір тоғызы бітіп, тұрғындарға пайдалануға берілген. Одан бөлек, алты үй берілуде. Сол берілген үйлерге КНС станция орнатылған. Пайдалануға берілгеніне бір жыл ғана болған кәріз құбыры екінші рет жарылып, лас су жерге ағып жатыр. Кезінде ауасы таза деп көшіп келгенбіз, қандай керемет жер еді. Көпқабатты үйлер соғылып біткенше бала-шағамыз топырақтан көз ашпаған еді, енді лас ауа жұтып отыр.

Айтпаған, хат жазбаған жеріміз жоқ, осы мәселені шешуге көмек берсеңіздер, біздің үнімізді жеткізсеңіздер екен, ‒ дейді ауыл биі Алмасхан Еспаев.

Бозарықтың тұрғындарын мазалаған екінші мәселе – Бостандық көшесінде орналасқан ескі мектептің жағдайы. Бұл мәселені көтеріп келе жатқандарына 10 жыл болыпты. Есік-терезесі үңірейген ескі мектептің орнына жаңа мектеп бой көтерсе дейді олар.

‒ Ауылдың қақ ортасында осы ескі мектеп тұр. Не бұзылмайды, не қайта салынбайды. Қаңырап бос тұрған мектепке күн батса болды, ішімдік ішетіндер жиналады. Бала-шаға түгілі, үлкен кісілер жанынан өтуге қорқады. Күнде ары-бері өтетін ұл-қызымыз, немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Халықтың мұңын тыңдайтындар бар ма? Қала әкіміне де, орынбасарына да, депутаттарға да айттық. Бәрі ертең, арғы күні деп шығарып салады. Біздің базынамыз, ескі мектепті бұзып, орнына жаңа мектеп салып берсін. Орын жетпесе, жанында тұрған ескі бала-бақша мен мәдениет үйінің жерін қоссын. 2,1 гектар жер қалалық білім бөлімі, №57 мектептің балансында тұр. Ескі мектептің ішінде жағымсыз жағдай болмай тұрғанда сүріп тастап, балаларымыз жақын жерге баратын жаңа мектеп салып беруін сұраймыз, ‒ дейді тұрғындар.

Бозарықтың белсенді азаматтарының шағымын тыңдаған Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері аталған екі мәселені назарға алып, тиісті орындарға жеткізетінін айтты.

ЖСДП Шымкент қалалық филиалы