Депутат Ажар Сағындықова, Жезқазғандық еңбек ардагерлерімен кездесті

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты ЖСДП фракция мүшесі Ажар Сағындықова, Жезқазғандық еңбек ардагерлерімен кездесіп, олардың өтініштеріне құлақ асты.

Жезқазған қаласында арнайы іс-сапармен жүрген мәжілісімен шахтада еңбек еткен ардагерлер мен мүгедек жандар және регрессниктермен арнайы жолығып, олардың мұң-мұқтажын тыңдады.

Халық қалаулысы өз кезегінде елімізде 6 қазан күні өтетін референдумның маңыздылығын баяндап, әр жанның ел алдындағы борышын орындап азаматтық көзқарастырын таныту керектігін баяндады. «Біздің ел үлкен науқан алдында тұр. 6 қазан күні болатын референдумға барып өз дауыстарыңызды, пікірлеріңізді білдіру өте маңызды іс. Сіздердің пікірлеріңіз, дауыстарыңыз мемлекетіміздің болашағы өте маңызды болып тұр. Сондықтан сіздерді біртұтас ел азаматтары ретінде жалпы ұлттық референдумға баруға шақырамын»,-деді Ажар Сағындықова.

Жиналған көпшілік, депутатқа ұсыныстары мен тілек арыздарын да ала келіпті. Сөз арасында азаматтар өздерінің зейнет жасына шыққанымен осы күнге дейін қызмет барысында алған мүгедектігіне байланысты өтемақыларын ала алмай жүргенін айтты.

«Біз сізге өтінішіміз бен басымыздағы мәселемізді айтайық деп келдік. Сіз депутат ретінде біздің мұң-мұқтажымызды Президентке, Үкіметке жеткізеді деп ойлаймыз. Ал 6 қазан күні болатын референдумға баруға дайынбыз»,-дейді жиналған жұрт. Бір айта кететіні кездесуге жиналғандар өздерінің арыз-тілектерін қағаз бетіне де түсіріп ЖСДП фракция мүшесінің қолына тапсырды.

ЖСДП баспасөз қызметі