Экология түзелмей, денсаулық сауықпайды

Сыр өңірінде мүгедектікке шалдыққан жандар көп. Бұған экология кінәлі ме, әлде оның алдын-алуда медицина дәрменсіз бе?

«Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкінің» ақпараттық жүйесінде тіркелген мүмкіндігі шектеулі жандардың Қызылорда облысындағы үлесі – 31775 екен, оның ішінде ересектері – 26143, балалар – 5632. Бұл облыс халқының (832488 адам) 3,8%-ы. Былтыр 2700 адамға алғаш рет мүгедектік топ тағайындалған. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 2052 адамды құраса, 2021 жылы 2221 адам болған. «Алғашқы мүгедектіктің қарқынды көрсеткіш деңгейі жылдан-жылға өсіп отыр», – дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Тілеукүл Мырзахметова.

Оның айтуынша, соңғы 3 жылдың қорытындысы жастық, жыныстық, нозологиялық құрамы бойынша мүгедектіктің жасарғанын, еңбекке қабілетті жастағы адамдардың алғашқы мүгедектікке шығу басымдығын көрсетеді. Қала, аудандар бөлінісінде алғашқы мүгедектікті белгілеу көрсеткіші Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандарында жоғары деңгейде екені анықталды. Ал қалалық медициналық ұйымдар бойынша алғашқы мүгедектікті белгілеу көрсеткіші №1, №3, №4, №5, №6 қалалық және жеке емханаларда өскені байқалады.

Ересектер арасындағы алғашқы мүгедектіктің нозологиялық құрамы бойынша бірінші орында жүрек-қан айналым жүйесі аурулары тұрса, екінші орында қатерлі ісіктер болғанымен, кейінгі жылдары көз аурулары салдарынан да мүгедектер саны өсуде екен. Сонымен қатар, жарақаттар салдарынан алғашқы мүгедектікке шығу да 9,8%-дан 11,6%-ға өскені анықталған.

Өңірдегі бала мүгедектігі – медициналық-әлеуметтік сараптаманың өзекті мәселелерінің бірі. Мәселен, былтыр 18 жасқа дейінгі балалар арасында мүгедектікке 945 бала шыққан. 2021 жылы бұл көрсеткіш 748 болған, яғни, есепті кезеңде 197 балаға көбейген. Балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымы бойынша бірінші орында – жүйке жүйесі аурулары. Оның салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың үлес салмағы 31,6%-дан 35,4%-ға көбейген. Екінші орында – туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқулар. Ол бойынша танылған мүгедектігі бар балалардың үлесі 35,2%-дан 29%-ға азайғаны байқалады. Үшінші орындағы тыныс алу органдарының аурулары 5,7%-дан 7,7%-ға өссе, төртінші орында тұрған эндокриндік аурулар, тамақтану және зат алмасудың бұзылуы аурулары 3,6%-дан 4,2%-ға өскен.

18 жасқа дейінгі балалар арасында мүгедектікке 254 бала шыққан, былтырғы 3 айда бұл көрсеткіш 212 болған, яғни, есепті кезеңде 42 балаға көбейген. Балалар арасында алғашқы мүгедектікке шығудың нозологиялық құрылымы бойынша салыстырғанда бірінші орында жүйке жүйесі ауруларының салдарынан алғашқы мүгедектікке шыққандардың үлес салмағы 30,2%-дан 36,6%-ға артқан. Екінші орындағы туа біткен даму ақаулары, деформация және хромосомдық ауытқуларынан танылған мүгедектігі бар балалардың үлес салмағы 33,5%-дан 30,3%-ға төмендегені байқалған. Ал үшінші орындағы тыныс алу органдарының аурулары 4,7%-дан 10,2%-ға өссе, төртінші орыннан көрінетін психикалық бұзылулар және мінез-құлықтың бұзылуы 2,4%-дан 3,9%-ға өскен.

Қалалық №3 емхананың дәрігерлік консультативтік кеңес төрайымы Гүлнара Битаева кейінгі кезде қоғамда науқас түрлері де, мүгедектік те көбейгенін айтады.

– Мысалы, біздің емхана бойынша былтыр 1105 мүгедек болған, қазіргі кезде олардың саны 1161-ге жетіп отыр. Оның 425-і – бала, 736-сы – ересектер. Былтыр емханаға тіркелген тұрғындардың бір бөлігі жаңадан ашылған емханаға ауыстырылды. Соның өзінде мүгедектік азаймай отыр. Былтыр 218 науқас алғаш мүгедектік алды. Ал 2021 жылы 196 болған. Оның ішінде ересектер – 112, балалар – 106. Биылғы алғашқы тоқсанда 57 науқас алғаш мүгедектік алса, соның 28-і балалар, 29-ы – ересек. Жалпы емхана 50432 тұрғынға қызмет көрсетеді. Нозология бойынша сараласақ, ересектер арасында қан айналым жүйесінің аурулары, яғни, жүрек, инсульт, инфаркт аурулары, қатерлі ісік және көз аурулары алдыңғы орында. Ал балаларда тыныс жолы аурулары бірінші орынға шығып тұр. 2022 жылы бірінші орында туабітті ақаулар болған. Екінші орында туабітті ақау, үшінші орында ДЦП, яғни, сал аурулары. Бұған не себеп десек, меніңше біріншіден, шала туған балалардың көбеюі деп ойлаймын. Қазір 500 грамдық шала туған баланы есепке алып, оны әрі қарай емдеп, адам қатарына қосады. Бірақ ол балада бәрібір қандай да бір ауру қалады. Туабітті ақаулардың артуы, тыныс жолы ауруларының көбеюі содан деп ойлаймыз. Екіншіден, науқасты диспансерлік есепке алғаннан кейін оларға оңалту шаралары жүргізілуі керек. Міне, осы жағы жетіспейді. Біздің өңірде оңалту орталықтары бар, дегенмен олар жеткіліксіз. Бір бала кемінде жылына екі рет арнайы ем-дом алуға тиіс. Бізде кезекті ұзақ күтіп қалатын жағдайлар болады. Сал ауруы, туабітті ақаулар ұзақ әрі жүйелі емді қажет етеді. Сондықтан, ата-аналар кезекті ұзақ уақыт күткісі келмейді. Оған қоса оңалтуға тек мүгедектігі барлар ғана емес, диспансерлік есепте тұратын өзге де балалар, науқастар жіберілетінін ескерсек, жағдайды түсінуге де болады. Мысалы, биыл мүгедектігі бар балалардың Талсуаттағы оңалту орталығына 76-сы жіберілді. Былтыр 49 бала оңалтудан өткен. Пандемияға байланысты оңалту шаралары азайып қалған еді, қазір қалыпқа келді. Жеке клиникалар да көптеп ашылып жатыр. Бірақ олар ақылы, сондықтан көбінің қаржысы жете бермейді.

Балалар арасында түрлі аурудың артуының тағы бір себебі аналардың денсаулық көрсеткішінің төмендігімен де байланысты. Қазіргі кезде ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің денсаулық индексі өте төмен. Екінің бірі қаназдықпен, түрлі инфекциялық аурулармен ауырады. Әйелдің бойындағы ауру міндетті түрде балаға беріледі. Сондықтан олардың денсаулығына мән беруіміз керек. Одан бөлек, қазір әйелдер нәрестелерін емізбейді, жасанды сүтпен, қосымша тамақтармен тамақтандырғанды жөн көреді. Бұл бала денсаулығына зиянын тигізуде. Әйтпесе мүгедектігі бар жандарға көрсетіліп отырған әлеуметтік көмектер өте көп. Жәрдемақыдан бөлек, қажетті тұрмыстық заттар да құралдар да тегін беріледі, – дейді Г.Битаева.

Дәрігердің айтуынша, бір отбасында екі, үш мүгедек бала тәрбиеленетін жағдайлар кезігеді. Әсіресе аутизм, көз аурулары кейінгі кезде белең алып отыр. Маман ол аурулардың басты себебі – гаджет екенін айтады.

Ал жуырда ғана журналистерге арнап брифинг берген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Мая Мирзанова аймақта ерекше балаларға жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталған болатын.
– Өңірде ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы былтыр ашылған. Бүгінгі күнге дейін онда 2500-ге жуық бала ем алды. Ал оның 25,3 пайызы – мүгедектігі бар балалар. Осы ретте ерекше балалардың толыққанды ем алуы үшін «Қамқорлық» орталығын бірнеше аудандарда ашуды жоспарлап отырмыз, – деді.

Бала туу көрсеткіші, қамқорлық жағы республикада көш ілгері екенін денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовта мәлімдеді.

– Соңғы үш айда 4777 бала дүниеге келді. Республика бойынша біздің облыс Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Алматы облысы және Алматы қаласынан кейін туу бойынша көшбасшылардың бестігіне кіреді», - деген басқарма басшысы аймақта жеке емханалардың көбеюімен дәрігерлер жетіспейтінін айтады.

Бүгінде 120 дәрігер – жалпы практика дәрігерлері, реаниматологтар, неонатологтар жетіспейді екен.

– Жыл сайын дәрігерлерді даярлау үшін облыс әкімінің 20 гранты бөлінеді. Биыл олардың санын 30-ға дейін арттырғымыз келеді, – деген ол аймақта донорлық мәселесі де өткір тұрғанын айтты – Облыста 200-ге жуық пациент донорлық органдарға мұқтаж. Олар бауыр, бүйрек, жүрек трансплантациясын қажет етеді. Бұл науқастарды тек туыстары құтқарады. Өйткені өңірде мәйіт донорлығы дамымаған. Бұл тек бізде ғана емес, республика бойынша да басты мәселе, – дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Медицина саласына миллиардтар құйылып жатса да өңірде аурушаңдық та, мүгедектік көлемі де жылдан жылға ұлғаюда. Бұның барлығының бір-ақ себебі бар, ол – экология. Тұзды ауа, тұзды жер – өңір халқының туу көрсеткіші жоғары болса да, бір жағынан кемтар етіп буып ұстап тұр. Сондықтан жоғарыдағы аузы дуалы шенділер Қызылорда өңірінің экологиясына бетбұрса дейміз.

Нұрбек Дәуренбеков, ЖСДП Қызылорда

Смотрите также:
Депутатские запросы
02.05.2024
Н.Сайлаубайдың Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ауыл шаруашылығы техникасы бағасының өсуіне қатысты жолдаған депутаттық сауал
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.