Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке

Партиямыз мемлекеттік мүлікті басқару саласындағы кейбір заңға тәуелді актілерді саралай келе, қызықты деректерге тап болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 16 қаңтарындағы №17 бұйрығы бойынша бекітілген Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру ережелерін және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік келісім-шартын алайық.
Ережеде сенімгерлік басқаруға берудің бірнеше жолы қарастырылған.

Біріншісі – нысанды тендер өткізбестен сенімгерлік басқаруға беру. Бұл тәсіл нысанды сенімгерлік басқаруға беру туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш) негізінде жүзеге асырылады. Өтініш еркін формада жасалады. Тендерсіз беру Ереженің тіпті 17 тармағында қарастырылған, оның ішінде: газ құбырлары мен электр-энергиямен жабдықтау нысандарын беру; мемлекеттік ақпараттық жүйелерді беру; жалпы ауданы кемінде 40 000 шаршы метр болатын кешендер түріндегі мәдени нысандарды, соның ішінде опера және балет өнерін дамыту үшін құрылған ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды және өзге де мүлікті қамтитын кешендерді беру. Мұны қалай түсінуге болады, тендерсіз мүлікті беру деген қалай? Бұл кім үшін ыңғайластырылған?

Екінші тәсіл – ашық тендер, ал үшінші тәсіл – жабық тендер. Жабық тендерге мүдделі мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде тендерлік комиссия айқындайтын қатысушылардың шектеулі тобы ғана қатысады. Сонда мемлекеттік орган хат жазып, өзінің субъективті көзқарасы бойынша жабық тендерге қатысуға «лайықты» деген бір ЖШС-ні көрсетеді, сосын бұл компания жабық тендерге қатысатын болып тұрғаны ма?!

Ең бастысы бұл емес, бұл жерде нысанды сенімгерлік басқаруға беру шарттары мен сенімгерлік басқарушының шығындарын өтеу көзін кім анықтайтыны жайында мәселе көтеру керек. Ал оны құрамына құрылтайшының, басқару органының және (немесе) өкілді органдардың және басқа да мемлекеттік органдардың әрі олардың аумақтық бөлімшелерінің, «Атамекен» Қазақстан Республикасы ұлттық кәсіпкерлер палатасының және өңірлік кәсіпкерлер палаталарының (жергiлiктi атқарушы органдар жанындағы комиссияда немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкiмiнiң аппараттарында), жергілікті қоғамдастықтар мен өзге де ұйымдардың өкілдері кіретін тендерлік комиссия айқындайды. «НЕМЕСЕ» деген бір сөз арқылы Ұлттық экономика министрлігі тендерлік комиссияның құрамына өкілді және мемлекеттік органдарды, Атамекен ҰКП, жергілікті қоғамдастықтар мен өзге де ұйымдарды қоспауға құқық беріп отыр.

ЖСДП партиясы Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру ережелерін және Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқарудың үлгілік келісім-шартын қайта қарауды және мынадай қағидаттарды ұстануды талап етеді:

  1. Мемлекеттік нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жеке монополистердің пайда болуына әкелмеу керек. Мемлекеттік нысандарды жеке қолға сенімгерлік басқаруға беру:
  2. мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені болдырмауы керек;
  3. нақты экономикалық қайтарым болуы тиіс. Оның мәні тиімділікті арттыруда және қоғамның ұлттық экономикасы мен әлеуметтік саласына қосатын үлесін ұлғайтуда болуы керек;
  4. тендерлерді өткізудің ашықтығы және сыбайлас жемқорлық қаупін алдын алу қағидаттарына жауап беруі тиіс.

ЖСДП фракциясы