Ербол Салықбаев: «Елді-мекендерді даладан келген қар суы басты»

Халқымызды әбігерге салған су тасқыны біраз мәселе тудырып отырғандықтан, ЖСДП еліміздегі су қоймаларының жұмыс істеу қарқынын анықтау мақсатымен партияның Астаналық филиалының төрағасы Талғат Омаров «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының орынбасары Салықбаев Ербол Зәубірбекұлымен сұхбаттасып қайтты.
Атап өту керек, «Қазсушар» кәсіпорны теңгеріміндегі республикалық маңызы бар гидротехникалық құрылыстар мен кешенді жұмыстарға арналған су қоймаларын, магистралдық су құбырлары мен өзге су шаруашылығы нысандарын қалпында ұстау, пайдалану, сондай-ақ, мемлекеттік меншіктегі су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады.

‒ Қазақстан бойынша қанша су қоймасы бар және олардың су деңгейі қандай?

‒ Біздің мекеме республикалық меншік теңгеріміндегі бар нысандарға ғана жауап береді. Жалпы республика бойынша 405 су қоймасы болатын болса, соның 87-сі ғана бізге тиесілі. 87 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 28 млрд³ болса, қазір олардың ішінде 12 млрд кубқа жуық су бар. Қалған су қоймалары суды жинау мақсатында жұмыс атқарып жатыр. Мысалы, Астана су қоймасының максималды сыйымдылығы 425 млн³. Қазір ондағы су деңгейі 406 млн³, қалған 20 миллион кубтай бос орынды толтыруға жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Өзендерден келіп жатқан су көлемі 300 куб/сек (секундына 300 куб) болса, Астана су қоймасынан Есілге жіберіп жатқан су көлемі 200 куб/сек. Су қоймасына секундына 100 куб жинап жатырмыз. Егер келетін ағын су азаятын болса, оны сақтауға тырысамыз. Оны жүз пайыз жинап, тоқтатып қоямыз. Қазір су қоймасы 99 пайызға толды. Болжам бойынша, ертең 250 кубқа түседі, кеше 400 куб болса, бүгін 339 куб. Астана бойынша қауіп жоқ.

‒ Басқа су қоймалары бойынша жағдай қалай?

‒ Жалпы, су қоймаларындағы судың толуына байланысты режимді бас инспекция және жергілікті атқарушы органмен бірлесіп жасап жатырмыз. Онсыз болмайды. Бұл режимді біз тастаған су елді-мекендерді басып кетпеуі үшін қолданып жатырмыз. Мысалы, Сілеті су қоймасында су 95 пайызға дейін толған, қалған кішкентай су қоймалары 100 пайыз толы, бірақ оларда келген су автоматты түрде өзі шығып кетеді, орысша айтқанда «автосброс». Әзірше біздің су қоймалардың суы елді-мекенді басып кетеді деген қауіп жоқ. Қарағандыдағы су қойманың барлығы транзиттік режимде жұмыс істеп жатыр. Өйткені су қоймаларының су толу деңгейі 98-99 пайызда тұр.

‒ Елді-мекендерді су басып кетпеуі үшін тиісті жерлерге неге гидротехникалық құрылыстар салынбады?

‒ Біз мынаны түсінуіміз керек, далада аққан судың барлығы су қоймасына келіп жиналмайды. Қазір біраз елді-мекенді су алып жатқанының негізгі себебі – даладағы қар суының келуі. Бұл реттелмеген су, яғни оның арнасы жоқ. Ол жылда әртүрлі арнамен ағады. Мысалы, биыл осы жерге қар түскендіктен осы ауылды су басады десеңіз, ол олай емес. Қардың суы кез-келген жаққа ағып кетеді. Далаға гидтотехникалық құрылыс сала алмайсыз, өйткені алдын-ала болжау қиын. Ондай құрылыс нысандарының барлығы Кеңес үкіметі кезінде салынды. Қазіргі таңда президенттің тапсырмасына сәйкес жаңадан 20 су қоймасын салу көзделген. Оның негізгі мақсаты – тасқын суды ұстап қалу. Астанада Бұзылық су қоймасы, Оңтүстікте Бәйдібек ата су қоймасы, Жамбыл облысында 3 су қойма, Қарағандыда Садовый су қоймасы, Жетісуда Жетісу су қоймасы, Шығыс Қазақстанда да су қоймасы салынбақшы.

‒ Су қоймалары бүтін емес, жарылған жерлері бар деген алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Сол шындыққа сай ма, жоқ па?

‒ Жалпы, өздеріңізге белгілі, біздегі су қоймалар елуінші-жетпісінші жылдар аралығында салынған. Егер қазір судың жайылып кететіндей қаупі болса, біз оны ешқашан жинамаймыз. Транзиттік режимде қанша су келсе, соншасы шығып кетеді. Біз суды бір жерге жинап, халыққа қауіп-қатер төндірмейміз. Сол себепті апаттық жағдайда тұрған су қоймалары міндетті түрде транзиттік режимге ауысады. Ал қалған құрылыс нысандары жан-жақты тексеру жұмыстарынан өтеді, оны кезең-кезеңімен жасаймыз, ең алдымен қауіп төндіретіндері назарға алынады. Астана, Сілеті, Қоянды су қоймалары мұндай тексеруден 2022 жылы, Қарағанды су қоймаларының бесеуі де 2022-2023 жылдары өтті. Соның нәтижесінде бекемдеу жұмыстарын жасау тапсырмасы берілді. Бұл су қоймасының бұзылуына алып келмейді. Кейбір детальдер әбден тозған, олар қосымша бекемдеу жұмыстарын талап етеді. Осы бойынша министрлік кешенді жоспар әзірлеген. Сонда 2028 жылға дейін 15 су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу қарастырылып отыр. Қазір біз жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін қаражат сұрап жатырмыз. Қаражат бөлінген жағдайда, біз 2028 жылға дейін жоспарланған нысандарды жөндеп шығуымыз керек.

‒ «Қазгидромет» қызметі ауа-райы болжамы туралы алдын-ала ескертті. Толассыз жауын жауып, одан жаңағы қоймалардың суы арнасынан тасып кететініне дайын болмадыңыздар ма? Мысалы, Оралдағы су тасқынына не дейсіз?

‒ Бізде су тасқыны болуының негізгі себебін айтайын. Себебі – жергілікті атқарушы органдар мен жалпы халық үйді өзеннің қоймасына салады. Мысалы, Астана қаласындағы Есіл өзені қоймасын алып қарайық, бұрын Астанада құрылыс нысандары салынбай тұрған кезінде оң жағалаудағы жердің бәрі Есілдің қоймасы болған. Мысалы, Орал қаласын алсаңыз, ол Шаған мен Деркөл деген екі өзеннің ортасына салынған. Кезінде саяжай алабы (дачный массив) деп берілген жерде қазір саяжай алабы емес, көп қабатты жеке үйлер бой көтерген. Оның барлығы талапқа сәйкес келмейді. Әрбір өзеннің 10 жылда, 20 жылда немесе 100 жылда бір таситын кезеңі болады. Сіз оны тоқтата алмайсыз, ол – табиғат. Қараңыз, Ақтөбедегі небәрі бір жарым тәуліктің ішінде 192 млн куб судың келуі өмірде болмаған жайт. Бізде, әдетте, бір су тасқыны кезінде 2 жарым айдың ішінде 150-250 млн кубқа жуық су келеді, ал осы жолы су бір жарым ғана күнде келіп отыр. Біз сол 192 милионның 150 миллионын жинадық та, 40 миллион суды тастадық. Өйткені біздің су қоймаға одан артық су сыймайды. Ал Ақтөбе қаласында орналасқан саяжай алабының барлығына үй салып тастаған. Соның әсерінен үш шағын ауданның судың астында қалуы – заңдылық. Өйткені ол жердің жанында жеті үлкен өзен бар. Батыс Қазақстанда былтыр да сондай жағдай болған. Естеріңізде болса, 2014 немесе 2015 жылы Орал қаласы ішінің бәрін су басқан. Себебі саяжайлардың бәрі қоймаға салынған. Өйтуге болмайды. Жарайды, он жылда су тасымас. Бірақ отызыншы жылы су келетін болса, міндетті түрде елді-мекенді су басады емес пе?! Оны біз тоқтата алмаймыз. Гидротехникалық құрылыс салған кезде өзенді ғана ескермейміз ғой. Жарайды, су Ресейден келеді деп есептеуге болады, бірақ даланың қар суын қалай есептейсіз?

‒ Сол даланың егесі жоқ емес қой, яғни жекеменшік жер алған адамдар бар. Оларда ауыл шаруашылық егістері, жайылымдық және шабындық аумақтары, басқасы бар. Соларға осы суды жинап, ертең кәдеге жаратуға болады деп неге айтпасқа? Мысалы, КСРО кезінде солай болған...

‒ КСРО кезінде далада ғана қарды тоқтататын нысан орнататын. Мысалы, желдің өтіне ағаш отырғызу, қарды ұстап қалу, желмен ұшып кетпеу үшін қолдан дуал көтеру. Бұлар – жердің құнарлығын, жердің қалпын жақсартатын нәрселер. Ал суды тоқтатып тұруға оның қатысы жоқ. Бүгінгі таңда неге мұндай жағдай орын алды? Себебі қыстың күні жаңбыр жауды. Одан соң қар жауды. Қардың үстінен қайтадан жаңбыр жауды. Тоң кетпей, су жерге сіңбеді, соның салдарынан осындай жағдай орын алып отыр.

‒ Дамыған елдердің қалаларын қарасаң, канал өте көп салынады. Бізде ондай тәжірибе өте аз. Каналдар салынса, халыққа да ыңғайлы, қала да тыныш болады. Себебі қаланың ішінде су каналға құйылып отырады. Ал біз болсақ, Талдыкөлді құрылыс қоқыстарымен толтырып тастадық.

‒ Бүкіл Қазақстан бойынша мен ештеңе айта алмаймын. Себебі республикада коммуналдық меншік те бар, ауылдық округтер де бар, басқасы да бар. Біздікі республикалық меншікте болғанымен, 87 су қоймасына ғана жауап береміз. Қазіргі таңда бізге қарасты су қоймаларда су көтерілген жағдайда, оны бұрып әкететін каналдарымыз бар. Артық суды далаға жібереміз.

‒ Кейбір елді-мекендер судың бойында тұр, оларға алаңдамай өмір сүруге бола ма?

‒ Айтып отырмын ғой, 400-500 су қоймасы болса, соның 87-сі ғана біздің меншігімізде. Қалғаны коммуналдық меншікте. «Қазсушар» ретінде қай жерде не болып жатқанына және қай су қоймасының арнасы толып жатқанына мониторинг жасап отырамыз, бірақ жағдай толықтай қандай болып жатқаны жөнінде білмейміз.

Әңгімелескен Талғат Омаров

Смотрите также:
Депутатские запросы
22.04.2024
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Премьер-Министру РК Олжасу Бектенову по вопросам водного канала имени К. Сатпаева
22.04.2024
Наурыз Сайлаубайдың Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа ипотекалық бағдарламалар жөнінде жолдаған депутаттық сауалы
13.03.2024
Біздің депутаттық сауал Премьер-Министр О.А.Бектеновке
13.03.2024
Депутатский запрос А.Сагандыковой Премьер-министру О.А.Бектенову
31.01.2024
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевқа депутаттық сауал
31.01.2024
Депутатский запрос члена фракции ОСДП Ажар Сагандыковой Министру просвещения РК Гани Бейсембаеву
24.01.2024
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ Р. СКЛЯРҒА ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
17.01.2024
Депутатский запрос А.Рахимжанова Министру труда и социальной защиты населения РК Жакуповой С. К.
27.12.2023
Депутатский запрос Ажар Сагандыковой Министру здравоохранения. Министру труда и социальной защиты