Ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарды зейнетке ертерек шығару мүмкін бе?

ЖСДП депутаты Ажар Сағандықова Парламент Мәжілісінде мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналардың құқығын қорғау мақсатымен олардың зейнетке ертерек шығуына мүмкіндік беру керек деген ұсыныс айтты.

«Бізге психикалық ауруы бар мүгедек балалар мен ересектерге күтім жасайтын аналардың мүддесін көздейтін «Алтын Бата» қоғамдық қоры жүгінді. Бала кезінен мүгедектігі бар адамдарды күтіп отырған аналардың зейнетке шығу жасын азайтуды сұрады. «ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының 11-13-баптарында әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы 63 жастан басталатыны жазылған, бұл ретте 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға күтім жасау уақыты зейнетақы алуға құқық беретін еңбек өтіліне кіреді. Алайда, психикалық ауруы бар мүгедек балалар мен ересектерге күтім жасап отырған аналар, әдетте, бала кезден мүгедектігі бар жанға 18 жастан кейін де, яғни өмір бойы қарауды жалғастырады. Олардың БЖЗҚ-ға (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) аударым жасау мүмкіндігі болмағандықтан, Зейнетақы қорынан төлемдер талап ете алмайды. Сондықтан мұндай аналар зейнеткерлік жасқа жеткенде тек ең төменгі зейнетақы ғана ала алады», - деді депутат Ажар Сағандықова.

Ол ана мен әке және баланы қорғау – еліміздің мемлекеттік отбасылық саясатының мақсаттарының бірі екенін негізге алып, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға мынадай ұсыныспен қайырылған болатын: «Сізден «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 11-бабын «бала кезінен мүгедектігі бар балалар мен ересектерге күтім жасайтын әйелдердің 50 жасқа толғаннан кейін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар» деген мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтыруды сұраймыз», - деді.

Бұл мәселенің шешілуі инклюзивті қоғам құрумен, бала кезінен мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсартумен де тікелей байланысты. Дегенмен Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың жауабына зер салсақ, бала кезінен мүгедектігі бар адамға күтім жасап отырған әйелдер үшін зейнеткерлік жасты төмендету әзірше мүмкін болмай тұрған сияқты.

«Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қазіргі жұмысы жағдайында зейнетке ерте шығу (50 жаста), оның ішінде мүгедектігі бар бала өсіріп отырған әйелдердің зейнетке ерте шығуы, қартайғанда көңілге қонымды зейнетақы төлемін алу үшін зейнетақы жинақтарында жеткілікті сомма көлемін жинауға мүмкіндік бермейді», – делінген жауапта.

Жалпы, биылдан бастап 2028 жылға дейін әйелдер үшін зейнеткерлікке шығу жасы – 61 жас, өйткені короновирус пандемиясы әйелдерінің денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер етуіне байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспарланған 63 жасқа дейін кезең-кезеңімен арттыру тоқтатылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жазбаша жауабында: «Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне жекелеген әлеуметтік маңызы бар кезеңдер (жұмыс істемейтін ананың кішкентай балаға 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаға, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, сексен жасқа толған қартқа қарауы т. б.) есептелетінін атап өткен жөн, бұл әйелдерге еңбек қызметінің жоқтығына қарамастан зейнетақы алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2010 жылдан бастап мүгедектігі бар балалары бар отбасыларды қолдау үшін мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілгенін атап өткен жөн, ол үшін отбасының табысы есепке алынбайды, ал 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 18 жастан асқан бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көзделген. Жәрдемақы мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне сәйкес индекстеледі (2023 жылы – 56 794 теңге)», – дейді. Ал Денсаулық сақтау министрлігі жалпы алғанда, зейнеткерлік жасты қайта қарауға қарсы емес екенін жеткізді.

«Оң шешім қабылданған жағдайда, көпбалалы аналардың зейнетке шығуы сияқты зейнетке ерте шығуға құқығы бар әйелдердің санаттарын анықтау қажет болады. Сонымен қатар зейнеткерлік жасты төмендету мәселесін ауыр сырқаттары бар және тұрақты медициналық күтімді қажет ететін пациенттерге қарайтын адамдардың санаттары да көтеруі мүмкін екенін атап өткен жөн», - дейді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Керек дерек: Қазіргі уақытта зейнетақы төлемдері бірнеше компонентті қамтиды: біріншісі, бұл – ең аз деңгейде ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бұдан әрі – ЕТКД) 60%-ын құрайтын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі. Ол 10 және одан аз жыл еңбек өтілі бар немесе мүлдем еңбек өтілі жоқ барлық азаматтарға міндетті түрде беріледі. Бұл ретте еңбек өтілі көп азаматтар үшін базалық зейнетақының мөлшері 10 жылдан астам әр жыл үшін 2%-дан артады, ал 33 және одан да көп жыл өтілі болған кезінде базалық зейнетақы ең жоғары мөлшерге – ЕТКД-нің 100%-на жетеді.

Екіншісі – жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар адамдарға республикалық бюджеттен төленетін ынтымақты (еңбек) зейнетақы. Үшіншісі – жұмыскерлердің 10% міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақы.

Бұл ретте, зейнетақының мөлшері зейнетақы жарнасының мөлшеріне және оның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты аударылып тұратынына, әрі зейнетақы жинақтарының кіріс деңгейіне байланысты болады. Осылайша, азаматтар еңбек өтіліне байланысты барлық үш деңгейдегі зейнетақымен (ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы) қамтамасыз етіледі. Еңбек өтілі неғұрлым көп болса, зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болмақ.

ЖСДП Баспсөз қызметі