Есірткімен қоғам болып күресейік

Есірткінің зиянды екенін білсе де, пайдаланушылар қатары азаяр емес. Себебі есірткіні сататындар оны қолжетімді қылу үшін түрлі тәсілдерге барады. Алғашқыда тегін беріп елітеді. Бас тартқан жастарға «Сен әлі баласың ба? Осы затты қазір көрмегенде қашан көресің?», - деп ар-намысына тиеді. Жас өрен мұндайды намыс көріп, содан есірткіге қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалып жүр. Ал кейбір үлкендер болса, өмірдің қиыншылығын өзінше сол зат арқылы жеңілдетпек.

Статистикаға көз жүгіртсек, синтетикалық есірткіге тәуелділердің басым көпшілігі 14-21 жас аралығындағы жас¬өспірімдер. Бейресми деректерге сенсек, еліміздегі жастардың 60 пайызы есірткіге тәуелді.

Қазір бұл зиянды затты сатушылар азаймай тұр. Өйткені оңай ақшаға қызығады. Ал бұларды тоқтау үшін біз не істей аламыз? Мектептер мен жоғарғы оқу орындарында есіркінің зияны туралы ақпараттандыру жұмысы қай деңгейде өтіп жатыр?

Меніңше, есірткіге тосқауыл қою үшін оны сататындар мен тарататын адамдардың жолын бөгейтін заң енгізіп, тауарды сатып жүрген сайттарын жабу қажет. Жуырда елімізде есірткіні жарнамалайтын және тарататын 845 сайттың еркін жұмыс жүргізіп жүргені белгілі болды. Өткен айда ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдемелер болып саналатын есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын, атыс қаруын, оның негізгі бөліктерін, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданған еді. Статистика бойынша Маңғыстау облысы жыл басынан есірткіге қатысты 80 құқық бұзушылықты анықтапты. Оның 20-сы қылмыстық іс деп тіркелген. Есірткіні ірі және шағын көлемде сақтауға қатысты 60 есірткі қылмысы анықталған.

Нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу мақсатымен Есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 32 профилактикалық іс-шара ұйымдастырып, нәтижесінде 255 граффити-жазбаны жойған. Сонымен қатар, есірткі мен оның баламасын жарнамалайтын және сататын 25 интернет-сайт бұғатталған.
Маңғыстау облысының Есірткіге қарсы күрес басқармасы өңір тұрғындары мен қонақтарын, дәріханалар мен өзге де медициналық мекемелердің иесін «Этизолам», «Трамадол», «Кетамин» дәрілік препараттары «психотроптық заттар» тізіміне енгізілгенін ескертеді.

‒ Аталған препараттарды лицензиясыз сақтау және сату ‒ қылмыстық жауапкершілікті көздейді, ‒ деді облыстық полиция өз мәлімдемесінде. Бағдарлай білсек, біз ‒ қоғам өз сана-сезіміміздегі дұрыс емес оймен күресуіміз керек! Есірткі жаман екенін біле тұра, соған ақшасын шығаратын адамдардың сана-сезімін оятуға қоғам болып атсалысуымыз керек. Болашаққа, Жаңа Қазақстанға қарай дұрыс қадам жасайық!

Турешова Мадина, Маңғыстау облысы

Смотрите также: