Ұлт тағдырындағы тұмшаланған тарих

31 мамыр – тәуелсіз Қазақстан тарихында қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу датасы болып күнтізбеге бекітілген күн. Екі зардап бір онжылдықтың ішінде орын алғанымен, екеуі екі бөлек тағдырлы тарих. Сондықтан бұл екі қасіретті ақтаңдақ тарихтың беттерін бөлек-бөлек күндерге қаралы күн ретінде белгілеп, ел болып әруақтарға дұға етер сәт болып белгіленуі шарт.
ХХ ғасырдың алғашқы елу жылына дейін боз жусан болмысты дала қазағының қынадай қырылғанын, ашаршылық пен қуғын-сүргін жылдарында құрбан болған боздақтарды еске алу мемлекет деңгейіндегі аса маңызды қадам ретінде заңмен бекітілуі керек. Талай текті қазақтың басы кетіп, берекесі ғасырлап тасыған қаншама шаңырақтың ортасына түсуі – үлкен қасірет. Кеңестік қызыл террорлы жүйенің қазаққа жасаған қанауы еш ақтауды қажет етпейтін зобалаң. Қолдан жасалған аштық, бас көтерер арда азаматтарды тікелей жою үлкен трагедия екені анық. Тарихтың бұл ақтаңдақ беттері мәңгілікке бет бұрған Ұлы Дала жұртының есінен өшпеуі тиіс. Әр екінші үйде ашаршылықтың құрбаны мен репрессия жылдары іс-түссіз кеткен бабасының отбасылық шежірелі тарихы бары рас.

Бүгіндері бұл нәубетті тарихи мемуарлы деректі романдар мен мұрағат деректерінен де жақсы білеміз. Өткеннің ізі мен жолын ғибратты тәлімге ұластыратын қазақы қалып өз тарихы мен шежіресінен сындарлы пікір мен ұстаным шығарып отыруы тиіс. «Тарыдай шашылған қазақ» деген тіркестің түп-төркінінде де осы қуғын-сүргін мен аштықтың тұрғандығы есі дұрыс қазақтың бәріне ұғынықты. Тұтас Алаш зиялысының қырғынға ұшырауы, ел ішіндегі сауаты бар діни тұлғалардың қуғындалуы үлкен саяси идеологиялық науқан болғандығының бір көрінісі.

Бұқара мен Самарқанда білім алған діни тұлғалар, мешіт пен медресе ұстап, қазақтың баласының сауатын қадімше болсын, жәдитше болсын білім нәрімен сусындатқан ілім иелерінің тып-типыл жойылуының өзі кеңестік жүйенің қазаққа не істеуге келгенін айқындап беретін себеп. Қазақтың ұлт болып өз-өзіне ие болар саясат жүргізуі коммунистік үкіметке ұнамайтын болды. Яғни, дара ұлт болып ұйысу, өз саясатыңды жүргізу, өз әскерің мен өз шекараңа иелік ету, ғылым-технологияны өз ғалымдарың мен ұлт игілігіне жұмсау қызыл терроршылар үшін жат ұғым еді. Сондықтан, ұлттың саяси көсемдерінен бастап, елді артынан ерте алатын қарапайым адамдарына дейін жойып жіберді.

Қызыл террордың алдында Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары Алаш атты әскерін құрып, Алаш милициясына дейін жасақтаған болатын. Бұл әскердің құрылғанына биыл маусым айында 105 жыл толады. Саясат пен идеологиясын бекітіп, жасақтаған осындай мемлекеттің зиялысын бір сәтте тұтас жоқ қылу қаныпезерлік амбиция емей, немене?

Әлем тарихында бұндай көлемде зиялыларынан айырылу сол жылдары Польшаның да басынан өткені белгілі. 25-30 мыңға жуық зиялынысының бір сәтте жан тапсыруы – әлемдік деңгейдегі қанқұйлы оқиға. Бұл қылмысты кеңестік билік пен Германия бір-біріне сілтеп жүргенде жаңа ғасырдың келіп, тың деректер пайда болып, ақиқаты да ашылған еді. Оның артында біздің ұлтқа қастық қылған «тарихи» тұлғалардың тұрғаны да айқындалды. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихында аштық құрбандарын да, қуғын-сүргін құрбандарын да бір күнде еске алып жүрміз. Бірақ көңіл көншітерлік деңгейде емес. Осы аштықтан кейін 10 жылдан соң, репрессиядан 4 жылдан кейін болған Екінші дүниежүзілік соғысты жеңіс күніне балап, үлкен деңгейде атап өтіп жүрміз. Бәрі бір онжылдықта болған қасіреттер. Ендеше үшеуіне де тарихи бағасы бірдей берілуі керек деп санаймын.

Бүгін жаңа Қазақстанымыздың тәуелсіз тың парағының бастау алғанына орда бұзар отыз жылдан асып барады. Шекарасы шегенделген біртұтас, егемен ел атандық. Тәуелсіз ел боламыз деп миллиондаған қазақтың шахид болып кеткенін бәріміз білеміз. Сайда саны, құмда ізі жоқ талай сүйектер далада шашылып та қалды. Елім азат, басым азат болсын деп қанша еріміз атқа да қонды. Бәріне қазақтың осы даласы мен тарихы куә. Қазір де азаттық, демократия адамзат ғұмырнамасындағы басты құндылыққа айналып тұр. Демократияға алғаш болып қол жеткізген мемлекеттер қазір әлемнің алдыңғы, жетекші еліне айналып отыр. Яғни, демократия ең озық тіршілік формасы. Саясат – құбылмалы сала. Пікір алуандығы қоғам мен әлеумет бар жерде міндетті түрде болатын үдеріс. «Әр адам әр түрлі ойлайды, егер барлығы бірдей ойласа – ешкімнің ештеңе ойламағаны» деген әлемдік философияға айналған тұжырымы іспетті. Яғни, саяси көзқарастар үнемі бір жерден шыға бермейтін ұғым. Бірақ саяси ұстанымдардың, пікірлердің даралануы қысымға ұшырамауы тиіс, демократиялық құндылықтың бір ерекшелігі осында. Пікір алуандығына бола азаматтарды саяси дұшпан, саяси тұтқын ретінде санау – кеңестік кездегі тоталитарлық биліктің нышандары. Демократиялық құндылықтарды негізге алған зайырлы мемлекеттерде мұндай көзқарас ұстанбайды.

Тарихи талдаулы бағасын беретін кезін тосып талай тұлғаларымыз жатыр. Жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіп, үлкен деңгейдегі амалдар атқару бүгінгі ұрпақтың мың міндетінің ішіндегі бір парызы. Осы тұжырымды ұлт болып ұққан күннен бастап аштық пен саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні шынайы траурлық мәнерде өтпек.

Ж.Жетібай, гуманитарлық пәндер магистрі, ЖСДП Ақтөбе облыстық филиалының кеңес мүшесі

Смотрите также: