Майлан ауылының халқы жергілікті жерде барлау жүргізілуіне қарсы болып отыр

Ақмола облысы Ерейментау ауданының Майлан (бұрынғы Новомарковка) ауылының халқы жайылымдық және шабындық жерлерде жер қойнауын пайдаланушы компанияның барлау жұмыстарын жүргізуіне қарсы. Жергілікті тұрғындар осындай уәжбен ЖСДП-ға хабарласқан еді.

Жақында Майлан ауылының жергілікті атқарушы органы аталған мәселе бойынша ауыл тұрғындарымен қоғамдық тыңдау өткізді.

Аудандық мәслихат депутаты Ержан Биекеновтың айтуынша, әңгіме жалпы ауданы 7 мың гектарға жуық жер телімі жайында болып тұр, онда ауылдық округтің барлық малы жайылып жатыр. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл жерлер өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап жайылым ретінде пайдаланылып келеді. Құжат бойынша ол ауыл шаруашылығына арналған.

Алайда тұрғындардың айтуынша, осы жер телімдерін кезінде он жылға алған Жәнібек Төлепбергенов есімді азамат оны «Қызылту» ЖШС-на сатып жіберді деп қауіптеніп отыр.

‒ Олар жер қойнауын пайдаланғысы келіп отыр. Геологиялық барлау (разведка) кезінде сол жерден алтын табылды, бастапқыда молибден өндіреді деп айтылған, ‒ дейді Ержан Биекенов.

Оның сөзінше, жер қойнауын пайдаланушылардың суды тазарту бойынша экологиялық талаптарды сақтамауы салдарынан қоршаған ортаны қорғау және жергілікті су айдындарындағы судың ластануы бойынша қатер төнбей ме деген алаңдаушылық бар. Жұрт ұңғымадан шыққан жер асты суы көтеріледі немесе жер қойнауын пайдаланған компания суды жерге төге салады, сондай-ақ, айнала шаң-тозаң болады деп наразы. Бірақ «2КИ» ЖШС-ның жетекші геологы Мұрат Бекжанов өз уәжін айтты.

‒ Барлау жұмысының негізгі әдістері – ұңғымалар бұрғылау. Шанақты (шнековое) бұрғылау кезінде ұңғыма соншалықты таяз болмайды, әдетте тереңдік 10-20 метр болады. Ал жердің астындағы пайдалы қазбаларды барлауға арналған бағаналы (колонковое) бұрғылаудың тереңдігі – 200-300 метр, 600 метрге дейін де жетуі мүмкін. Сіздердің аумақтарыңызда орташа тереңдігі 200-250 метрлік ұңғыма жасау жоспарланған. Бағаналы ұңғымалар Ешкіөлмес кен орнының маңында бұрғыланады. Бұл жерде шамамен 15 ұңғыма, ал Бестоғай округымен шекарада 8 ұңғыма бұрғылануы мүмкін. Неліктен мүмкін деп айтып отырмын, себебі бұл – барлау жұмысы ғана. Бұрғылау Бестоғай ауылдық округінде басталады. Егер оң нәтиже алсақ, бұрғылау жұмысы сіздердің ауылдық округтеріңізге қарай жалғасады. Егер деректер теріс болса, жұмыс бірден тоқтайды», ‒ дейді «2КИ» ЖШС-ның жетекші геологы Мұрат Бекжанов.

Атап өту керек, жобаның тапсырыс берушісі – «Қызылту» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ержан Биекенов аталған Серіктестіктің 2022 жылдың қараша айына дейінгі құрылтайшысы Ресей Федерациясының азаматтары болғанын атап өткен еді: Александр Клебанов 49% үлесімен және Василий Анисимов 51% үлесімен. Алайда осы жиналыста оның өкілдері төбе көрсетпеді. Жергілікті халыққа аса белгісіз «OZU Metals» ЖШС мен «2К» ЖШС-ның өкілдері болды. Ал о баста ауыл тұрғындарына ашық жиналыс түрінде өтетін қоғамдық тыңдау «Қызылту» ЖШС-мен өтетіні хабарланған екен.

‒ Алғашында «Қызылту» ЖШС ғана айтылып келді. Енді «2К», «OZU Metals» дегенді естіп отырмыз, халыққа бұл компаниялардың қайдан пайда болғаны түсініксіз. Сіздерді қалай бір-біріңізбен байланыстысыздар? ‒ деп анықтады ауылдық округ депутаты Ержан Биекенов.

Мұны «OZU Metals» ЖШС-ның бас директоры Дина Асубаева былай түсіндірді: «Біздің компания 2023 жылдың қазан айында құрылды. Қазір «Қызылту» компаниясымен арамызда келісімшарт жасалды.

Тиісінше ол барлау жобасын бастау үшін «2К» жобалық ұйымын жалдады. Өткен жылы «Қызылту» өзінің келісімшарттарының бір бөлігінен, оның ішінде осы барлау келісімшартынан бас тарту туралы шешім қабылдады. Қазіргі уақытта құжаттарды қайта ресімдеу процесі жүріп жатыр. Бізге тек барлау блоктарын беруде», ‒ деді ол.

Алайда жиналған жұрт оған: «Қолдарыңызда ресми құжат болмай жатып, сіздердің бұл жерде жиналыс өткізуге ешқандай құқықтарыңыз жоқ», ‒ деп шу ете қалды. «OZU Metals» ЖШС-ның құрылтайшысы кім екенін сұрап еді, аты беймәлім еуропалық компания болып шықты. Кипр елінде орналасқан екен.

Сонымен қатар, «OZU Metals» компаниясы директорының орынбасары Ресей азаматы екені жергілікті тұрғындардың күдігін одан сайын арттыра түсті.

‒ ҚР Конституциясының 6-бабы 3 тармағы бойынша жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Сіздер қазір халықтың алдына келіп, жобаларыңызды қорғап тұрсыздар. Бірақ біз жобаның шикі екенін көріп отырмыз, ‒ деп атап өтті ЖСДП-ның Астана қалалық филиалының төрағасы Талғат Омаров.

Мұнымен келіскен тұрғындар алған бетінен тайынбайтынын білдірді.

‒ Сіздер бізді мына жерге не үшін жинадыңыздар? Ұңғымаларды бұрғылауға рұқсат алу үшін. Мұндағы халық оған рұқсат бермейді. Осымен сөзді доғарайық. Онсыз да жұмысымыз көп. Ал сіздер араға бір-екі күн салып бізді жинай бересіздер. Жоқ дедік пе, демек, жоқ, ‒ деп кесіп айтты жергілікті тұрғын. Отырған жұрт та ду қол шапалақпен қолдады.

ЖСДП баспасөз қызметі