Мектептің керек-жарағын көп ата-ананың қалтасы көтере ала ма?

Әне-міне дегенше жаздың соңғы айына да жеттік. Жыл сайынғы үрдістің бірі, тамыз айында ата-аналар балаларын мектепке даярлауға кірісіп кетеді. «Қатарынан кем қылмайын» деп әуреленген ата-ана мүмкіндігінше баласына тәуір киім әперуге тырысады. Бірақ та ата-ана да қалтасындағы қаражатына қарай таңдау жасайды. Көбінесе Қытай мен Қырғызстаннан келетін мектеп формаларын сатып алады. Себебі өзге өндірушілердің тауарларына қарағанда әлдеқайда арзанырақ.

Шілденің аяғынан бастап, тамыздың басында сауда орталықтары мен базарларда мектепке керекті тауарлармен сөрелерін толтырып қояды. Тауардың көптігі сонша, қайсысы жақсы сапада екенін ажырата алмайсың. Ата-аналар базардағы бағасы қолжетімді арзан тауарлардың сапасы сын көтермейтінін айтады. Ал орташа сападағы керек-жараққа әркімнің қолы жете бермейді. Осы орайда ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының мамандары базарларды аралап, оқушы киімдері мен оқу құралдарының бағасын шолып шықты.

Қызылорданың 40 градус ыстығына қарамай сауда орталықтары мен базарлары адамдарға лық толы. Ата-аналар өзімен бірге балаларын ертіп алып мектеп керек-жарағын алу дайындығына кірісіп кеткен. Сонымен, оқу құралдары мен киімдердің бағасын назарларыңызға ұсынамыз.

1 сынып пен 4 сынып аралықтағы ер балаларға костюм-шалбардың бағасы 9000 теңгеден басталып 25000 теңгеге дейін екен, әрине сапасы жақсы киімдердің бағасы да жаман емес. Ақ жейделер 3000 теңгеден 10000 теңгеге дейін, классикалық және спорттық аяқ киімдеріне келсек 6000-нан 15000 теңге аралығында. Бұдан бөлек қыз балаларға сарафандар мен белдемшелер сапасы мен әдемілігіне қарай 5 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ ауыстырып киетін оқу формасы, спорт киімі, аяқ киімі, бантик сияқты ұсақ-түйектері бар. Оқу жылының соңына дейін әр маусымға сай алынатын аяқ киім мен сырт киімдерін қосыңыз. Шыны керек барлық оқу құралдар бірдей болғанымен әр сауда орындарында бағалары әртүрлі. 500 теңге мен 1000 теңге көлемінде айырмашылық бар.

Бұдан бөлек осы киімдердің түрі, түсі мен формасы баланың баратын мектебінің талабына сай болуы қажет. Олай болмаған жағдайда ата-аналар қайтадан киімдер сатып алуға мәжбүр болады немесе арнайы тігін шеберханасына барып, талапқа сай тіктіруі қажет. Тігін шеберханалары да арзан баға сұрамайды. Кемінде 20000-35000 теңге аралығында.

Баланың сабақта пайдаланатын ұсақ-түйек заттарына да аз қаражат жұмсалмайды. Мәселен, 12 парақтық жол көз бен тор көздің ақ түсі 23 теңгеден 30 теңгеге дейін болса, қара түсі 15 теңгеден 18 теңгеге дейін, қалыңдығына қарай 200-250-300 теңге. Өшіргіш 150 теңгеден 300 теңгеге дейін, ал бояу қарындаштары 500-1500 теңге көлемінде, күнделіктің өзі 500-1000 теңге. Бұл, бір тоқсанға қажетті құралдар ғана. Яғни, орташа бағаммен 15000 теңге қажет деген сөз.

Сонымен, шолуымызды нақтылай келе бір балаға 70000-90000 теңге көлемінде қаражат қажеттігін байқадық. Көп балалы ата-аналар үшін бір айлықтың өзі де жетпейтіні анық. Қалай десек те, баланы мектепке дайындау ата-ананың міндеті. Қай ата-ана болмасын баласына жаңа мектеп формасы мен оқу құралдары сай болғанын қалайды. Осындай кезеңде барлық жабдықтар қолжетімді болған дұрыс-ақ. Бірақ балалар киімінің қымбаттығы қалтаға әжептәуір салмақ. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз жүрген талай отбасының тәп-тәуір киім алуға қалтасы көтере бермейді. Сондықтан базар бағасын бір қалыпты жағдайда сақтап тұруға септігін тигізетін тиісті орындар осындай мезгілде қарап қалмаса екен дегіміз келеді. Әрине, елімізде жеңіл өнеркәсіп дамымай түк өзгермейтіні белгілі. Сондықтан жеңіл өнеркәсіп жетіліп кетсін десек, мемлекеттік қолдаулардан кенде қалдырмағанымыз жөн.

PS. Оқушы қажеттіліктерін бағамдап жүргенде, бізге бірқатар ата-аналар облыста орын алып жатқан мәселеге орай шағымдарын жеткізді. Яғни, мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс істейтін балабақшалар мен үйірмелерге қатысатын оқушыларды «Face ID» тексеруден өткізу жобасы. Жергілікті билік тізімге жалған оқушыларды қосып жібермеу үшін, мемлекет қаржысының қолды болып кетпеуінен сақтау мақсатында қолданысқа енгізген жаңа жобаға ата-аналар қарсылықтарын және сенімсіздіктерін білдіруде. Олар балаларының биометриялық дерегі алдағы уақытта интернет желісі арқылы арам пиғылдылардың қолына түспесіне кепіл жоқ дейді.

Бүгінде облыстағы 37 мың бала өнер және спорттық үйірмелерге қатысады. Осы үйірмелерге қатысатын жеткіншектер күнделікті сабаққа келгенде ұялы телефон арқылы суретке түсіп, өзінің бар екенін көрсетуі тиіс. Осыған қапалы ата-аналар балалардың биометриялық дерегін сертификатталған құрылғымен емес ұялы телефон арқылы жүзеге асыру заң талаптарына қайшы және жеке орталықтарға бақылау жүргізудің өзге де тетіктерін қарастырса дейді.

Бұл жоба былтыр балабақшаларға енгізілген болатын, енді үйірмелерге де талап етуде. Дегенмен, жақсы жобаның өміршеңдігі үшін алдымен әрбір баланың биометриялық дерегін алу үшін ата-ананың рұқсаты керек екендігін және құқықтық тұрғыда заңдастырылуы қажеттігін жергілікті биліктің назарына ұсынамыз.

ЖСДП Қызылорда облыстық филиалы